Женевада пластикпен қоршаған ортаны ластаумен күрес жөніндегі келіссөздер сәтсіз аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Женевада 10 күн бойы өткен келіссөздер барысында әлемнің 184 елінің өкілдері пластикпен қоршаған ортаны ластаумен күрес жөніндегі жаһандық келісімге келе алмады, деп хабарлайды AZƏRTAC.
Келіссөздерді басқарған Эквадор өкілі Луис Ваяс Вальдивьесо қатысушылардың ұстанымдарына негізделген екі жоба әзірлеп, Женевада таныстырды. Соңғы нұсқа 15 тамыз күні таңертең жарияланды, бірақ ол неғұрлым ауқымды келісім қабылдауды талап еткен мемлекеттерді қанағаттандырмады.
The Guardian жазуынша, ең үлкен пікірталас жаңа пластик өндірісін шектеу мәселесінде туындады. Бұған қарсы шыққан мұнай мен газ өндіретін елдер, соның ішінде Ресей мен Сауд Арабиясы, пластикті қайта өңдеу және қайта пайдалану бағытында жұмыс істеуді ұсынды. Ал шамамен 100-ге жуық ел пластик өндірісін шектеуді қолдап отыр. Олардың көпшілігі сонымен қатар өндірісте улы химиялық заттарды қолдануды жаһандық деңгейде бақылауға алуға шақырып отыр.
— Мен ашулымын, өйткені көптеген адамның шынайы күш-жігеріне және пікірталастардағы нақты прогреске қарамастан, ешқандай нақты нәтиже болған жоқ, — деді Франция экология министрі Аньес Панье-Рюнаше қорытынды отырыста.
Колумбия делегаты Хандель Родригес келісімге «жай ғана келісімге келгісі келмеген аздаған мемлекеттер» кедергі жасағанын атап өтті. Родригес бұл сөзінде мұнай өндіруші елдерді меңзеген.
Сауд Арабиясы ұсынылған жобалардың ешқайсысы теңгерімді болмағанын, ал соңғы ұсыныс басқа мемлекеттердің пікірлерін көбірек ескергенін айтты.
39 шағын аралдық дамушы мемлекеттердің атынан сөз сөйлеген Палау Республикасы келісімсіз үйлеріне оралатындарына өкініш білдірді.
— Бізде оған ең аз қатыс болса да, тағы бір жаһандық экологиялық дағдарыстың негізгі ауыртпалығын шағын аралдық дамушы мемлекеттер көтеруі әділетсіз, — деді Палау өкілі.
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымы соңғы үш жылда пластик мәселесі бойынша келіссөздерді алтыншы рет өткізді. 5 тамызда Женевада 1000-нан астам делегат жиналды. БҰҰ өкілдері пластик жөніндегі келісімді қолдаушылар оны маңыздылығы жағынан Париж климаттық келісімімен салыстыратынын атап өтті.
Әлемде жыл сайын 400 миллион тоннадан астам жаңа пластик өндіріледі. Егер пластик өндірісіне қатысты жағдай өзгермесе, 2040 жылға қарай бұл көлем 70%-ға артады.
Айта кетелік БҰҰ 2060 жылға қарай пластик қалдықтарының көлемі үш есеге артуы мүмкін екенін айтқан.