Жеңістің 80 жылдығын тойлаудың бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығын Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында атап өтудің жоспары бекітілуі мүмкін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысында айтты. 

Жеңістің 80 жылдығын тойлаудың бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілуі мүмкін
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Ардагерлердің қаһармандығы, тыл ардагерлерінің еңбектегі ерен ерлігі біздің жадымызда мәңгі қалады. Олар бәріміз үшін шексіз мақтаныш пен сыйластықтың сарқылмас көзі. Атаулы күннің қарсаңында ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесін қабылдап, айтулы датаны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту маңызды деп санаймыз. Бүгін айтылған ұсыныстар мен бастамалар ұйымға қатысушы мемлекеттердің мүддесі үшін іске асырылатынына сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан ұйымға төрағалық еткен кезде 60-қа жуық маңызды шара ұйымдастырылғанын атап өтті. 

«Құрметті әріптестер, Қазақстанның ҰҚШҰ төрағалығы аясында ынтымақтастықтың жарғылық бағыттары бойынша 60-қа жуық іс-шара өткізілді. Біз серіктестермен бірге келісілген тәсілдерді халықаралық аренада ілгерілету бағытында жұмыс істедік», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар