Жеңіс күні - барша халық үшін қастерлі де қасиетті мейрам - Мұхтар Әжіғұлов
Отанын қорғап, қан майданда қаза тапты. Сондықтан біздер бейбіт күннің қадірін жақсы білеміз. Бұл туралы облыс орталығында тұратын соғыс және еңбек ардагері, Орал қаласы, Бөкей ордасы және Сырым аудандарының құрметті азаматы Мұхтар Әжіғұлов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Өзінің айтуынша, ол қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданы Азғыр ауылдық кеңесінде 1922 жылы 1 мамырда өмір есігін ашты. Ол кезде бұл ауыл Орда (Бөкей ордасы) ауданына қарайтын. Ауылда екі орта мектеп болса, соның біреуі Азғырда еді. Алдымен осында білім алған Мұхтар Әжіғұлов жоғары сыныптарда сол кезде аудан орталығы болған Орда ауылындағы іргесін 1841 жылғы 6 желтоқсанда Жәңгір хан қалаған әйгілі мектепте оқыды. 1941 жылы мектеп бітірісімен осында ұстаздық етті. Бір жылдан кейін әскер қатарына алынып, майданға аттанды. Сайқын стансасына дейін жаяу-жалпылап жетсе, содан кейін тауарлы вагонға мінді. Сталинград майданында қиян-кескі ұрыстар жүріп жатқан мезгіл-ді. Көп ұзамай бұлар да сол қанды қасаптың ортасына түсті. 1942 жылдың қарашасынан бастап кеңес әскерлері мен неміс фашистері Сталинград майданында бір-бірімен қарсы келді. 1943 жылдың басында Сталинградты азат ету үшін болған алапат соғыс бір айға созылып, кеңес әскерлерінің жеңісімен аяқталды. Бұларға далада, қар үстінде жатуға тура келді. Оның үстіне ауыр жарақат алып, емделді. Кейін әуелі Чкалов (Орынбор), сосын Ленинград (Санкт-Петербор) қаласында радиотелеграфистер даярлайтын курста оқып, Калинин және 2-Прибалтика майдандарында 6-гвардиялық дивизияда байланысшы болды. Осылайша оқ пен оттың ортасынан өткен жауынгер Жеңіс күнін Каунас қаласында қарсы алды.
1945 жылы 15 қарашада сержант шенімен елге оралған Мұхтар Әжіғұлов сол Орда ауылында ұстаздық қызметін жалғастырып, жоғары сыныптарға математикадан сабақ берді. Астрахан педагогикалық институтында, кейін Орал педагогикалық институтында сырттай білім алды. Көп ұзамай Орда аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болды. Сосын жиырма жылдан астам уақыт бойы Қаратөбе және Жымпиты (Сырым) аудандарында партия, кеңес органдарында басшылық қызметтер атқарды. Қырық жылдай лауазымды қызмет атқарған майдангер екінші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі», «Құрмет» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа медальдармен марапатталды. Бүгінде төрт бірдей ұл-қызынан тараған ұрпақтарының ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
«Біз бәрін де көрдік. Жастайымыздан қар жастанып, мұз жамылдық. Соғыстан кейін қираған шаруашылықты қалпына келтіруге атсалыстық. Бүгінде ұрпақ қызығын көріп отырмыз. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, қарыштап алға баса берсін. Елбасымыздың бастауымен үшінші жаңғыруды да сәтті аяқтап, Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына кірсін. Дүниедегі жақсылық-игіліктің бәрін ұрпақтарымыз көре берсін. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық-құрметке ризамыз, Ұлы Жеңіс күні құтты болсын», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Мұхтар Әжіғұлов.