Жемқорлық әрекеті дәлелденгендер сайлана алмайды – Конституциялық реформа

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші  отырысында Ата заңға жемқорлардың сайлану құқығын шектейтін норма енгізуді ұсынды.

Нұрлан Бекназаров
Фото: Конституциялық сот

- Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған және сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ. Сонымен қатар сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасауда кінәсі сотта белгіленген тәртіппен танылған азаматтардың сайлануға құқығы болмайды, - деді ол.

Оның пайымдауынша, бұл қоғамның талабына сай норма болмақ.

- Бұл жаңашыл нормадағы ерекше назар аударатын түзету қазіргі таңда қоғамда өте жағымсыз сипат алған сыбайлас жемқорлық қылмыс және құқық бұзушылық әрекеттеріне қатысты талаптардың қатаңдатылуы болып саналады, - деді Нұрлан Бекназаров.

Дәл қазір Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр. 

Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасында мәтін трансляциясы болады.

Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум