Желтоқсанда коронавирус жұқтыру 2,3 есе артты – министрлік

«Желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 2,3 есе артты. Қарашада 2169 жағдай, желтоқсанда 5127 жағдай тіркеліп отыр. Эпидемиологиялық жағдайды бақылау матрицасына сәйкес 12 тамыздан бастап барлық өңірлер жасыл аймақта. Алайда, еліміздің 13 өңірінде R көрсеткішінің жоғарылауы байқалады. Бұл инфекция таралуының өскенін көрсетіп отыр.
Министрліктің атына аталған індеттің таралуы бойынша шектеу шараларына қатысты көптеген сұрақтар келіп түседі. Қолданыстағы шектеу шараларына сәйкес, R көрсеткіші 1-ден жоғары деңгейге жеткенде шектеу шаралары енгізіледі. Атап айтсақ, халық көп жиналатын орындарда маска тағу», - деді Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ вице-министр COVID-19-дан сақтанудың жалғыз амалы вакцина алу екенін еске салды.
«Бүгінде халықтың 70,5% вакцина алды. Ревакцинациядан 1,2 млн адам немесе халықтың 54,8% өтті. Тәулігіне орта есеппен 120 адам коронавирусқа қарсы екпе алып жатыр. Қазір елде 98 мың QazVac, 306 мың Sinofarm және 71 мың доза Pfizer вакцинасы бар», - дейді ол.