Жеңіс Қасымбек Астана қосымша жылумен қалай қамтамасыз етілетінін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана әкімі Жеңіс Қасымбек екі газ жылу станциясы мен ЖЭО-3 құрылысы жөнінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жеңіс Қасымбек Астана қосымша жылумен қалай қамтамасыз етілетінін айтты

«Қаланы қосымша көлемде жылумен қамтамасыз ету үшін өткен жылы екі газ жылу станциясының құрылысы басталған болатын. Елорданы аралау барысында «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының құрылысымен таныстым. Олардың қуаты құрылысы ұзаққа созылып кеткен ЖЭО-3-тен асып түседі», - деп жазды әкім Instagram-дағы парақшасында.

Айтуынша, аталған екі газ жылу станциясын биылғы жылыту маусымында кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр.

«Сонымен қатар мердігерге ЖЭО-3 құрылысын биыл аяқтау міндеті жүктелді. Осы шаралардың бәрі жылумен жабдықтау көлемін едәуір ұлғайтуға, сол сияқты болашақта құрылыс жұмысы жүретін аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді», - дейді қала басшысы.

Айта кетейік, кеше Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров биыл Астана жылусыз қалуы мүмкін деген болжам айтты.

Мәлім болғандай, «Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобы Астана қаласының ЖЭО-3 құрылысына партиялық бақылау жүргізген. Оның құрамына Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратураның, Астана әкімдігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері кірді.

«Қоғамдық бақылау туралы» Заңға сәйкес, біз елордадағы ЖЭО-3 құрылысының сапасына бақылау жүргіземіз. Нысанның құрылысы 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын білеміз, бұл – ұзақ процесс. Адамдар Астанада жылудың жетіспейтіндігіне шағымданады. Сондықтан, биыл қала белгілі бір дәрежеде жылусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар», - деген болатын кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.