ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Жеңіс күні жер бауырлап ұшқан ұшақтан үрейленгеніміз есімде - тыл еңбеккері В.Нинахова (ФОТО)

Ол 1933 жылы Ақмола облысы Атбасар ауданы Борисовка ауылында дүниеге келіп, сол жерде еңбек еткен. Анасы есін білер-білмес кезінде, 3 жасында қайтыс болған Вераның әкесі майданға аттанғанда ол небәрі 8 жаста еді. Осылайша, кішкентай Вера ағасы Петрмен бірге әжесінің тәрбиесінде қалады.
«Ұжымшарда жұмыс істейтін әжеме тау-тау қамырды илеуіне көмектесетінім есімде қалыпты», деп еске алды ол соғыс жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдерге толы балалық шағы туралы сұрағанымызда.
Соғыс басталғанда әлі бұғанасы қатпаған бүлдіршін қыз ауылда жүріп әрі мектепте оқып, әрі, сәбіз, қызылша, картоп егіп, бау-бақша күтісіп, күзде комбайн жинаған астықты тасымалдап, сөйтіп, майданда жаудың тықсырылуына қал-қадірінше өз үлесін қосқан. Осы еңбектері үшін «Жеңістің 65 жылдығы» және «Жеңістің 70 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
«Сұрапыл соғыс жылдарында ел Жеңісі үшін сіңірген еңбегім тек кейінгі жылдары ғана еленсе де, еш өкпем жоқ, тек еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен», - дейді Вера Григорьевна.
«Жеңіс күні есімде қалғаны, әжеміз екеуміз бақшада жемістерімізді түптеп, жұмыс істеп жүрген едік. Кенет тым төмендеп, жер бауырлап ұшып келе жатқан ұшақты байқадық. Үрейі ұшқан әжем «Немістер келіп қалды ма?» деп мені бауырына басты, екеуміз бұқпантайлап қалдық. Қарасақ, ұшақ листовкалар тастап жүр екен. Мен жүгіріп жүріп, олардың біразын жинап алдым. Әжем «не қағаз, оқышы» деген соң мұның Ұлы Жеңіске жеткеніміз туралы хабар таратқан қағаздар екенін білдім. Әжем оларды естелік болады, жинап қой, деген соң бір бума етіп жинап қойдық», - деп сол бір ұлан-асыр күнді тебірене есіне алды тыл еңбеккері.
Көргені мол, түйгені көп әженің аянбай маңдай терін төгіп, еткен еңбегі жайлы тағы бір естелігі: «Шөп жинайтынбыз, қиды тазалап, оны илеп, кірпіш тәрізді етіп бірінің үстіне бірін қалайтынбыз. Соны машиналарға тиеп жөнелтетінбіз. Ол кезде көмірдің, ағаштың тапшы кезі, олардың орнына осы тезекті отын ретінде жағатын».
Армансыз адам бар ма! Асыл әже орайы келіп орындалмай, өзегін өртеп жүрген тілегі барын да жеткізді. Ол - жауға қарсы ерлікпен шайқасқан әкесінің қайда жерленгенін біле алмай, ол жайлы еш мәлімет таба алмай жүр екен.
«Әкем жау қоршауында қалған кезде қолындағы минасын лақтырып жіберіп, дұшпанмен бірге өзі де ажал құшқанын білдік. Одан тек «Тягло Григорий Сергеевич Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапты» деген бір жапырақ қағаз ғана келді. Кейінгі жылдары іздеу салып көрген едік, Ресейдің Сочи, Краснодар қалаларынан Тягло тегімен біреулер хабарласты, олардан сұрастырсақ, «біздің Қазақстанда ешқандай туысымыз болған емес», деген жауап алдық, сөйтіп бұл іздеуімізден еш нәтиже шықпады. Шіркін, әкемнің жатқан жері жайлы біліп, сол жердің бір уыс топырағын ала алсам», - дейді көзіне жас алған тыл еңбеккері.
Соғыстан кейінгі жылдары құрбысы үгіттеген соң онымен бірге ілесіп 17 жасында Қарағанды қаласына келген. Мұнда Нина Григорьевна «Қарағанды көмір» бірлестігіне жұмысқа тұрады. Сол жерде маңдай терін төгіп көптеген жылдар бойы еңбек етеді. Көмірлі қаладан Ресейдің түкпір-түкпіріне жөнелтілетін вагон-вагон «қара алтынның» еш ысырапсыз, тиісті жеріне уақытылы жіберілуіне жауапты болды. Сол жылдары Сталиндік еңбек екпіні және Еңбек ардагері медалімен марапатталған.
«Кейінгі ұрпақ, сендер, аман болыңдар, бар заман, бақытты заман сендердікі», - деген ізгі тілегін білдіріп шығарып салды бізді Жеңіске ерен еңбегімен есіл үлесін қосқан ана.
Гүлнәр Жомартова