Жеңістің 80 жылдығы аясында ТМД елдерінің журналистері Минскіде бас қосты
МИНСК. KAZINFORM – Беларусь Республикасының Ақпарат министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі ТМД және ЕАЭО елдерінің БАҚ өкілдері арасында баспасөз турын ұйымдастырды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Бұл іс-шара Жеңістің 80 жылдығына арналды және ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға, тарихи жадыны сақтау мақсатына бағытталды.
Аталмыш тур Беларусь астанасы – Минск қаласымен танысудан басталды. Тілшілер Тәуелсіздік алаңы және басқа да маңызды көрнекті орындарды аралады.
Баспасөз турына қатысушыларға ерекше әсер еткен нысан қазіргі Минсктің символына айналған Ұлттық кітапхана болды. Бірнеше күн бойы қала көшелерімен жүріп өткен журналистер оның тазалығы мен көркіне, тарихи және заманауи сәулет өнерінің үйлесімділігіне бірауыздан жоғары бағасын берді.

Журналистер Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға арналған мемориалдық кешендерге де барды. Олардың қатарында 1943 жылы соғыс кезінде толығымен жойылған Хатынь ауылы да бар. Бұл мемориал бейбіт тұрғындардың өмірін жалмаған қасіретті еске салып тұр. Іс-шараға қатысушылар сондай-ақ Екінші дүниежүізілік соғыс тарихы музейіне табан тіреді.
Сонымен қатар журналистер өнеркәсіптік кәсіпорындарды, тарихи-мәдени мұра объектілерін және ұлттық саябақтарды аралады. Пресс-тур ТМД және ЕАЭО елдерінің БАҚ өкілдері арасында тәжірибе алмасу үшін маңызды алаңға айналды. Бұл Беларусь елін жоғары технологиялы негізі бар, табиғи байлық әлеуеті мол, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде тануға мүмкіндік берді.

Шетелдік БАҚ өкілдері мұндай іс-шаралардың тарихи жадыны сақтау, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Ұйымдастырушылар осындай баспасөз турын тұрақты түрде өткізуге үміт білдіріп, бұл бастама ақпараттық ынтымақтастықты дамытуға және елдер арасындағы мәдени байланыстарды күшейтуге сеп болады деп сенім білдірді.