Жеңісімді Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаймын - Әлемнің үш дүркін чемпионы Илья Ильин
94 келі салмақ санатында екі жаттығудың қорытындысы бойынша 407 келіні бағындырған Бейжің олимпиадасының чемпионы И.Ильин осылайша үшінші мәрте әлем чемпионы атанды. Жұлқа көтеруде 181 келі көтеріп, бесінші орынға тұрақтаған ол серпе көтеруде өзінің әлемнің үздік спортшысы екендігін дәлелдеп 226 келіні бағындырды. Айта кетерлігі, дәл осындай салмақты украиндық Артем Иванов та көтерген болатын. Дегенмен біздің спортшыдан салмағының 140 граммға ауыр болуына байланысты күміс медальді қанағат тұтты. Ал қола медаль ирандық Саид Мохаммадпур Каркараға бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қараша күні жарыс жолына шыққан Қазақстан спортшысы Зүлфия Чиншанло 53 келі салмақ санатында жұлқа көтеруде де, серпе көтеруде де ең үздік спортшы екенін дәлелдеп, қоссайыс нәтижесінде әлемнің екі дүркін чемпионы атанған болатын. Зүлфия Чиншанло 2009 жылғы әлем чемпионы, Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы.
Ал 63 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан М.Манеза жұлқа көтеруде 109 келіні бағындырып кіші қола медальға, ал серпе көтеруде 139 келіні еңсеріп кіші алтын медальға ие болды. Екі сайыстың қорытындысында үлкен күміс медальды қанжығасына байлады. Өкініштісі, серпе көтеру сайысында 147 келіге тапсырыс берген қазақстандық спортшы оны еркін еңсергенімен, төрешілер тарабы есепке алмай қойды. Ал осы салмақ санатында әлем чемпионы атанған ресейлік Светлана Царукаева жұлқа көтеруде 117 келіні бағындырып, әлем рекордын жаңартты. Есте болса, дәл осы спортшы 2009 жылы Оңтүстік Кореяның Коян қаласында өткен әлем чемпионатында М.Манезамен бірдей салмақты бағындырғанымен өз салмағының біздің спортшыдан сәл ауыр болуына байланысты күміс жүлдені қанағат тұтқан еді.
Ал 69 келі бойынша жарыс жолына шыққан Ирина Некрасова 9-шы, Жазира Жапарқұл 17-ші орынға тұрақтаған болатын.
75 келіге дейінгі салмақ санатында жарыс жолына шыққан қазақстандық ауыр атлет Светлана Подобедова екі сайыстың қорытындысы бойынша 287 келіні бағындырып, күміс жүлдеге ие болды. Жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырған ол осы сайыстың кіші алтын медалін, ал серпе көтеруде 156 келіні көтеріп кіші күміс медалін қанжығасына байлады. Екі сайыстың қорытындысы бойынша үлкен алтын медаль 293 келіні көтерген ресейлік спортшы Надежда Евстюхинаға, ал қола медаль корейлік Ким Юн Жу-ға бұйырды. Осы салмақ санатында өнер көрсеткен Қазақстанның тағы бір спортшысы Анна Нұрмахамбетова 7-ші орынға табан тіреді.
Сонымен қатар сенбі күні жарыс жолына шыққан 105 келі салмақта еліміздің намыс қорғаған Сергей Истомин 9-шы, ал Владимир Седов 13-орынға тұрақтады.