Жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында қоржынға тағы үш медаль түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында жеңіл атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар үш медаль алды.

Құрлықтық додада әйелдер арасында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Нора Джеруто алтыннан алқа тақты. Көрсеткіші — 9:10.46.
Қазақстандық тағы бір спортшы Дейзи Джепкемей (9:12.46) қолаға қол жеткізді.
Ал ел құрамасынан Елизавета Матвеева биіктікке секіруден 1.86 метрді бағындырып, екінші орын алды.
Елизавета Матвеева 2023 жылғы Азия чемпионатында да 1.86 метр биіктікке секіріп, күміс жүлдеге ие болған еді.
Дәл осындай нәтижеге қол жеткізген Надежда Дубовицкая бүгін қосымша көрсеткіштер бойынша жүлдеден тыс қалды. Қола жүлде өзбекстандық Сафина Садуллаеваға бұйырды.
Айта кетейік, отандастарымыз 2019 жылдан бері дәл осы сайыс түрінде жүлде алып келеді.
Аталмыш сары құрлық бәсекесіне 39 елден 567 атлет бақ сынап жатыр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Дейзи Джепкемей 10 000 метрге финалда жеңіске жетті.