ЖЭО жұмысындағы іркілістер неліктен «технологиялық ақау» деп аталды

ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жылу электр станциялары жұмысындағы ақаулар неліктен апат емес, технологиялық бұзушылық болып саналатынын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

Риддер ЖЭО инвесторы объектіні мемлекетке 1 теңгеге сатты
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

«Технологиялық бұзушылықтар біліктілігінің анықтамалығы бар – олар бірінші, екінші, үшінші дәрежелі болып бөлінеді. Яғни, ненің апат деп саналатыны, ненің технологиялық бұзушылық деп саналатыны жазылған. Классификатор бойынша бұл – технологиялық ақаулар», - деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев Үкіметте өткен брифингте.

Энергетика министрі бірнеше өңірдегі ЖЭО жұмысында неге бір мезгілде ақау болғанын түсіндірді.

«Күн суытып, станцияларға қысым жасалды, алайда желілер ескірген еді. Бұған дейін айтқанымдай, статистикаға сәйкес, алғашқы суық түскенде жүргізілген жөндеулерден кейінгі бірінші жүктеме белгілі бір технологиялық ақауларды көрсетеді. Бұл ақауларды дер кезінде реттеу маңызды. Бұл терминологияның принципі неде? Апат деп атауға болады, бірақ технологиялық тілмен айтқанда, бұл «технологиялық ақаулар», - деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев.

Естеріңізге сала кетейік, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Риддер, Теміртау және Екібастұз ЖЭО жұмысындағы жағдайды «технологиялық ақау» деп атады.

Министрдің айтуынша, технологиялық бұзушылықтар сипатына сәйкес, аталған жағдайлардың ешқайсысы апатқа жатпайды.