Жеңістің 70-жылдығы: Петропавлда «Естелік уақыттан да қымбат» атты көрме ашылды (ФОТО)

«Соғыс жылдары біздің облыстан 74 мыңнан астам адам соғысқа шақырылды, оның ішінде Петропавлдан - 26 мың, 45 мыңнан астамы қайтып оралмады. Біздің көрмеміз де майданнан оралмаған сарбаздар мен ардагерлерге арналады. Көрмеге солтүстікқазақстандықтардың соғыста, тылда жүріп өткен жолдары, ерліктерін паш ететін портреттер, топтық суреттер мен соғыс жылдарындағы плакаттар қойылған», - деді мұражай маманы В. Андреева.
Көрмеде айқастан кейін сарбаздар мен офицерлер дем алатын уақытша тұрақ қойылды.
Соғыста тәркіленген заттар үлкен қызығушылық тудырады. Онда фашист сарбаздарының киім-кешегі, наградалары, тұтқынға тапсыру парақшалары бар.
Әскери әйел дәрігерлер, медбикелер, аудармашылар, ұшқыш, партизан қыздар жайлы ерекше деректер бар.
«Біз бұрын әйелдерге аса мән бере қоймайтынбыз. Осы жолы төрден орын бердік. Олар сұрапыл соғыста қиыншылықты бөлісе білген нәзік те уыздай жас қыздарымыз ғой. Олар барлаушы, тазалықшы, дәрігер, радист те болды, сарбаздарды иықтарына арқалап жүріп ем жүргізген».