Жемқорлардан тәркіленген 120 млрд теңге білім беруді қолдау қорына түсті
Мәлім болғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» жіберіліп жатыр. Қазіргі кезде арнайы шотта 120 млрд теңгеге жуық қаражат жиналған. Олар мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалатын болады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекет қаржысының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Еске салайық, Президент Тоқаев былтыр 1 желтоқсанда жариялаған Жолдауында: «Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс», - деп атап өткен болатын.
Жолдау жарияланған бір айдан астам уақыттан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» есепшотына 50 млрд теңге түскенін мәлім етті. Оның мәліметінше, бұл қаражат орын тапшылығы бар, үш ауысымда білім беретін және апатты жағдайдағы мектептері бар өңірлерде жаңа нысандар салуға бағытталатын болады.