Жеңіс жалаушасы Алматыдан Астанаға жол тартты (ФОТО)
Бүгінгі салтанатты жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері жиналды. Сонымен қатар ҚР Құрлықтағы әскерлерінің әскери институты, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары, Алматы гарнизонының әскери бөлімшелері және «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушылары әскери сап түзеп тұрды.
«Жеңіске құрмет» патриоттық акция-марафоны Шығыс әскери округында бастау алған еді. Кейін Жеңіс жалаушасы Оңтүстік әскери округына жеткізілді. Одан кейін еліміздің батысындағы әскери гарнизондарда болып, Алматыға оралды. Бүгін міне, сол Жеңіс жалаушасын біз салтанатты түрде ҚР Қорғаныс министрлігінің офицерлеріне табыс еттік. Жеңіс жалаушасы енді Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің мұражайында сақталатын болады. Бұл шара Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылып отыр. Отанымыздың әрбір жас жауынгері ата-бабаларымыздың Жеңіс жолында қандай жанқиярлық ерліктер көрсеткендерін біліп жүрулері тиіс. Жастарымызды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуде бұл марафонның атқарар рөлі зор», - деді өз сөзінде Қазақстан Қаруды күштері Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Дәулет Оспанов.
Салтанатты шара барысында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Кенжехан Мәтіжанов және Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары сөз сөйлеп, соғыс ардагерлері мен жас жауынгерлерді бүгінгі шарамен және келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.
«Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушылары соғыс ардагерлеріне естелік сыйлықтар табыс етіп, Мәңгілік алауға барып гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң, сапта тұрған жауынгерлер ардагерлер алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.
Салтанатты шара соңында ҚР Әскерилер үйінде (бұрынғы Офицерлер үйі) соғыс ардагерлерінің құрметіне концерт ұйымдастырылды.