18:30, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жемқорлықпен күрес үздіксіз жүргізілуі тиіс ? М.Демеуов, Астана қалалық ІІД бастығы
Астана. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ Сыбайлас жемқорлық қылмыс қоғам өзегіне түскен құртпен бірдей. Бірақ өкінішке қарай, «бармақ басты, көз қысты әрекеттерге» өзге түгілі, осы қылмыспен күресуге тиісті құқық қорғау саласының өзінде құрық бойламай тұр.Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы Марат Демеуов тілшімізге берген сұхбатында
осы «індетпен» күрестің барысы туралы айтып берді. - Елбасымыз айтқандай, жемқорлықпен күрес ? намыстың ісі. «Балық басынан шіриді» деген қағидаға сүйенсек, ең алдымен бүкіл республиканың түп қазығына айналған ел ордасы ? Астананың айдынын жемқорлықтан тазартқанымыз жөн. Бұл ретте Астана қалалық Ішкі істер департаменті қандай шаралар атқаруда? - Қазақта «ұрлық түбі ? қорлық» деген нақыл сөз бар. Сыбайлас жемқорлық та ұрлықтың бір түрі. Бейтаныс адамның қалтасындағыны қағып алу немесе ақша беруге «мәдениетті» түрде мәжбүрлеу - ұрлық, тонау емей немене? Бұның арты жақсылыққа апармайды, әрине. Жемқорлықпен күрес белгілі бір мерзімде жүргізілетін науқандық шараға айналмауы керек. Ол тоқтаусыз, үзіліссіз жүргізілуі тиіс шара. Бұл сөздерді Елбасы да ұдайы айтып келеді. Осыған орай қазір «Нұр Отан» партиясының өкілдері де Мемлекет басшысының сөзін екі етпей, жемқорлықпен күрес саласында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Ал Астана қалалық Ішкі істер департаментіне келетін болсақ, біз қазір бұл бағытта нақты шараларды қолға алып отырмыз. Атап айтқанда, бізде қазір бұл іспен, яғни өз ішіміздегі жемқорлықпен күресетін арнайы Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бар. Бұған қоса, департаментте департамент бастығының орынбасарлары мен бөлім бастықтарының қатысуымен ұдайы тәртіптік кеңес шақырылып тұрады. Онда полиция қызметкерлерінің қызмет этикасы және жемқорлықпен байланысты әрекеттері қаралып, олар бойынша нақты шешімдер қабылданып отырады. Естеріңізде болса, өткен жылы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ішкі істер органдарының жанынан қоғамдық кеңестердің жұмысы жолға қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстардан әрине біз де тыс қалған жоқпыз. Біздегі қоғамдық кеңеске елге танымал депутаттар мен саясаттанушылар, журналистер мен қоғам қайраткерлері мүше болды. Жалпы ереже бойынша аталмыш кеңес мүшелері жылына бір рет бас қосуы тиіс. Ал біз өткен жылы 1 рет емес 4 рет бас қосып, өзіміздің толғандырған мәселелерге жауап іздедік. Әрине, жемқорлық мәселесі де қозғалмай қалған жоқ. Кеңес өкілдерінң бірі құқық қорғау органдарының жұмысына оң баға беріп, бірі сынап жатты. Оның да пайдасы зор. Жасыратын несі бар, адам болған соң қызмет бабындағы күнделікті күйбең тірліктермен жүріп, көпе-көрнеу кемшіліктерді байқамай қалатын кездеріміз де болады. Осындай жағдайда «сырт көз сыншы» демекші өзгелердің айтқан ұсыныс ескертпелері жұмысымыздың алға басуына айтарлықтай ықпал етуде. Осы орайда айта кетейін, өздеріңіз де естіп, біліп жатқан шығарсыздар, биылдан бастап, жол полициясы қызметкерлерінің жалақылары 3 есеге артты. Мұндай игі істің барлығы да алдында айтып өткен жемқорлық әрекеттерімен күрес және жол полициясы қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мақсатында қолға алынып отыр. Оның үстіне өздеріңіз білесіздер, Астана болған соң мұндай көптеген мемлекеттердің делегациялары мен жоғары шенді басшылар да келіп жатады. Мұндай жағдайда тәртіп сақшыларының жүріс-тұрысы мен кескін-келбеттері талапқа сай әрі мәдениетті болуы керек. Осы мақсатта біз қызметкерлерімізбен түрлі семинарлар мен жиындар өткізіп тұрамыз. - Астанамыз жыл өткен сайын көркейіп қана қоймай, кеңейіп те келеді. Осыған орай, қала халқының саны да артып, сауда-саттық кеңейіп, іскерлік байланыстар жетіле түсуде. Мұндай жағдайда әдетте қулық-сұмдық, қылмыстық әрекеттер де үдей түсетін әдеті емес пе. Өткен жылдармен салыстырғанда қылмыс деңгейі қалай болып отыр ? - Иә, пікіріңіз орынды. Президентіміздің пәрменімен арқа төсіне ауысқан бас қаламыз жыл өткен сайын құлпырып, әсем қалаға айналып келеді. Ресми деректер бойынша, халық саны да 700 мыңнан асады. Ал шын мәнінде әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Қазір әсем қаламызға көшіп келуге ниет білдіріп отырғандардың қатары өсуде. Шетелден келушілердің де саны айтарлықтай ұлғайып отыр. Сараптама нәтижелеріне сүйенсек, тәртіп бұзу әрекеттерінің басым көпшілігі өзге мемлекеттерден келгендер жасайды екен. Сондықтан қазір көші-қон полициясының қызметкерлері өзге мемлекеттерден келген азаматтар жөнінде және олардың немен айналысып жүргендіктері жөнінде арнайы ақпарат алып отырады. Бұл шара заң бұзушылықтардың алдын алуға айтарлықтай ықпал етеді. Ал Астанада жасалып жатқан қылмыстар өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмендеп отыр. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша, 2007 жылы тіркелген қылмыстардың саны 8,8 пайызға төмендепті. Олардың арасында ауыр қылмыстар 6,1 пайызға, аса ауыр қылмыстар 22,7 пайызға кеміген. Сондай-ақ кісі өлтіру фактілері 6,1 пайызға төмендеп, көлік ұрлау, пәтер тонау сияқты қылмыстар да азайған. Бұны әрине Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қылмыстың алдын алуға бағытталған тиімді әрі тыңғылықты жұмыстарының нәтижесі деп қарауға болады. Өздеріңіз білесіздер, қылмыспен күрес жұмыстары бізде қазір заманауи инновациялық технологиялардың көмегімен жүргізілуде. Қалада соңғы бірер жылда жедел басқару орталықтары іске қосылып, көше қалтарыстарына орнатылған бейнекамералар арқылы ондаған қылмыстар дер кезінде ашылып, жүздеген заң бұзушылықтың алды алынды. Осындай жүйелі шаралардың нәтижесінде қазір қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын тәртіп бұзушылықтардың қатары кеміп отыр. - Полиция қызметінің деңгейі оған деген қоғам өкілдерінің сенімімен өлшенбейді ме? Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде?- Полиция жұмысына сенімділік ? көптеген факторлар арқылы белгіленеді. Бұл азаматтардан түскен арыз-шағымдарды уақытында қарап, шешім қабылдау, қылмыс бойынша тыңғылықты, сапалы тергеу жұмыстарын жүргізу және сотқа жіберу, дер кезінде процессуалды шешімдер қабылдау, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету деген сияқты шаралар негізінде көрініс табады. Бұл бағытта да бізде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Біз оларды алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені бізде қазір азаматтардың арыздары мен шағымдарына және өтініштеріне жедел әрі уақытында жауап қайтарудың жаңа тетігі іске қосылды десек болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір қалалық департамент жанында қоғамдық кеңес жұмыс істеуде. Ашығын айтайын, бұл құрылым қоғамның полицейлерге деген көзқарастарын түпкілікті өзгертті. Өйткені қоғамдық кеңес барысында әрбір арыз бен шағым тыңғылықты тексеріліп, қылмыспен күрестің тиімді тәсілдері ойластырылады. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы қалың көпшіліктің көңілінен шығып, құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысына деген көзқарасқа игі ықпалын тигізді. Бұған қоса, әрбір тұрғын үйден сайланатын консьерждер де полицейлердің халықпен тығыз қарым-қатынаста болып, қылмыстың дер кезінде ашылуына үлкен септігін тигізіп отыр. Біз қылмыспен қоғам болып күрескенде ғана одан нақты нәтиже шығара аламыз. Қазір қала аумағында 503 консьерж жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына ІІД-ң арнайы куәліктері берілген. Өткен жылы олардың көмегімен 158 қылмыстың беті ашылды. Бұл еңбектер ескерусіз қалған жоқ. 1300 қоғамдық көмекші ақшалай сыйлыққа ие болды. Олардың еңбегі дұрыс бағалансын деген ниетпен бас-аяғы 13 млн. теңге үлестірдік.
30 азамат мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
- Ал енді жасөспірім балалар арасындағы қылмыстың алдын алуда нендей жетістіктер бар ? - Астана қаласында осыдан тура 6 жыл бұрын республика бойынша алғаш рет мектеп инспекторлары жүйесі жұмыс істей бастады. Қазір қалада 60-тан астам мектеп болса, оның барлығы мектеп инспекторларымен қамтылған. Біздің сараптама бойынша, әрбір екінші қылмыс жасөспірімдердің үлесінде екен. Кейбір өрімдей балалар аңғалдықтан, білмегендіктен от басып қалады. Өз істерінің орны толмас өкінішке соқтыратынын аңғармайды. Біздің әрбір мектеп инспекторымыз психологиялық тренингтерден өткен, балалармен жұмыс істеу үшін дәрістерге қатысқан. Сондықтан, олардың жұмысы арқылы мектептегі қылмыстардың едәуір азаюына қол жеткіздік. Тұрақты түрде жүргізілетін жедел-сауықтыру шаралары да нәтижесін беруде. Өткен жылдың желтоқсанында жүргізілген «Мектеп» жедел-сауқтыру шарасының барысында құқық қорғау органдарына 165 бала жеткізілді. Кәмелетке толмағандардың 19-ы ішімдік ішіп, қоғамдық қауіпсіздікті бұзған болып шықты. Ал 12 ата-ана баласына тиісті тәрбие бермегені үшін тәртіптік жазаға тартылды. Оқудан бас тартқан 4 жасөспірім арнайы есепке алынды. - Астана қалалық ІІД Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Астана - есірткісіз қала» аймақтық бағдарламасына баса көңіл бөліп отырғанын білеміз. Есірткі саудасымен күрес қалай жүріп жатыр? - «Астана - есірткісіз қала» аймақтық бағдарламасы қабылданған
2 жылдан астам уақытта есірткімен байланысты 959 қылмыс тіркеліп, олардың барлығы да ашылды. Сонымен қатар, есірткіні саудалаумен айналысатын ірі екі қылмыстық топтың көзі жойылып, нашақорлар жиналатын 7 мекен-жай анықталды. Астанаға тұрақты түрде есірткі тасымалдап келген 36 арнаның жолы кесілді. Есірткі сатылатын 147 нүкте жойылып, заңсыз айналымнан 567 килә есірткі заттары алынды. Осы орайда айта кетейік, біздің департаменттің жұмысының басты бағыттарының бірі - нашақорлықпен күрес. Жастардың есірткіге бой алдырмауы үшін жұмыс жасау. Бұл бағытта департамент қызметкерлері түнгі клубтар мен би орындарын үнемі тексеріп отырады. Жастардың ең көп жиналатын орындарын бақылайды. Өткен жылы 1 мың 136 тексеру жүргізілді. Бүгінде қалаға кіреберістердің барлығы қатаң қадағалауға алынып отыр.