Жеңіс шеруі, Джей Ло концерті: елордалық өрт сөндірушілер ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда жұртын өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырды.

Нур Алем, ЭКСПО, Астана
Фото: Kazinform

— Тұрғындарды өрттің алдын алуға бағытталған сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Себебі биыл өрт қаупі жоғары кезеңде елордада ауқымды республикалық және халықаралық іс-шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар, Құрылтай отырысы және әлемдік деңгейдегі әртістердің қатысуымен өтетін концерттер өтеді. Сондықтан әр азаматтың қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы — тек өзінің ғана емес, бүкіл қоғамның тыныштығына қосқан үлесі екенін ескеруіміз қажет, — деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Әділ Братаев Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Төтенше жағдайлар департаменті ескертеді: 
— от жақпаңыз;
— қоқысты өртемеңіз;
— аумақты құрғақ өсімдіктер мен терек мамығынан уақтылы тазартыңыз;
— от шыққанын байқасаңыз, дереу «112» нөміріне хабарласыңыз.

— Аталған іс-шаралардың маңыздылығы мен оларға азаматтар мен шетелдік қонақтардың ерекше назар аударатынын ескере отырып, кез келген төтенше жағдай, өрт, қоғамда жағымсыз пікір қалыптастырып, елорда мен жалпы еліміздің имиджіне кері әсерін тигізуі мүмкін, — дейді маман.

Бірнеше күн бұрын елордада жатақханадан өрт шығып, 50 адамды эвакуациялаған еді. 

Сондай-ақ биыл наурызда Астанада 60 адам өрттен құтқарылды.

Соңғы жаңалықтар