Жеңіске 70 жыл: Қазақстан халқының үштен бірі Ұлы Отан соғысына қатысты - Е.Хайдаров

Фашистік Германияны жеңу үшін қазақстандықтардың қосқан үлесін, олардың орны толмас шығынын естен шығаруға болмайды. Осы орайда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров өз ой-толғамымен былайша бөлісті.
Оның айтуынша, Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы орны неде дейтін болсақ, біріншіден, ел халқы мобилизация кезінде жаппай соғысқа тартылды. 1941-1945 жылдар аралығында республикадан әскери комиссариаттар арқылы 1 млн. 200 мыңға жуық адам қызыл әскер, 700 мыңдай адам еңбек әскері қатарына алынды. Яғни, 1939 жылғы санақ бойынша республика халқы 6,1 миллион адам болса, соның үштен бірі соғысқа қатысты. Әскер қатарына шақырылған қазақстандықтар 20-дан астам атқыштар және атты әскер дивизиясы мен бригадасы, бірнеше артиллериялық және авиация полкі, ондаған батальон қатарында майданға аттанды. Олардың арасында 238, 316, 310, 312, 314, 387, 391-атқыштар дивизиясы болды. Оған қоса 74-інші және 75-теңіз атқыштары және 39-курсанттық атқыштар бригадалары бар еді. Бұл құрамалар соғыс басталысымен іле-шала жасақталып, жедел түрде әскери дайындықтан өтіп, 1941 жылы майданға жөнелтілген қазақстандық құрамалардың алғашқы тобына жатады.
1942 жылдың бас кезінде Қазақстаннан майданға үш атқыштар және бір атты әскер дивизиясы, бір атқыштар бригадасы аттандырылды. Олар: Семейде құрылған 8-атқыштар дивизиясы, Ақмолада құрылған 29-атқыштар дивизиясы, Алматыда құрылған 38-атқыштар дивизиясы және Оралда жасақталған 152-атқыштар бригадасы, Жамбылда құрылған 81-атты әскер дивизиясы, қазақ ұлттық 100, 101-атқыштар бригадалары, 105, 106, 96-атты әскер дивизиялары.
Соғыс жылдарында республика аумағында орналасқан әскери оқу орындарының қызметі ерекше көңіл бөлуге тұрарлық, 27 әскери оқу орны 16 мыңдай офицер даярлап шығарды. Ал 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жіберілді.
Екіншіден, ел экономикасы түгелдей дерлік соғысқа қызмет етіп, Қазақстан майдан арсеналына айналды. 1941 жылдың екінші жартысында 142 кәсіпорын көшіріліп әкелінді. Соғыс жылдары Кеңес одағының батыс бөлігінен барлығы 220-дан астам кәсіпорын көшіріліп, іске қосылды. 1941-1945 жылдары барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта және жеке өндірістер салынды. Қаһарлы кезеңде қазақ даласынан майданға әскер, қару-жарақ, азық-түлік тиеген эшелондар үсті-үстіне жөнелтіліп жатты. Қарағанды көмір комбинаты, Шымкент қорғасын зауыты, Балқаш мыс қорыту зауыты, Лениногор полиметалл комбинаты, Ембі мұнай кәсіпшіліктері майдан тапсырмаларын мүлтіксіз орындап отырды. Неміс-фашист басқыншыларымен кескілескен шайқастар кезінде Қазақстан бүкіл елде өндірілген қорғасынның 85 пайызын, молибденнің 60 пайызын, мыстың 35 пайызын берді. Гитлершілерге қарсы соғыста атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасыны, жезі мен мысынан жасалғаны мәлім. Соғыс қызып тұрған кезде республика қара металлургиясының «тұңғышы» - Ақтөбе ферроқорытпалар зауыты іске қосылды, ал 1943 жылы Қазақ (Қарағанды) металлургиялық зауыты алғашқы 200 тонна көлеміндегі жоғары сапалы болат қорытып шығарды, бұл көрсеткіш 1945 жылы 4,6 мың тоннаға жетті.
Үшіншіден, ұрыс даласындағы жеңіс тылдағы қажырлы еңбекпен шыңдалды. Миллиондаған жұмысшылар мен шаруалар фабрикалар мен зауыттарда металды, әскери техниканы еселеп берді, колхоздар мен совхоздарда бітік егін өсіріп, мал санын көбейтті, сөйтіп, майданды не керектің бәрімен жабдықтап отырды. Ер-азаматтары майданға алынып, бар ауыртпалық егде адамдардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Олардың еңбегі арқасында соғыс жылдары Қазақстан колхоздары мен совхоздары елімізге 5 млн. 829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет, 1 млн. 142 мың тонна сүт, 62,4 мың тонна жүн өткізді. Тары өсірудің шебері Шығанақ Берсиев (әр гектардан 202 центнер), атақты күрішшілер Ыбырай Жақаев, Ким Ман Сам, дәнді дақылдардан мол өнім алғандар М.Сатыбалдина, А.Дацкова, Н.Алпысбаевалардың ерен еңбектерін атап өтуге болады. Қазақстан еңбекшілері өздерінің жеке қаражатынан майдан қорына 4,7 млн. сом ақша, 2 млн. дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті.
1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр кезең болды. Сол кездегі кеңес жауынгерлері өз жері, отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қиды, кескілескен соғыстар жүргізді. Кеңес халқымен бірге қазақстандық жауынгерлер Мәскеу мен Ленинград үшін, Станинград түбінде, Курск иінінде, Днепр өзенінен өтуде болған ұрыстарда өшпес ерліктер көрсетті. Сонымен бірге Украинаны, Белоруссияны, Кавказды, Қырымды, Прибалтиканы қорғап, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлерін фашистік езгіден азат етті. 1941-1945 жылдары ұрыс даласындадағы қаһармандығы, батырлығы үшін марапатталғандардың ішінде 99 мың қазақстандық бар. 500-дей қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алған, соңғы деректер бойынша оның 103-і - қазақ. Әлікбай Қосаев, Сұлтан Баймағамбетов, Нұркен Әбдіров, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Қарсақбай Сыпатаев, Боран Нысанбаев, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов сияқты хас батырлардың аттары аңызға айналды.
Батыс Қазақстаннан соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 76 мыңнан астам адам алынды. Орал қаласында 152 және 101-атқыштар бригадасы жасақталды. Облыста 1300 төсектік 3 госпиталь ұйымдастырылды. Өңір экономикасы соғыс жағдайына лайықталып қайта құрылды. Зауыттар мен фабрикалар әскерге қажетті өнімдерді беруге бейімделді. Орал ет комбинаты ет қалбырын өндіруді 4 есеге арттырды. Облысқа Ленинград, Мәскеуден, Киевтен, т.б. қалалардан 47032 адам жөне 14 кәсіпорын көшіріліп әкелінді.
ҰОС жылдары Қазақстанның аумағында тікелей әскери іс-қимылдар өтпегенімен, Батыс Қазақстан Сталинград майданының (17 шілде 1942 - 2 ақпан 1943 жыл) ең жақын тылына айналды және Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол стансалары неміс ұшақтарының бомбалауларына ұшырады. Майдандағы ерліктері үшін батысқазақстандық 41 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры, 6 жауынгерге Даңқ орденінің толық иегері деген құрметті атақ берілді.
Әр кезеңде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да қызмет атқарған соғыс және тыл ардагерлерінің есімдерін мақтанышпен атауға болады. Олар: майдангерлер - Әзекен Бірімжаров, Елена Голованова, Александр Кирпичев, Кенжеғали Нұрмағамбетов, Иван Нефедов, Қисмет Қапанов, тыл еңбеккерлері - Әмірхан Қарасаев, Шәңгерей Дәулетияров, Леонтий Горбов, Ким Ахметов және басқалар.
«Бүгінгі таңда еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, дамып келеді. Тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ, мұнда елін, жерін жаудан қорғай білген, қиын-қыстау заманда тер төгіп, еңбек еткен аға ұрпақтың үлкен үлесі барын ұмытпауымыз керек. Осыған сәйкес Қазақстанда Елбасы тапсырмасына сәйкес ҰОС-ның ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген құрмет бұдан былай да көрсетіле бермек», деп түйіндеді ойын ғалым .