ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Ұмытылмас шерулер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңіс шеруі дегенде көз алдымызға 1945 жылдың 24 маусымындағы Мәскеудегі шеру ғана елестейді. Айтары жоқ, бұл орасан зор салтанатты шара болды. Бірақ ол 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске байланысты болған жалғыз шеру емес еді.
None
None

Әңгімені осы, ресми түрде басты шеру деп қабылданған содан бастап, оның кейбір сәттеріне ғана шолу жасап өтелік, деп басталады бүгін, 25 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұмытылмас шерулер» деген тақырыппен берілген көлемді мақала.

«Оған солтүстіктен оңтүстікке дейін орналасқан барлық майдандардан мың адамдық құрама полктер қатысқан. Полктерді майданның бас қолбасшылары мен армия қолбасшылары бастап, корпус, дивизия, полк командирлері алып жүрген. Атақты маршалдар, генералдар бастаған сапта кем дегенде үш ордені бар және бойы 172 см-ден төмен емес жауынгерлер шерулетіп өткен.

Әрине, олардың шеруге қатысу құқына ешқандай шек келтірмейміз, бірақ бойы аласа болса да арыс­тандай арпалысып, Жеңіс күнін жақындатқандардың қандай кінәсі бар деген сұрақ туады. Оқ қарша жауып тұрғанда шабуылға көтерілгендерден «сенің бойың қанша еді» деп ешкім де сұрамаған, бәрін де «Отан үшін», «Сталин үшін алға» деп ажалға қарсы айдап салған. Бойларының тапалдығына қарамай олар да ерліктің неше түрлі үлгісін көрсеткен. Сондықтан бойға қарап таңдамай, жауынгерлік ерліктеріне қарап қана таңдаған әлдеқайда әділетті болар еді деп ойлайсың.

Шеру өткізу туралы Сталиннің бұйрығы 24 мамырда жарияланып, дайындыққа екі ай сұралғанда: «Бас штаб жұмысын жайбарақаттыққа салмасын» деп ол бір-ақ ай берген. Осы кезде Мәскеудің «Большевичка» фабрикасы күндіз-түні жұмыс істеп, шеруге қатысатын 10 мыңнан артық жауынгерге әскери формалар шығара бастаған.

Сол кездегі Бас штабтың бастығы, армия генералы Алексей Антоновтың естелігіне қарағанда, Сталин шеруден кейін Кремльде «орыс дәстүрі бойынша» салтанатты қабылдау ұйымдастыруды да бұйырған. Сондықтан Бас штаб екі топ құрып, бірі салтанатты дастарқанды және оған шақырылатын офицерлер мен қонақтардың тізімін, екіншісі нақ шерудің өзін дайындаумен айналысқан.

Құрама полктер барлық әскер түрлерінен алынған. Алдымен олардың саны 10 болып, артынан әскери-теңіз флоты және әскери оқу орындары мен Мәскеудің әскери гарнизонынан бір-бір полк қосылған. Құрама полктер екі роталық бес батальоннан тұрған, әрбір ротада 100 жауынгерден болған. Бұлардың үстіне 1 полк командирі, оның 2 орынбасары және штаб бастығы, батальон, рота командирлері және ту ұстаушылары бар 59 адам қосылып, әр полктегі әскерилердің саны 1059-ға жеткізілген.

Ал әскери құрамына келетін болсақ, 10 ротаның 6-уы жаяу әскерден, бір-біреуден артиллерия, танк, авиациядан алынып және бір рота атты әскер, сапер және байланысшылардан тұратын құрама ротадан жасақталыпты. Алты жаяу әскер роталарының үшеуі винтовкамен, үшеуі автоматпен, артиллеристер, саперлер, байланысшылар карабинмен, танкистер мен ұшқыштар тапаншалармен, ал атты әскерлер карабин және қылышпен қаруландырылған.

Тағы бір қызық жайт, шетел­діктерден шеруге тек Польша әскерінің колоннасы ғана қатыс­тырылған. Оны Польша әскері Бас штабының бастығы В.Корчиц бастап өткен.

Құрама полктердің коман­дирлері болып соғыста дивизия, корпус басқарған кілең атақты генералдар тағайындалған. Мәселен, олардың қатарында генерал-майор Г.Калиновский, генерал-лейтенант А.Лопатин, генерал-лейтенант П.Кошевой, генерал-лейтенант Н.Бирюков және т.б. болған. 3-ші Украина майданы құрама полкінің командирі болып Болгария армиясының генералы Владимир Стойчев тағайындалыпты. Ол мұндай құрметке ие болған жалғыз шетелдік еді. Осы жылы оған І дәрежелі Суворов және Кутузов ордендері берілген екен, сол ескеріліп, болгарлық үлкен құрметке ие болыпты.

10 маусымда барлық құрамалар Мәскеуге жеткізіліп, дайындыққа кіріседі. Осы құрамалар өздері қолға түсірген неміс әскери бөлімдерінің туларын, оның ішінде, тіпті, Гитлердің жеке штандартын да жеткізіпті. Алайда, олардың бәрін шеруге алып шығудың қажеті жоқ деп шешіліп, тек 200 данасын ғана алып қалған. Ал оларды шеруде төмен түсірілген қалпында арнайы рота алып келіп, Ленин Мавзолейінің түбіне лақтыру идеясын Сталиннің өзі қосқан.

Айта кететін жайт, осы шеру туралы жазылған әртүрлі деректерде алыпқашпа әңгімелер де көп. Соның бірі - шеруді Сталиннің өзі қабылдамақ болғаны жайында. Алайда, ол аттың үстінде жүре алмайтын болғандықтан бас тартыпты деген қаңқу сөз бар. Бұл Сталиннің табиғатын танымайтын адамдардың шығарып жүрген жеңіл әңгімесі. Өйткені, өзінің орнын жақсы білетін, өте ақылды әрі айлалы Сталин атқа мініп желкілдеп жүргенше, Кремльдің қабырғасындағы Мавзолейдің биік мінберінен тас құдайдай бәрін бақылап тұрғаны анағұрлым салмақты боларын жақсы түсінген.

Сондай-ақ, Кремльде болған салтанатты дастарқан басында алғашқы болып сөйлеген Сталин ең бірінші «ұлы орыс халқы үшін ішейік» деген тілек айтыпты-мыс деген сөзді кейінгі шовинистер жалаулатып-ақ бақты. Осыған сүйенген ұлыорыстық шовинистік сая­сат та өршіп беріп, ақыры тағы да жүздеген мың адам «ұлтшылдығы» үшін репрессия құрбаны болды. Ал шын мәнінде (стенография бойынша) Сталин бұл тілекті ең соңынан, басына алкогольдің біршама қызуы ұрып, мейірленген шағында, онда да былай деп айтқан: «Товарищи, разрешите мне поднять еще один, последний тост. Я, как представитель нашего Советского правительства, хотел бы поднять тост за здоровье нашего советского народа и, прежде всего, русского народа...».

Сол күні қатты жауын болып, 570 ұшақ қатыстырылатын әуе шеруі болмай қалған. Әйтпесе, ұзындығы 30 шақырымға созылатын ұшақтардың ұшу алаңы әлемет көрініс болмақшы екен. Сонымен қатар, жауынның кесірінен ұзақ дайындалған еңбекшілер демонстрациясы да өткізілмепті. Тағы бір қызық дерек, миналар қойылған алаңды тазартқан саперлер ротасының сапында оны табуға үйретілген иттер де өткен.

Соның бірі «Жолбарыс» атты ит екен. Кім де болса бір түркітілдес ағайынның осы атауды бергені көрініп тұр (Мүмкін, қазақ та шығар). Басқа халықтар жолбарысты басқаша атайды ғой. Осы «Жолбарыс» 7 мыңнан артық мина мен 150 жарылмаған снарядты тапқан екен. Алайда, соғыстың соңында жарақат алған оның шеруге қатыса алмайтынын естіген Сталин өзінің шинелін беріп, осымен көтеріп өтіңдер деп бұйырыпты.

Екі сағатқа созылған шеру құйып тұрған жаңбырдың астында өткенін айттық қой. Алайда, Қызыл алаңға келіп, оны тамашалаған қалың көпшілік тарқамай, аяғына дейін көрген. Сонымен қатар, шерудегі бір ерекшелік, онда техникадан гөрі адамдар мен жануарларға көп маңыз берілген екен. Құрама полктердің арасында кавалерияның алты эскадроны болған. Ал атақты Т-34 танктерінің 53-і бірдей шеруге қатысыпты...

1965 жылға дейін Жеңіс шеруі қайталап өткізілмеген. Ол түгілі 9 мамыр да осы жылға дейін мерекелік «қызыл күн» деп саналмаған. Тек Л.И.Брежнев өкімет басына келген соң ғана ол жылда өткізіліп тұрды, ал 9 мамырға «мемлекеттік мереке» мәртебесі берілді.

Міне, бұл Қызыл алаңда болған атақты шеруден қысқа ғана деректер. Ал оған дейін Берлинде 1945 жылдың 4 мамырында шеру болғанын екінің бірі білмейді. Бұл үстерінен әлі де оқ-дәрінің иісі аңқыған, гимнастеркаларын шаң мен тер басқан Берлин гарнизонындағы кеңес жауынгерлері - нағыз жеңімпаздардың шеруі еді. Шеру Бранденбург қақпасы мен Рейхстагтың алдынан, яғни Берлиннің нақ жүрегінен қарыштап өткен. Бұл қала көшелерінде құлаған үйлердің қирандылары жиналмай, бықсыған өрттер әлі де түтіндеп жатқан кез еді.

Бірақ алғашқы, ең шынайы Жеңіс шеруіне қатысқан жауынгерлердің рухы жоғары болатын. Олар жаудың ең ірі бекінісін, жүректеріне балаған астанасын кеуделерін оққа төсеп, жандарын шүберекке түйіп алған нағыз батырлар еді. Мәскеудегі көзбояушылығы көп, жасанды сценариймен жасалған шараға қарағанда, бұл шерудің тарих үшін маңызы зор болса керек-ті. Алайда, ол ауызға да алынбай келеді.

Шеруді Берлиннің алғашқы коменданты генерал Н.Берзарин қабылдаған. 9 мамырдағы ресми жеңіс күніне дейін әлі бес күн қалғанда осындай шерудің өткеніне таң қалмасқа лажың жоқ.

Алайда... алайда, осы Н.Берзарин Берлинде белгісіз жағдайда қаза болған. Жазушы Т.Морозова генерал Ф.Боковтың естеліктеріне сүйене отырып, оның біреулерге жақпай қалғаны себепті Мәскеудегі үлкен шеруге (24 маусымдағы) 6 күн қалғанда 41 жасында өлтірілгенін айтады. Генералдың денесі Мәскеуге жеткізіледі, онымен бірге қарулас досы, сол кездегі Германиядағы кеңес әскерінің бас қолбасшысы маршал Г.Жуков та бірге ұшып келіпті.

Алайда, ол «Новодевичье» зиратындағы жерлеу рәсіміне қатыспаған... Сөйтіп, тарихта жаудың апанында алғашқы Жеңіс шеруін өткізген генерал ретінде аты қалуға тиісті Н.Берзарин жұмбақ жағдайда опат болып, есімі ұмыттырылып, ал оның шеруі туралы тарихта мүлде аз айтылады... Тіпті, арнайы тарихшылар болмаса, мұндай шерудің болғанын да көп адам біле бермейді. Қазір Интернетте де ол туралы там-тұм деректер ғана бар.

Бірақ, Сталиннің қалауымен жасалған шеруге қарағанда, нағыз жеңімпаздар қатысқан Н.Берзарин шеруінің маңызы тарих үшін зор екені айқын. Генералдың атағы да алысқа кетері сөзсіз еді. Осыны ұққандар оның көзін тезірек құртқан секілді...

Одан кейін Берлинде 1945 жылдың 7 қыркүйегінде тағы бір шеру болған. Оны енді Мәскеуден келген соң Берлинде қоныстанған одақтастар әскерлеріне ұсыныс жасап, бастамашы болып өткізген маршал Г.Жуков еді. Шеруді Тынық мұхитындағы соғыстың аяқталған уақытына келтіруді де өзі ойлап табады. Алайда, басында келіскенімен, артынан одақтастар бұған аса мән бермей, өз әскерлерінің бірінші басшыларын емес, орынбасарларын ғана жіберген. Өйткені, бұл кезде одақтастар арасында тоң-торыстық басталған болатын.

Оған кінәлі Шығыс Еуропадағы өзінің ықпалында қалған елдерде адам құқын аяққа басып, коммунистік режім орнату идеясын жақтамағандарды, оны азды-көп сынағандарды тек атып-асып, репрессиялық тәртіп орнатуға асыққан Кеңес елінің саясаты еді. Батыс елдері бұларды сынап, адамның құқы мен бостандығын, саяси еркін, сайлау құқын сақтауды талап етті. Ал мұндай талаптар тек бірпартиялық диктатуралық режімді ғана мойындайтын кеңестік саясатқа жарадай көрінді. Сондықтан, кейін «қырғи-қабақ соғысқа» ұласқан тоң-торыстық одақтастардың шеруге үлкен мән беруіне кедергі жасаған.

Әйтсе де, одақтастар әскері бұл шеруге қатысқан. Әрбір одақтас елдің әскерінен мың адамнан тұратын бір-бір құрама полк және бронды танк бөлімдері қатыстырылған. КСРО-дан ең соңғы, сол кезде ең күшті деп танылған аса ауыр ИС-2 танктерінің 52 бірлігі де болыпты. Бұларды Г.Жуков одақтастарға қыр көрсету үшін әдейі шығарған деген сөз бар.

Шеруге Ұлыбританияның Бірік­кен Корольдігі әскерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Б. Монтгомери, Құрама Штаттар әскерінің бас қолбасшысы, генерал Д.Эйзенхауэр, Француз Республикасы әскерінің басшысы, генерал Ж.Делатр де Тассиньи қатыспағандықтан, оны Г.Жуков жалғыз өзі қабылдаған. Ал шеруге команда берген Ұлыбритания генералы Эрик Нэйрс.

Тағы бір Жеңіс шеруі Жапонияны жеңген соң Қытай қаласы Харбинде 1945 жылдың 16 қыркүйегінде өткен. Оған да Берлиндегі алғашқы шеру сияқты нағыз жеңімпаздар қатысқан.

1945 жылдың 2 қыркүйегінде Кеңес Одағы бір-біріне шабуылдамай, бейтараптық ұстанатыны жөніндегі 1941 жылдың 13 сәуірінде Мәскеуде қол қойылған шартты бұзып, Жапонияға соғыс жариялады. Ал Жапония бұл шартты берік ұстанып, одақтасы Гитлер қанша қысым көрсетсе де КСРО-ға шығыстан шабуыл жасамаған еді. Батыстағы жеңістің қызуымен рухы көтерілген кеңес жауынгерлері мұнда да ерен ерліктің үлгісін көрсеткен. 24 күннен кейін Жапония «Миссури» линкорында Тізе бүгу туралы актіге қол қойды.

Харбин қаласында шеру осы жеңіске байланысты болды. Оған 1-ші Қиыр Шығыс армиясы артиллерия әскерлерінің қолбасшысы К.Казаков команда беріп, армияның қолбасшысы, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры генерал А.Белобородов шеруді қабылдаған. Шеруге қатысқан әскер шаң мен оқ-дәрінің иісі сіңген соғысқа қатысқан киімдерімен шығып, жеңімпаздардың нағыз табиғи келбетін көрсеткен.

Майданнан шыққан барлық құрамалардың жауынгерлері сап түзеп, артынан зеңбіректер, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар мен танк­тер де жүріп өткен. Бұл да 1945 жылғы 4 мамырдағы Берлиндегі шеру сияқты жеңімпаздардың еш боямасыз қалыбын, рухы мен қуанышты көңіл-күйін көрсеткен нағыз Жеңіс шеруі еді. Ол да ұмыттырылып, тарих оқулықтарында айтылмай келеді.

Міне, Ұлы Отан соғысындағы жеңіске байланысты болған шерулердің қысқаша тарихы осындай. Тарих саясатқа қарағанда шыншыл, оған ештеңені алып-қоса алмайсың. Тек саясаткерлер оны өзгертіп, өзіне жағымдысын, керегін ғана қалдырмаққа тырысып бағады. Алайда, бір кездері бәрібір әділеттік жеңіп, барлық тарихи шындық боямасыз, әділ күйінде жарыққа шығады".

Соңғы жаңалықтар