Желтоқсанның жантүршігерлік сәттері жадымыздан өшпейді – Жанболат Ешов

Тәуелсіздікке қазақ халқы оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Ата-бабаларымыздың сан ғасырға созылған азаттық жолындағы күресі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде жалғасын тапты. Жалындаған жастар сол кездегі Кеңестер одағының кадрлық саясатына қарсылығын ашық білдіріп, алаңға шықты. Солардың арасында болған Теректі ауданы Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектебі көркем еңбек пәнінің мұғалімі, «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жанболат Ешов басынан кешкенін Kazinform тілшісіне әңгімелеп берді. 

Желтоқсан
Фото: Ж. Ешовтың жеке мұрағатынан

– Жанболат Есенғалиұлы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы айтып берсеңіз...

– Желтоқсан көтерілісі осы күні кешеге дейін Желтоқсан оқиғасы болып айтылып келді. Шын мәнінде бұл қазақ жастарының отаршылдық саясатқа қарсы көтерілісі екенін мойындайтын уақыт болды.

Ол кезде мен Алматы қаласындағы Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) көркемсурет факультетінде, екінші курста оқып жүргенмін.

Әлі есімде, 1986 жылдың 16 желтоқсан күні, сағат 8.00-де бірінші сабақ педагогика әдістемесінен семинар-сабақ болатын. Оқу орнының жертөлесінде сабаққа жиналып жатқанбыз. Пәтерден келетін студенттердің бірі «Қазақ КСР Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевты алып тастап, орнына бөтен біреуді қойыпты, кеше телевизордан айтты, не істейміз?» деді. Өзі ме, әлде басқа курстастардың бірі ме, «Көтеріліске шығу керек» деген сөздер айтылғаны есімде. Апай келіп, сабақ басталып кетті. Ол кісі де біздің қойған сұрағымызға мардымды жауап бере алмады.

Екінші сабақ бос болатын, жатақханаға қайтып келе жатқанда, есік алдында милиционерлер жүрді. Мен жігіттердің соңында келе жатқанмын, бір қазақ милиционер жігіті «Жастар алаңға кетіп бара жатыр ғой, қосылмайсыңдар ма?» деді. Мен оның сөзіне мән бермей, жігіттердің соңынан ішке кірдім. Сол кезде көше жақтан жастардың айқайлаған дауыстары естілді. «КазПИ – позор! Қорқақтар, шығыңдар, қосылыңдар!» деген сөздер қатты намысқа тиді.

Сөйтсек, шеруге шыққан жастар Совет көшесінде орналасқан оқу орнының бас ғимаратының алдына келіп, есіктері тарс жабылған ғимараттың ішіне кіре алмай, реніштерін білдіріп, жатақхананың тұсынан өтіп бара жатқан кезі екен. Бөлмедегі жігіттерге жаңағы милиционердің айтқанын жеткізіп едім, олар да «Кеттік!» деп қолдай кетті. Арамызда «Қойыңдар» деп қарсы шыққандар да болды, бірақ бір топ жігіт сыртқа шықпақшы болғанда, есікті жауып тастап, вахтаның алдынан органның адамдары мен ұстаздарымыз жібермей қойды.

– Содан...

– Екінші қабатқа көтеріліп, терезеден секіріп, қашып шықтық. Бұл кезде шеруге шыққан жастар легі Совет көшесінің бойымен ЖенПИ-ға (қазіргі ҚызПУ) бет алып барады екен. Біз қосылдық, жолшыбай басқа да жастар қосылды, шерушілерді тоқтатпақ болған ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің әрекетінен түк шықпады. Қолға түсіріп, машинаға мінгізіп алмақшы болған жастарды топырлаған топ құтқарып алып жатты. Намысқа бой алдырған жастар милициядан еш қаймықпады.

Бейбіт кетіп бара жатқан шерушілерге біреулер таяқтар үлестіріп, қаруландыра бастады. Көшедегі автобустарды тоқтатып, әбес қылықтар көрсеттті. Ұмытпасам, Абай даңғылына жеткенде, қолындағы таяқтарымен бір ғимараттардың терезелерін қиратқаны есімде. Сөйтсек, бұлар арнайы қосылған арандатушылар екен. Не керек, сол кездегі Мир (қазіргі Желтоқсан) көшесімен алдымызда күтіп тұрған тосқауылды бұзып, Брежнев атындағы жаңа алаңға жеттік.
Алаңда да біраз жастар жиналған екен, келесі жақтан Фурманов көшесімен тағы бір лек келіп қосылды. Үкімет үйіне қарай баратын жолды солдаттар мен милиция қызметкерлері тізбектеліп жауып тұрды. Мінбеге үкімет адамдары шығып, жастардың тарауын өтінді. Ал жастар Д.А.Қонаевтың орнынан не үшін босатылғанын, неге басқа ұлттың адамы басшылыққа сайланғанын түсіндіруді талап етті. Халықтың арасынан бір әйел адам және біздің факультетте бір курс жоғары оқыған (аты есімде жоқ) бір жігіт трибунаға шығып, жиналған жастардың талабын жеткізді.

желтоқсан
Фото: Ж. Ешовтың жеке мұрағатынан

Бастапқыда бәрі тыныш, бейбіт түрде өтіп жатқанмен, органның адамдары шетке шыққандарды ебін тауып, ұстап әкетіп жатты. Менің де абайсызда көпшіліктен бөлініп, трибунаға қарай жақындап кеткен сәтімді пайдаланып, еңгезердей екі орыс жігіті жоғарыдағыларға допша лақтырды. Трибунаның үстіңгі жағында тұрғандар әрі қарай тартып алып, тепкінің астына алды. «Прекратить немедленно, убьете его» деген дауыс тоқтатпағанда, шынымен өлтіріп тастар ма еді!? Тұрғызып, өз-өзіме келгенде, әскери киімдегі, иығында погоны бар бір қазақ офицерінің ұрсып жатқанын байқадым. «Жедел жәрдем машинасына апарыңдар» деген бұйрықпен екі жігіт екі қолымнан ұстап алып келе жатты.

– Одан қалай құтылдыңыз?

– Үкімет үйінің алдында толып тұрған машиналарды көрген кезде тез есімді жиып алдым да, құлаған жерде көзілдірігім қалып қойғанын айттым. Сол кезде жаңағы офицер де артымыздан айқайлап, менің көзілдірігімді көрсетті. Қасымдағы жігіттің біреуі көзілдірігімді алып келуге солай қарай беттеді. Осы кезде екіншісі алаңдап, басқа жаққа қарағанын пайдаланып, мен көпшілікке қарай қаша жөнелдім. Қашып келе жатқанымды көрген бір топ жігіт жүгіріп келіп, мені құтқарып алды.

Бейбіт шеруді тағы да арандатушылар келіп бүлдірді. Жоғары жақтың бұйрығымен қорғаныс тізбегінде тұрғандарға дөрекі сөздер айтып, басындағы бас киімдерін жерге лақтырып, ашу-ызаларын тудырды. Осы кезде қақтығыс басталды. Бұл кезде қасымда курстас қыз-жігіттерден басқа ауылдас жерлестерім Мұхтар Нұрланбаев, Қайырболат Ғайсин, Марат Шаймарданов және басқа жігіттер бар болатын. Қақтығыс кезінде қасымдағы бірге барған адамдардан көз жазып қалдым. Ешкімнің көзіне түспейін деп қараңғы көшемен келе жатқанмын, көшенің келесі бетіне өтпекші болғанда, бір жеңіл машина тоқтай қалды. Қазақ жігіті екен, қайда бара жатқанымды сұрады. Түріме қарап, алаңнан келе жатқанымды білген болу керек, сол жақта тұратын апа-жездемнің үйіне апарып салды. Жуынып, жылынып, тамақтанып алғасын, «Қонып кет» деген сөздеріне қарамай, жатақханаға кеттім. Себебі, қасымдағы жігіттердің қайда екені, алаңдағы жағдайдан кейін кім қандай күйде екені мені қатты алаңдатты. Қас қарайып, жатақханаға келгенімде, сабақ беретін оқытушылар әр бөлмені аралап, түсінік жұмыстарын жүргізіп жатты. Біздің жасаған іс-әрекетіміз үлкен саяси қателік екенін айтып, сабамызға түсірмекші болды...

– Толқу келесі күні де жалғасты ма?

– Иә, келесі күні жатақхана студенттері топтасқан түрде Комсомол көшесін бойлап, Ленин даңғылымен алаңға бет алды. Кураторымыз, марқұм Қайырғали Омарбеков, тағы басқа оқытушылар алдымыздан шығып, бізді тоқтатпақ болды. Бірақ жастарды райынан қайтару мүмкін емес еді. «Менің Қазақстаным» әнімен Жаңа алаңды бетке алған жастарды әнші Роза Бағланова апамыз тәртіп бұзбауға үгіттеп жүрді. Алаңға жақындағанда, автобустың төбесіне шығып, бір ақын ағамыз өлең оқып, жастарға рух беріп жатты. Алаңға жеткенде, жиналғандар саны бірінші күнге қарағанда, екі-үш есе көп екен. Трибунаның үстінде, төменгі жағында қаптаған формалы адамдар. БТР әскери техникасына ерген әскери машиналардан қаруланған солдаттар түсті. Осы кезде алаңға шыққан жастар мен биліктің сойылын соғушылардың арасында қатты қақтығыс басталып кетті. Қолдарындағы сойылдарымен, саперлік күректерімен қаннен-қаперсіз тұрған жастарды жігіт, қыз деп қарамастан, аяусыз ұрып, соға бастады. «Жабайы иттерше бір адамға 4-5-еуден жабылып сабап жатқан жендеттер», айнала у-шу, азан-қазан шыңғырған дауыстар. Алаңға өрт сөндіруші машиналар келіп, жастарға су шаша бастады. Үсті-басымыз малмандай су, күн салқын. Құлап, қолға түскендерін қойша сүйреп, автобустарға тиеп әкетіп жатты. Кейін білдік, ұсталғандарды неге қамамады десек, Алматыдағы абақтыларға сыймағандықтан, біздерді ұрып-соғып, автобустармен қала сыртына апарып тастаған екен. Қақаған аязда, қатты жарақат алып, қасымдағы жігіттердің көмегімен жатақханаға жеттім. Бірақ ол жігіттердің кім екені жадымда қалмапты. Бөлмедегі жігіттерге: «Ұстап алып, қамап тастай ма деген қорқынышпен қашып-пысып, тас қараңғы жеті түнде жан сауғалап, жетер жерімізге әрең жеттік» депті. Жатақханаға келсем, әбден таяқ жеп, бірін-бірі жұбатқан жастар, бөлмелерді аралап, жоқ студенттерді іздеп жүрген жора-жолдастары, қаралы үйге жиналғандай үрпиісіп отырған қыз-жігіттер. Алматыға арман қуып келген жастардың өте бір сүреңсіз, қайғылы сәттері осы күндер шығар. Аллаға мың алғыс, таяқ жегендері болмаса, бәрі де аман екен.

желтоқсан
Фото: Ж. Ешовтың жеке мұрағатынан

– Жаралылар қалай емделді?

– Жедел жәрдем шақыру немесе жарақатыңмен дәрігерлік көмекке жүгіну сол кездегі жағдайларға байланысты қауіпті еді, сондықтан әркім өз мүмкіндігінше жан сауғалауға мәжбүр болды. Кураторымыз Қайырғали ағайымыз жатақханаға келіп, түрлерімізді көріп, шошып кетті. Таныс дәрігерін алып келіп, ешкімнің көзіне түспей, бір бөлмеге жатып, емделуімізге кеңес берді. Алла разы болсын, бірінші аман қалғанымызға, сосын сол ағайымыздың арқасында оқуымызды аман бітіріп шыққанымызға тәубә.

Әрине, қаншама қазақ жастары құрбан болды, қаншасы оқудан шығарылып, жұмыстан қуылды, қаншасы әлі сол зұлымдықтың зардабын шегіп жүр?! Сол кезде алаңға шығып, желтоқсан куәгері болған жандар мұны естерінен еш шығармайды. Болашаққа бұрмаланбай жетуі үшін Желтоқсан көтерілісіне қатысқан әр адам өз естелігін жазып қалдыруы керек деп ойлаймын.
Менің айтып отырғаным, жантүршігерлік сәттердің бір көрінісі ғана. Менен де бетер зәбір көрген, сол кездегі солақай саясаттың зардабын шеккен, тіпті әміршіл жүйенің қатыгез тепкісіне төтеп бере алмай, өмірден өтіп кеткендері қаншама?!

– Сол күндері алаңда болғаныңыз үшін кейін өкінген жоқсыз ба?

– Өз басым сол кезде алаңда болғаным үшін қуанбасам, еш өкінбеймін. Тек шындықты бұрмаламай, кейінгі ұрпаққа сол кездегі қазақтың қаршадай ұл-қыздарының жанкешті қайсарлығын, ержүректілігін, елімізді, жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған ата-бабаларымыздың ерлігінің жалғасы ретінде насихаттап, Желтоқсан көтерілісінің тарихи дұрыс бағасын алуына атсалысуға әзірмін.

– Желтоқсан оқиғасы өміріңізді қаншалықты өзгертті?

– Біз, Мұхтар Нұрланбаев екеуміз бұрынғы Тайпақ ауданы Қурайлысай ауылында туып-өстік. Мұхтар және бүгінде марқұм Асқар Өтегенов үшеуміз фотоға бірге түсіп қалған екенбіз. Бұл сурет Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы қарсаңында ғана жарияланып, өзімізді таныдық. Төменгі жағында қақ ортада көзілдірікпен тұрған менмін. Біз түскен фотоның түпнұсқасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде сақтаулы екені жөнінде арнайы құжат та алдық.

Біз, сол кездегі жастар саясатқа мүлде мән бермедік. Әскер қатарына барып, басқа ұлт өкілдерімен танысып, Балтық жағалауындағы елдердің ұлтжандылығын, Кавказ халықтарының тіліне деген құрметін көрдік. Әскерден келіп, санамыз жаңа ояна бастаған кезде осы оқиға отқа май құйғандай лап ете түсті. Сол кездегі қазақ жастарының жанарынан бала кезімізде кітаптардан оқыған, кинолардан көрген батыр ата-бабаларымыздың болмысын көргендей болдым. Сол кезде орыстанып кетуге аз-ақ қалғанымызды толыққанды түсіндім.

– Аталмыш оқиғаның өткеніне қырық жылға жуықтады. Оны халық жадында қалдыру бағытында не істеу керек деп ойлайсыз?

– Екі жылға жуықтады, «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі құрылып, өз облысымыздағы Желтоқсан ардагерлерінің басы қосылды. Кейінгі ұрпаққа Желтоқсан көтерілісінің шынайы тарихын қалдыру үшін жұмыстар басталып кетті. Осы желтоқсан айы басталысымен халықпен жиі кездесіп, әсіресе, мектеп оқушылары мен жастарға Тәуелсіздік әр ұлт үшін ең қасиетті ұғым екенін түсіндіріп, түрлі іс-шаралардың куәсі болып жүрміз. Орал қаласында Желтоқсаншылар саябағын ашу туралы билік өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Желтоқсан қаһармандарының қатарында аталмай жүрген батыр қызымыз, қазіргі Ақжайық ауданы Қабыл ауылында дүние есігін ашқан, сол кезде қаза тапқан Гүлзада Нәбиқызы Халелованы ақтау жұмыстары жүргізілуде. Өз облысымыздың Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ардагер батырлардың естеліктер жинағын кітап етіп шығару ойымызда бар. «Желтоқсан 1986» монументінің жобасы ұсынылды. Басқа да атқарылатын жұмыс көп, тек әлі де жалтақтау бар ма, билік тарапынан қолдау төмен болып отыр.

– Сол кездегі жастардың бойында отаншылдық рух басым болды ма?

– Ол кезде бәріміз де Отанымыз – Кеңестер Одағы деп есептедік қой. Отаншылдық рух бізге ана сүтімен берілді, мектепте Отанымызды сүюге үйретті, жастарға патриоттық тәрбие жоғары деңгейде жүргізілді. Ал Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының бойында ұлтжандылық қасиетті тұтатты. Сол кезде Отанымыз Қазақстан екеніне, қазақтың басындағы мәселені тек қазақ басшы түсінетініне көз жеткіздік. Отанды сүю дегеніміз – өз ұлтыңды сүю екен, өз тіліңді құрметтеу екен, жазылмаған қазақтың дала заңына мойынұсыну керек екен. Отаншылдық рух деген осы болса керек.

– Әңгімеңізге рахмет! Арман-мақсаттарыңыздың орындалуына тілекшіміз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тарихшының Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық белестер жаңаша зерделеніп жатқаны жөнінде айтқанын жазған едік.

Сондай-ақ Елдос Тоқтарбай Күншығыс пен Күнбатыс Алашорда деген қолдан жасалған қате ұғым екені жөнінде пікір білдірді. 

Соңғы жаңалықтар