Жеңіл атлетикадан Астанадағы Азия чемпионатында 31 елдің 360 спортшысы бақ сынамақ

Бұл туралы федерация президенті Даниал Ахметов біріншіліктің алдында өткен баспасөз конференциясында айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 10-12 ақпан күндері елордамыз Астана қаласындағы бірегей кешенде жеңіл атлетикадан оныншы Азия чемпионаты өтеді. Чемпионат ТМД елдері аумағында алғаш рет өткізіліп отыр. Жарысқа 31 елден келген 360 спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар жеңіл атлетиканың 26 түрінен сайысқа түседі. Чемпионат барысында халықаралық дәрежедегі 88 білікті маман төрешілік етеді», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, чемпионат кезінде 201 волонтер көмек көрсетеді.
«ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті ретінде соңғы жылдары бұл спорт түріне деген қызығушылық артып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Ұлттық құрамаға 43 спортшы және 20 жаттықтырушы кіреді. Елімізде барлығы 11 мыңнан астам жеңіл атлет бар», - деді Даниал Ахметов.
Фото: gov.kz