Жеңіске үлес қосқан қалаларға «Еңбек даңқы қаласы» атағы беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — ТМД елдерінде екінші дүниежүзілік соғысқа ерекше үлес қосқан қалаларға арнайы атақ беріледі. Бұл туралы «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті. 

Бақтықожа Ізмұхамбетов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— ТМД елдері басшылары кеңесінде 1941-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғыста әскери және азаматтық өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етіп, Жеңіске үлес қосқан қалаларға «Еңбек даңқы қаласы» атағын беру жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл атақтың қай қалаларға берілетінін әр ел өз бетінше шешеді, — деді Бақтықожа Ізмұхамбетов елордада өткен ардагерлердің республикалық кеңесінде.

Оның айтуынша, «Еңбек даңқы қаласы» атағын беруді арнайы комиссия қарайды.

— Біз комиссия құрамына ардагерлер кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Абай Тасболатовты ұсындық. Соғыс жылдарында Қазақстан шикізат пен азық-түлік базасына айналғаны, қорғаныс өнеркәсібін, оның ішінде көмір, түсті металл өнімдерімен қамтамасыз еткені баршаға мәлім. Майдан даласында атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда құйылды, — дейді ол.

Осылайша республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы елімізде бірнеше қаланың аталған даңққа лайық екенін айтып отыр.

Бүгін елордада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің III пленумы өтті

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Бүгінде бес өңірде соғыс ардагерлеріне төлем жасалды

Айта кетейік, биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде екінші дүниежүзілік соғысының 111 ардагері бар

Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай ел аумағында екі мыңдай іс-шара өтеді

Сондай-ақ Жеңістің 80 жылдығына орай елордада өтетін әскери шеру барлық республикалық телеарна мен LED экрандардан тікелей көрсетіледі

Соңғы жаңалықтар