Жеңістің 80 жылдығы: Ақын Абдолла Жұмағалиев туралы тың деректер жария етілді
ОРАЛ. KAZINFORM — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және қаһарман ақын Абдолла Жұмағалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай туған жері — Сырым ауданында мерейтойлық іс-шаралар өткізілді.

«Жеңісті жақындатқандар және ескерілмеген ерліктер» деген тақырыптағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ақын әрі батыр Абдолла Жұмағалиевтің өмірі туралы деректер ортаға салынды.

Жиында журналист, өлкетанушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қазыбек Құттымұратұлының мәлім еткеніндей, Абдолла Жұмағалиевтің ақындығы, Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен өшпес ерлігі туралы біршама жазылғанымен, оның өміріндегі ақтаңдақтар жөнінде айтылмай келеді. Соның бірі — Абдолланың Орал педагогикалық институтында оқыған кезеңі.

Абдолла «Мәдениет майданы» деген қабырға газетінде басылған мақаласында институттағы оқу процесінің қазақ тілінде өз деңгейінде жүргізілмейтінін сынаған. Бұл біршама дүрбелең туғызған.

— Екіншіден, тарихшы-ғалым Мұрат Сыдықовтың «История и историки. Хроника сталинской эпохи» кітабында институтта әрекет еткен студенттердің «Сұрпақбайлар» тобының 1935 жылы әшкереленгені тарқата жазылған. Осы ұйымның көсемдері Балтан Нарымбаев, Хасан Жапақовтар 7 жылға сотталып кетсе, солардың тобында болған Абдолла оқудан қуылған. Орал қаласынан жедел кетіп, әуелі Қызылорда, кейін Алматыны паналаған. Қудалауға түскендердің бәрі өз заманының алдыңғы қатарлы жастары, оқу үздіктері еді. Мұны сол кездегі суреттер де айғақтай түседі, — дейді Қ.Құттымұратұлы.
Оның пікірінше, А.Жұмағалиевтің соғысқа дейінгі өмірі әлі де зерттей түсуді қажет етеді.
Жуырда «Жымпиты — Мәскеу: Абдолла ізімен!» атты тарихи-танымдық экспедиция сапардан оралды.
Экспедиция мүшесі, өлкетанушы Нұржан Төлеповтің сөзіне қарағанда, замандастары талай рет жазса да, Абдолла Жұмағалиевтің майдандағы ерлігі ресми билік тарапынан ескерілген жоқ. Белгілі жазушы Дмитрий Снегиннің «Шалғайдағы кіре берісте» деген повесінде Абдолланың ағаштан салынған қамбаға бекініп, оны алынбас қамалға айналдырғаны суреттеледі. Ақыры жау қамбаны өртеп тынады. Ағаш үй сақталмаса да, 84 жыл өткен соң оның орнын көрудің сәті түсті.
— Волоколамскілік іздеуші Сергей Бобиновтің көмегімен Абдолла Жұмағалиев өртеніп кеткен үйдің орны анықталды. Екіншіден, Волоколамскідегі музейге Абдолланың өмірбаяны мен суреті қойылатын болды. Үшіншіден, Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі орталық архивіне сұрау салынды. Одан да тың дерек табылып қала ма деп үміттеніп отырмыз, — деді экспедицияның тағы бір мүшесі, Сырым Датұлы атындағы өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбай.
Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша өкілі, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бауыржан Құрманқұлов Жосалы ауылындағы Абдолла Жұмағалиев атындағы орта мектепте білім алып, содан түлеп ұшқанын мақтан ететінін жеткізді.
Ұлттық құрылтай мүшесі, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО бойынша өкілі, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Ғұбайдуллин Абдолладай қаһарман ақынға алдағы уақытта да құрмет көрсетіле беретінін атап өтті.
Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында Абдолла аллеясы ашылып, ағаш көшеттері отырғызылды.

Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінде «Күлден шыққан гүл» атты поэтикалық трагедияның (авторы Бауыржан Ширмединұлы, режиссеры Алмат Шәріпов) тұсауы кесілді.

— Абдолла Жұмағалиевтің ерлігін алғаш рет паш еткен жан досы, ақын Қасым Аманжолов екендігі мәлім. Сондықтан қойылымда Қасым бейнесі де сомдалды. Алдағы уақытта спектакльді Орал қаласы мен облыс аудандарында ғана емес, Қарағанды қаласында да қоюды ойластырып отырмыз, — деді Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қаһарман ақын Абдолла Жұмағалиев туралы деректі фильм түсірілетінін жазған едік.