Женевада «Манас және Шыңғыс Айтматов» көрмесі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM—Женевада жазушы Шыңғыс Айтматов және «Манас» эпосымен байланысты қырғыз, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде басылған кітаптар, суреттер мен буклеттер ұсынылған көрме ашылды, деп жазады Кабар агенттігі.

Қырғызпатент көрменің Қара-Қырғыз автономиялық облысының құрылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылғанын айтты.
Сонымен қатар, көрме сөрелерінде Қырғызстанда өндірілген өнімдер, қырғыздардың рухани мұрасы саналатын халық киімдері мен құралдары ұсынылған.
Іс-шараның ресми ашылуына қатысқан Қырғыз патентінің директоры Рахат Керімбаева Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы мен «Манас» эпосының бірегейлігі туралы айтып берді.
Қырғызстан делегациясының құрамына мәдениет өкілдері, Карамолдо Орозов атындағы халық аспаптар оркестрінің әртістері кірді.
Айта кетейік, ірі халықаралық іс-шараға Қырғызстаннан 16 адамнан тұратын делегация келді. Олардың ішінде кәсіпкерлер, өндірушілер және Қырғыз патентінің өкілдері бар.