Жемқорлық туралы заңды жұртшылық жетік білуі тиіс

Ол өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады. Қазақстан Республикасының №267 «Сыбайлас жемқорлыққа күрес туралы» заңы 1998 жылы 2 шілдеде қабылданды. Бұл заңның ерекшелігі - билік басындағы лауазым иелерінің қызмет бабын жеке басының мақсаттарына пайдалануына, келеңсіз әрекеттерге баруына тосқауыл қоюға ықпалды екендігінде. Қызметтік міндетіне жатпайтын әрекеттері әшкере болған лауазым иесі аталған заң негізінде жауап береді.
Мемлекет мүддесіне, халықтың мемлекетке, заңдарымызға деген сеніміне нұқсан келтіретін лауазым иесінің теріс әрекеті жазасыз қалмауы керек. Қазақстан - ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған бірінші және бірден-бір мемлекет.
Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының барысы Елбасының жеке бақылауында тұр. Сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселелері, оның пайда болуы, онымен күрес жүргізудің қылмыстық-құқықтық құралдары қызу пікір таластар туғызу үстінде. Осыған ұқсас қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Осыған орай, мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қол сұғуды болдырмау ең маңызды мәселе екені ақиқат. Өйткені, мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесіндегі әртүрлі үрдістердің реттеушісі болуы тиіс. Алайда жемқорлықпен күрес барысы күн сайын қарқын алып келеді дегенімізбен, жегіқұртқа айналған осы бір қатерлі дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің қатары да уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Сол себепті де мемлекеттің ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ең басты назары экономикалық даму процестерінің басқарылуына, ұйымдық-құрылымдық буындардың тиімді жолдарына, ішкі өзін-өзі бақылау жүйесін құруға және қылмыстылықты тазартуға аударылуы қажет.
Мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтындардың өзгенің тағдырына, жұмысына деген немқұрайдылығы, тоңмойын шенеуніктердің тойымсыздығы, қарапайым анықтама алу үшін шет-шегі жоқ кезек күткен көптеген азаматтардың жүйкесіне жүк түсіретіні аян. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімділік те жетіспейді. Сол себепті де мұндай ауыр кеселді тек мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен жеңу қиын. Жемқорлықпен күресуді бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады. Осыны шынайы орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан-дүниесін ұдайы таза, адал ұстауы тиіс. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның тежеусіз дамуына үлес қосқан болар еді.
Сондай-ақ құқығы бұзылған азаматтар дер кезінде құқық қорғау органдарына хабар бермегендіктен, кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Осындай олқылықтарға жол бермеу үшін, халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыратын шаралардың болуы керек-ақ. Жұртшылық өздерінің құқықтарына қарсы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет.
Шиналханов