Жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан нешінші орынға тұрақтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Юджинде (АҚШ-тың Орегон штаты) жеңіл атлетикадан 2022 жылғы әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат sports.kz ресурсына сілтеме жасап.

Жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан нешінші орынға тұрақтады

Оның қорытындысы бойынша АҚШ құрамасы медальдық есепте бірінші орынды иеленді – 33 медаль (13 алтын, 9 күміс, 11 қола).

Екінші орынды эфиопиялық спортшылар – 10 (4.4.2), үшінші орынды Ямайка – 10 (2.7.1) иеленді.

Қазақстан өзге жеті елмен бірге 22-орынды бөлісті.

Ұлттық құраманың қоржынында бір алтын бар. Оны 3000 метрге кедергі арқылы жүгіру жарысында Нора Джеруто жеңіп алды.

Айта кетерлігі, бұл «алтын» - ел тарихындағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионатындағы ең жоғары деңгейдегі бірінші жүлде болды.

Нора Джеруто жарыстың негізгі фавориттерінің бірі болды.

Ол белгіленген қашықтықты 8:53.02 уақыт ішінде жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды.


Фото: olympic.kz