Жеңіс күндерінің даңқы өшпейді...

Шынында адамзат тарихындағы ең қасіретті, зұлматты кезең Екінші дүниежүзілік соғыс болса, сол соғыс қаншама адамды жалмап кетті. Кейбір деректер бойынша, бір ғана Кеңестер Одағының өзінен соғысқа 34 млн. 476 мың 700 адам қатысып, 26,6 млн. адам құрбан болған. Оның ішінде кейбір деректерде соғысқа қатысқан қазақстандықтар саны 1 млн. 200 мың адамды құраса, соның 600 мыңы, яғни әрбір төртіншісі соғыстан оралмаған. Бір сөзбен айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңісі көп құрбандықпен келді.
Тарихшылар 1941-1945 жылдар аралығында орын алған соғыстардың ішінде ең көп адам шығыны орын алған шайқастардың бірқатарын ерекше бөліп тарқатады. Мәселен, Ұлы Отан соғысы кезінде ең көп адам шығыны 1941 жылдың 30 қыркүйегі мен 1942 жылдың 20 сәуірі аралығында Мәскеу үшін болған шайқаста болды. Сондай-ақ 1941 жылғы 8 қыркүйек пен 1944 жылғы 27 қаңтардағы Ленинградтың қоршауда қалуы да көптеген адам өліміне әкеліп соққан. 872 күнге қамауда қалып қойған қала тұрғындары тек қарудан ғана емес, аштықтан да қырылды. Бұдан бөлек, ең ауыр шайқастардың қатарында Заполярьені қорғау (29 маусым 1941 - 1 қараша 1944), Ржевск, Сталинград үшін (17 шілде 1942 - 2 ақпан 1943), Кавказ үшін, Курск қаласы үшін болған шайқастар аталады. Ал әскери операциялардан Украинаның оң жағалауы, Беларусь операциясы, Балтық бойы операциясы, Висла-Одер операциясы, Шығыс-Прус және Берлин үшін операциясы (16 сәуір - 8 мамыр 1945) тарихта қалды.
Бұлардың ішінде соғыстың ақырғы ақиқатын айқындаған Берлин операциясы екендігі анық. Осы соңғы шайқас Ұлы Жеңіске ұласты. Бұл қалай болған еді? Енді тарихшылардың ізімен Берлин үшін болған Жеңіс шайқасының әрбір күнін барласақ.
1945 жылдың 1 сәуірінде Жоғарғы Бас қолбасшы И.Сталин мемлекеттік қорғаныс комитетінің барлық мүшелерін Кремльге жинады, онда Берлинге шабуыл жасау жоспары жасалды. Берлинге шабуылды I-Беларусь (маршал Г.К. Жуков), 2-Беларусь (маршал К.К. Рокоссовский) I-Украин (маршал И.С. Конев) майданының әскерлерi жүргiзетін болып келісілдi. Сонымен қатар Балтық флотының, Днепр флотының, әскери-әуе күштерінің бірқатар бөлімдері де қатысатын болды. Берлин бағытында герман қарулы күштерінің «Висла» тобы құрамындағы екі ірі армия (генерал К. Типпельскирх) және «Орталық» тобындағы екі армия (генерал-фельдмаршал Ф. Шернер) орналасқан-ды. Берлинге шабуыл жасауға қатысқан кеңес әскерлерінің күші жаудан әлдеқайда басым еді: кеңес әскерінде 1 906 000 адам, 41600 зеңбірек пен миномет, 7500 ұшақ, 6250 танк, 155 900 адамнан тұратын поляк әскерінің екі армиясы болды. Немістердің Берлинді қорғауға қойған күштерінде 1 млн. адам, 10400 зеңбірек пен миномет, 3300 ұшақ, 1500 танк болды. Берлин операциясының ауқымында Зеелов-Берлин, Штеттин-Росток, Котбус-Подстам, Штремберг-Торгау және Бранденбург-Ратен жеке шабуылдық операциялары іске асырылды.
Осылайша, 1945 жылдың 16 сәуірінде Берлин операциясы қуатты артиллериялық және әуе шабуылымен басталды. Жауға күтпеген жерден соққы жасау үшін Жуков шабуылды таң қараңғысында бастап, қуаты күшті прожекторларды пайдалануға бұйырды. Таңғы 5-те қызыл ракета шабуыл жасауға белгі берді. Араға бірнеше секунд салып, мыңдаған «катюша» снарядтары жау бекіністерін талқандай бастады. Жуков кейін өз шығармасында бұл жайында: «Гитлер әскерлерінің есін жидырмадық. Кеңес әскерлері үсті-үстіне оқты боратты. Алайда, жау қолына тұтқынға түсіп қалған кеңестік бір жауынгер неміс әскерлеріне алдын ала шабуыл болатын күнді айтып қойды. Оны білген жау әскерлерін Зелев биіктігіне орналастырып үлгерді. Сол маңнан кеңес әскерлеріне қарсы шабуыл да жасалды. Чуйков бастаған 8-ші гвардиялық армия алғы шепке жылжып, Зелевтегі елді мекендерді майдан даласына айналдырды» деп жазады.
Сол күні Гитлердің «Берлин неміс әскерлерінің қолында қалады» деген үндеуі жарияланады. Дегенмен, оған ол кезде немістердің сенуі екіталай еді. Берлиндіктер қатарынан бомбалаудан бас ауған жаққа қаша бастағандары да болды. Қаланы тастап кетуге қарсы қатаң бұйрық шығарылды. Қашып бара жатқандарын немістердің өздері атып тастай берді.
16 сәуір күні Жуков Сталинмен телефон арқылы хабарласып, Коневтің Нейсені алу жоспары жүзеге асып, екі танк армиясы Котбусты алып, алға жылжығанын мәлімдеді. Маршал сонымен қатар шабуыл түнгі мезгілде де тоқтамай жалғасып жатқанын жеткізді. Келесі күні Конев Жоғарғы Бас қолбасшымен хабарласып, Берлинге шабуыл жасауға рұқсат сұрады. Аз ғана үнсіздіктен кейін Сталин: «Мен келістім. Танкілерді Берлинге бұрыңдар», - деп жауап берді.
18 сәуірде 214-ші дивизия Берлинге жақындап қалды. Кеңес әскерлерінің шабуылына қарсы немістер мықты бекіністер дайындап қойған болатын. Жау әскері Одер мен Нейсе өзендерін мықты бекініске айналдырды. Онан бөлек, Берлин сыртында үш қатар қоршаумен әскерлер жатты. Қала ортасында тоғыз қабат қоршау жасалды. Әрбір қоршауда жүздеген неміс солдаты болды. Орталық алаң күшті бақылауға алынды. Әсіресе, мемлекеттік және әкімшілік мекемелер, Рейхстаг пен империя кеңсесінің маңына айрықша назар аударылды. Қала ішінде 400-ден астам темірбетонды қамал қойылды. Олардың бірқатары жер астына көмілді. Гитлершілдер метроны да пайдаланды. Негізі Берлинді қорғауға дайындық жұмыстары 1945 жылдың қаңтарынан басталған-ды. Сол уақытта кәмелеттік жасқа толмаған балалар да неміс әскері қатарына алынып, жұмысқа салынды.
19 сәуір күні Берлинге шабуылға Рокоссовкий бастаған 2-ші Беларусь майданы қосылды. Оның алдында майдан қолбасшысы Сталинге хабарласып, қаланың сол жақ бекінісін алуға дайын екенін жеткізді. Сол күні таңертеңгілік генерал Батов бастаған 65-ші армия Одердің шығыс жағалауынан Пренцлау аумағынан өтіп, немістің «Висла» тобымен шайқасқа түсті. Бұл уақытта маршал Конев Берлинге бағыт алған болатын. Алайда, 1-ші Беларусь майданының әскерлері Берлинге таяп қалған еді. Олар Ост-Одер мен Вест-Одер аймағындағы жау әскерлерін жойды. Шайқасты сәтті жүргізіп келе жатқан 1-ші Украин майданы болатын. Олар аса құпия ойластырылған жоспармен Берлинге тақап, оң жақ қанаттағы бекіністерді талқандауды бастады.
19-20 сәуірде 3-ші мен 4-ші гвардиялық танк дивизиялары 95 шақырымға ілгерілей алды. 1-ші Беларусь майданы ұрыс даласындағы шайқасты жалғастыра берді. Берлинге шабуыл басталған бесінші күні - 20 сәуірде генерал-полковник В.И.Кузнецов басқарған атқыштар корпусы Берлинге таяды.
20 сәуірде Гитлер өзінің туған күнін соңғы рет атап өтті. Тереңде орналасқан бункер ішінде таңдаулы қонақтар жиналды. Олардың қатарында Геринг, Геббельс, Гиммлер мен Борман, фюрердің хатшысы Ева Браун болды. Қонаққа келгендер қаланы тастап қашу жөнінде ойларын жеткізіп, жасырынатын орынның дайын екенін мәлімдеді. Бұған Гитлер: «Мен жеңемін немесе Рейхстагпен бірге өлемін», - деп кесіп айтты.
22 сәуір күні Берлинге Жуков қарамағындағы әскерлер кірді. Атқыштардың бес дивизиясы мен төрт танк батальоны жау бекіністерін барынша талқандады. Гитлердің қаланы тастамау жөніндегі бұйрығына сәйкес тұрғындар көпқабатты үйлерді мекендеді. Танк колонналары көпқабатты үйлерді түгелімен жойып жіберіп жатты. Аштыққа шыдамаған берлиндіктер жүк таситын пойыздарға шабуыл жасап, дүкендерді тонады. Қалаға жарық, су, газ беру бірнеше күннен бері тоқтатылған еді.
24 сәуір күні Берлиннің оңтүстік шығыс бөлігінде 1-ші Беларусь майданына қарасты 8-ші, 1-ші гвардиялық танк армиялары, 1-ші Украин майданына қарасты 3-ші және 28-ші гвардиялық армиялар түйісті. Нәтижесінде жаудың Франкфурт тобы жойылды.
Бұл уақытта 2-ші Беларусь майданы Вест-Одер өзенін кесіп өтіп, жаудың 3-ші танк армиясын жойып жіберді. Кеңес әскері Одер мен Нейсе өзені маңындағы жау солдаттарын жойды. Неміс әскерлері көп шығынға ұшыраса да қарсыласуды жалғастыра берді. Алдымен үміттерін құрамында 200 мың әскері бар «Франкуфурт-губерниясы» тобына артты. Эльба көпірі маңында жаудың 12-ші армия әскерлері тұтқынға түсті.
Рыбалко бастаған танк армиясы Цоссенде орналасқан неміс әскерлерінің бас штабын талқандады. Неміс әскерлері Потсдамға шегініп, генерал Кребс Гитлерге қаланы енді ешкімнің де құтқара алмайтынын жеткізді. Ашуға булыққан Гитлер күресті жалғастыра беруді бұйырды. Фюрер ендігі үмітін 9-шы армия мен Венк басқарған 12-ші армияға арта алды. Берлинде Гитлермен бірге Рейх көшбасшыларынан тек Кребс, Борман және Геббельс қалды.
Чуйков бастаған кеңес әскерлері аэродромды қоршауға алды. Сталин Гитлерді Берлиннен шығармау жөнінде бұйрық берді. Бұл уақытта Берлин отқа оранған еді. Сол күндерді неміс офицері Эдмунд Хекшер былайша еске алады: «Жанған оттың алауынан түн күнге айналды. Айналаның бәрі жап-жарық, тіпті газет оқуға болды. Бірақ қалада газет шықпағаны қаш-ша-ан... Бомба, атыс, мина бір минөтке де толастамады. Гитлер бағыныштыларынан әлсін-әлсін Венктің қайда екенін сұрай берді».
27 сәуір күні кеңес әскерлері Берлинге түгелімен кірді. Кешкілік Чуйков армиясы Ландвер каналынан Рейхстагқа жақындады. Богданов бастаған корпус Тиргартенде аялдап қалды. Онда жерасты қазылған окоптар көп болды. Әрбір аттаған қадам үшін әскерлеріміз шығынға ұшырап, қара жер қанға боялды. Рыбалко танкішілері Вильмерсдорф тұсынан Берлинді оқ астына алды. Соңғы сағаттарда немістер қолдарын көтеріп, беріле бастады. Көбі атыс жаңғырықтарынан құлағы естімей қалса, кейбірі есінен адасты. Үйінділер арасынан тірі қалған неміс қариялары мен балалары құтқарылды. Оның ішінде соғыс тарихында аты қалған сержант Николай Масаловтың ерлігін атауға болады. Ол Ландвер каналы маңындағы үйлер үйіндісінен өз өмірін қатерге тіге отырып, 3 жастағы неміс қызын аман алып қалды. Генерал Чуйков Жуковтың тапсырмасымен Тиргартеннен Вильгельмштрассеге жетті. Қаланың орталығында жанған оттан ештеңе көрінбеді. Ұрыс әр көше мен үйде жалғасты.
29 сәуір күні 79-шы атқыштар корпусы «Гиммлер үйін» талқандады. Оны алған соң Рейхстагқа жақындады. 29 сәуір күні генерал Вейдлинг соңғы рет Гитлерге соғыс барысын баяндады: «Ертең Кеңес әскері канцелярияға жетеді. Венк әскері Эльбада жеңіліс тапса, өзге әскер қатарларынан дерек жоқ».
«Гиммлер үйін» алғаннан кейін кезекте екі үлкен міндет тұрды. Бірі империя кеңсесі болса, екіншісі Рейхстаг еді. Оған 3-ші армия әскері дайындалды.
30 сәуір күні 3-і армия әскерлері Рейхстагқа жақындады. Кеңсе ғимаратына Тиргартен арқылы шабуылдауға болатын. Тиргартен жанында метро орналасқан. Онда Берлин әскерлерінің жараланған солдаттары жайғастырылған болатын. Фюрер Шпрее өзенінің суын метроға жіберуді бұйырды. Бұл хабар жеткенде жерасты туннелінен шығуға жанталасқан берлиндіктердің көбі бір-бірін жаншып өлтірді. «Егер Гитлер өзінің қандастарын суға батырып өлтіруді бұйырса, ол соғыстан жеңілгендігін мойындағаны болатын» деп жазды бұқаралық ақпарат өкілдері бұл жайында.
30 сәуір күні көмекшілері Гитлерге кеңес әскерлері Потсдамерплатц маңына таянғанын жеткізді. Бұл хабардан кейін Гитлер Ева Браунмен қоштасып, бөлмесіне кіреді. Сағат 15:30-да Гитлердің бөлмесінен қарудың атылған дыбысы естілді. Геббельс пен Борман кіргенде беті қанға боялып, диванда жатқан Гитлерді көрді. Ева Браун болса, у ішіп өмірмен қош айтысты. Олардың мәйіттері бензин құйылып, өртелді. Араға біраз уақыт салып Сталин Гитлердің мүрдесін Мәскеуге алдырды. Кейіннен белгілі болғандай, дүние жүзіне алапат соғыс әкелген Гитлердің бас сүйегі мен мундирі мұрағаттан орын алып, өткен күнге естелік ретінде қойылған еді.
1 мамырда 1-інші армия әскерлері оңтүстік Рейхстаг маңын қоршауға алған 8-ші гвардиямен түйісті. 2 мамыр күні генерал Г.Вейдлинг бұйрығымен неміс әскерлері жеңілгендігін мойындап, шабуыл тоқтатылды.
Берлин үшін шайқаста кеңес әскерлері 70 жаяу әскер, 23 танк дивизиясын жойып, 480 мың немісті тұтқынға алды, 1,5 мың танк пен 4500 ұшақ қолға түсті. Соғыстың соңғы күндерінде Берлинге шабуыл жасау сәтінде кеңес әскерлері де едәуір шығынға ұшырады. 352475 жауынгер қаза тапты. Хабарсыз кеткендер саны - 78291. Ал Польша әскерлері 9 мың солдатынан айырылды. Сондай-ақ кеңес әскерлері Берлин үшін шайқаста 2156 танк пен 1220 миномет, 527 ұшақты жұмылдырды.
Сөйтіп, Берлин үшін шайқас тек 2 мамыр күні тоқтатылды. Потсдам көпірінде қолына ақ жалау ұстаған неміс әскерлері көрінді. Вейдлинг неміс әскерлерінің бәріне берілу жөнінде үндеу шығарды. Рейхстаг ішінен екі қолын көтерген немістер көптеп көріне бастады. Тұтқынға түсушілер қатарында балалы әйелдер мен қарттар қатары көп болатын. Көшеде өлген адамдар саны мыңдап үйіліп жатты. Жалпы Берлин операциясы Ұлы Отан соғысының ең ірі операциялардың бірі болды. Қоршауды алатын аумақ 400 шақырымды құрады. Ол шайқаста 3 майдан мен 41600 бірлік қару қолданылды. 8 мың ұшақ, басқа да техника жұмылдырылды. Осы күнге дейін неміс әскерлерінің қаншасы опат болғаны белгісіз күйде қалған. Кейбір ақпараттардың мәліметі бойынша 125 мың берлиндік мерт болған. Бірақ бұл да нақты мәлімет емес.
1945 жылы 8 мамырдан 9 мамырға қараған түнде (00 сағат 43 минутта) Берлиннің түбіндегі Карлхорста маршал Жуковтың штабында Германияның сөзсіз тізе бүгуі туралы хаттамаға Германия құрғақтағы қарулы күштері атынан генерал-фельдмаршал Кейтель, әскери-әуе күштері атынан генерал-полковник Штумпф, соғыс-теңіз күштері атынан адмирал фон Фридебург қол қойды. Актіге қол қою рәсіміне кеңес әскерлері атынан маршал Г.К. Жуков, Ұлыбритания қарулы күштері атынан маршал А.Теддер, АҚШ қарулы күштері атынан генерал К. Спаатс, француз қарулы күштері атынан генерал Ж.-М. де Латтр де Тассиньи қатысты.
Осылайша, 1945 жылдың 9 мамырында Германия әскерлерінің сөзсіз тізе бүгуі жөніндегі актіге қол қойылды. Мінеки, бұл - екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын анықтайтын құжат еді. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс Германия мен оның одақтастарының жеңiлуiмен аяқталып, соғыстың басты қылмыскерлерi Халықаралық сотта жазаларын алды. Соғыстың басты қорытындысы - әлемдiк өркениеттi құрып кетуден аман алып қалуы, адамзатқа қас нәсiлшiлдiк фашистiк идеологияны жоюы болды. Соғыс миллиондаған адамдардың санасы мен өй-өрiсiне ықпал жасады, ендi олар соғысты болдырмау, әлемдiк өркениеттi сақтау, адам құқығын қорғау мәселесiне неғұрлым белсендi түрде араласатын болды. Халықаралық қатынастарда бейбiт қатар өмiр сүру қағидалары орнықты, дүниежүзiлiк демократияның геосаяси, әскери-саяси, экономикалық тұғырлары нығайды.