Жемқорлықпен күрес нәтижесі қабылданған бағдарламалардың саны мен сапасына байланысты емес - саясаттанушы Р. Жұмалы

Бүгін Алматыда өткен «Қазақстан Республикасының 2011-2015 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасына ұсынымдар жасау» атты дөңгелек үстел жиынында осындай пікір айтылды.
«Жемқорлық - біздің қоғамымыз үшін саяси тұрғыдан алғанда да, экономикалық тұрғыдан да үлкен кесел. Себебі халықаралық терминологиядан алып қарайтын болсақ, «жемқорлық» сөзінің екінші мағынасы - «іріп-шіру». Яғни бұл саяси, экономикалық, рухани тұрғыдан сол мемлекеттің, сол қоғамның рухани азуына әкеп соқтыратын маңызды көрсеткіш. Қазақстанның қазір халықаралық рейтингтерде алып отырған орны шын мәнісінде көңіл көншітпейді. 2011 жылы «Транспэренси Интернэйшнл»ұйымының бағалауынша, Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 120-орында тұр», - дейді «Эксклюзив» журналының редакторы, саясаттанушы Расул Жұмалы.
Оның пайымдауынша, шын мәнісінде де бізде ойланатын нәрселер өте көп. Жемқорлықпен күрес жайында түрлі басқосу жиындары көп өтеді. Қызу пікірластар Парламентте де, Үкіметте де жүреді. Қабылданып жатқан заңнамалар да аз емес. Бірақ жағдайдың күрт өзгеруі, оңға басуы байқалмай тұр. ТМД мемлекеттері ішінде Қазақстан жемқорлыққа қарсы күресте ең алғаш бастағандардың қатарында болды. Алғашқы болып тиісті заңнамаларды, бағдарламаларды қабылдадық. Алайда, нәтиже көңіл көншітпейді. 15 жылдың ішінде Қазақстаннан әлдеқайда төмен тұрған бірқатар ТМД мемлекеттері бұл мәселеде алға шығып кетті.
«Менің ойымша, мәселе бағдарламалардың санында, тіпті сапасында да емес. Себебі шетелдегі қолданылған тәжірибелердің бірқатары біздің заңнамаларда көрініс тапқан. Мәселе, жемқорлыққа қарсы күрестегі билік әркетінің пәрменділігі және қоғамның азаматтық ұйымдар арқылы, саяси партиялар арқылы оған белсенді араласуында жатыр. Өйткені халықаралық тәжірибе көрсеткендей жемқорлықпен күрес ең алдымен кешенді шаралардың жиынтығы», - дегенді айтып отыр Р. Жұмалы.
Саясаттанушының прікірінше, кешенді шаралар бірнеше құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі, тиісті құқық қорғау органдарының әрекеті. Екіншісі, қоғамдағы руханият, тәрбие мәселесі. Жемқорлыққа қарсы шығатындай көзқарасты қабылдау. 1-2 жылда тез байып кететін шенеуніктерге теріс ұғым, теріс көзқарас қалыптастыру. Кей кездері бізде осы жетіңкіремей жатады. Үшіншісі, демократияның сапасы мен деңгейі. Төртіншісі, тәуелсіз БАҚ пен азаматтық ұйымдардың мемлеттік органдарға бақылауының күшеюі. Олар бір-бірімен тығыз байланысты және өзара әркеттесіп, қатар жүргенде ғана жемқорлықпен күрес нәтижесі жоғары болмақ.