12:24, 21 Ақпан 2017 | GMT +5
Жемқорлыққа жол берген 2 лауазымды тұлға ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы пара алған 2 лауазымды тұлғаны ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, аталған бюро мәліметтеріне сәйкес, Ақмола облысында құрылыстың мердігерлік шартын жасауға жәрдем бергені үшін 2,5 млн. теңге сомасында пәтерді жөндеу түрінде мүліктік пайда тапқан Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ж.Қалабаевтың қылмысы әшкереленді.
Сондай-ақ Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті кедендік бақылау бекеті бөлімінің басшысы С.Шегай ұсталды.
Ол кәсіпкерден 5,5 млн. теңге мөлшерінде анықталған кеден бажын өндіріп алу және қайта есептеу бойынша шараларды қолданбау үшін 3 мың АҚШ долларын пара түрінде алғаны үшін күдікке ілініп отыр.
Қазіргі уақытта екеуі де ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.