Жемқорлардан тәркіленген 153,3 млрд теңгеге мектеп салынады — Антикор

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде жемқорлықпен айыпталған тұлғалардан тәркіленген қаражатқа салынған 61 мектеп пайдалануға берілді.

мектеп
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат білім беру инфрақұрылымын қолдауға арналған арнайы қорға жіберіледі. Ол қаржы кейін мектеп, өзге де әлеуметтік нысандарды салуға бөлінеді. Аталған қор құрылғаннан бері 153,3 миллиард теңге аударылды, оның барлығы мектеп салуға бағытталады. Жоспар бойынша 100 мың оқушыға арналған 89 мектеп салынады. Бүгінде 61 мектеп пайдалануға берілді, 74 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Салынған мектептердің 29-ы ауылдық жерде орналасқан. Биыл 22 мың оқушыға арналған 28 мектеп салу жоспарланып отыр, — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Мақсат Иманғазин баспасөз туры барысында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Мақсат Иманғазин
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сондай-ақ спикер аталған бағыттағы жұмыс жалғасатынын айтты. 

— 2022 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 1 триллион теңгеден астам қаражатты қайтарды. Қаражатты қайтару — қылмыстық іс аясында тергеу барысында, сондай-ақ келтірілген залалды ерікті түрде өтеу арқылы және сот шешімі бойынша мүлікті тәркілеу жолымен жүзеге асырылады, — дейді ол.

Айта кетсек, бүгінде қайтарылған активтер қаражаты есебінен 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып жатыр

Соңғы жаңалықтар