«Жер аманаты» комиссиясы Терещенко, Әбіқаев сияқты азаматтарға тиесілі жер телімдерін тексеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокуратураға «Жер Аманаты» жер комиссиясы бірнеше облыста анықтаған заңсыздықтарды тексеруді сұрап, сауал жолдады.

жер телімі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Депутат комиссияға келіп түскен шағымдар негізінде жер заңнамасын өрескел бұзудың бірнеше мысалын жеке-жеке баяндады.

10 жыл бойы игерілмеген 351 телім

— Жетісу облысының Алакөл ауданында 2025 жылдың 25 сәуірінде жасаған іссапар кезінде Ақши ауылында су жағасына коммерциялық мақсаттағы 351 жер учаскесінің 2016 жылдан бері игерілмей, пайдаланылмай жатқанын көзбен көрдік. Басқаша айтқанда, берілген жерлердің бос жатқанына 10 жыл толды. Сонда осы уақытқа дейін заң бойынша 3 жылдың ішінде игерілмей, пайдаланылмай және мәжбүрлі түрде сот шешімімен мемлекетке қайтарылатын 351 жер учаскесін жергілікті аудан әкімдігі, ауданның жер, құрылыс және сәулет бөлімдері, облыстық жер ресурсын басқару департаменті басшылары мен қызметкерлері неге байқамаған? Қайда қараған? Қазір қолымда осы жерлердің бәрінің кадастрлық нөмірі мен аты-жөні бар. Тиісті тексерісті ашамыз, — деді ол.

Терещенконың жері

Айтуынша, Сарқан ауданында тіпті түсініксіз жағдай анықталған.

— Аудан әкімі мен азаматтардан түскен өтініштер «Март-Агро», «Сарканд-МТС-Агро», «Сарканд-Агро» сияқты кәсіпорындар берілген жерді игермей, пайдаланбай келеді деген уәж айтады. Кейбір аталған кәсіпорындардың артында бұрынғы Премьер-министрі С. Терещенконың жері де бар, — дейді Бақытжан Базарбек.

Депутат бұл фактіні Жетісу облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті теріске шығарғанын айтады. 

— Дептаменттің ақпараты бойынша, жоғарыда аталған жерлер игеріліп жатыр, жер инспекторлары заң бұзылмады деп отыр. Ал Сарқан ауданының әкімі мен бізбен кездескен халық игерілмей жатыр деп байбалам салуда. Бұл жағдай, әрине, Бас прокуратура мен Жер ресурстарын басқару комитеті тарапынан тиісті тексеруді қажет етіп отыр, — деді ол.

Қарасай ауданындағы заңсыздықтар

— Алматы облысының Қарасай ауданында ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жалған құжаттармен заңсыз бөлу, сегментациялау өрбіп, бақылаусыз кетіп қалған. Жер кодексінің 110-бабы бойынша республикалық маңызы бар қалалардың маңындағы аймақтарда ауыл шаруашылық телімдерді бөлуге, сегментациялауға тыйым салынған. Ал қолымдағы материалға сүйенсек, 2024 жылдың 24 желтоқсанында Іргелі ауылдық округінде № 17223 кадастрлық нөмірі бар ауылшаруашылық мақсатындағы шаруа қожалыққа берілген 8 гектар жерді әкімдіктің жалған мөрімен, жер қатынастары бөлімі басшысының, әкімнің жалған қолтаңбасымен телімнің бастапқы ауданы екіге бөлінген. Кейін оның бір бөлігін 83 учаскеге бөліп тастаған. Қазір ешкім қылмыстық іс қозғағысы келмейді. Неге, — деп сұрады Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, Елтай ауылдық округінде ауылшаруашылық мақсатқа берілген жер өнеркәсіп жүйелеріне айналдырылып, жаңа кадастрлық нөмірлермен 30-ға жуық телімге заңсыз бөлінген.

— Бұл фактіні прокурорлар, жер инспекциясы мен «Жер аманаты» комиссиясы тексермеу үшін аталған жердің кадастрлық нөмірі мен кадастрлық ісін тіпті архивтік нұсқасын тығып тастаған. Мұндай жағдайлар тек қана Қарасай ауданында емес, Талғар, Іле ауданында да орын алып отыр. Бұл жерде аудан әкімдігіндегі лауазымды тұлғалардың арасынан ұйымдасқан қылмыстық топтар жұмыс істеп тұр, — деді Бақытжан Базарбек.

Ресей азаматтарына жер беріліп жатыр ма?

Депутаттың сөзінше, «Жер аманаты» комиссиясына ауылшаруашылық мақсаттағы жер телімдерінің шетелдік азаматтар иелігіне өту қаупі туралы арыз-өтініштер түсіп жатыр. 

— Нақтырақ айтқанда, Ақмола облысы Сандықтау ауданында 2004 жылы жер үлескерлері құрған «СПХ Полина» ЖШС-нің 79 пайыз үлесін құрылтайшы «Достық синтез» ЖШС Ресей Федерациясының азаматын сыйға берген. Кейін сол шетел азаматы жарғылық капиталдың қалған үлесін 2022-23 жылдары 30 үлескерден сатып алып, өзіне жалпы аумағы 1000 гектар ауылшаруашылық жерді рәсімдеп алғаны туралы ақпарат қолымызға түсті. Басқаша айтқанда, ауылшаруашылық мақсаттағы кәсіпорынның жарғылық капиталы инвестор ретінде кіріп алып, кәсіпорын мүлкін сатып алып, жер пайдалану құқығын шетелдікке рәсімдеп алу үрдісі тек Ақмола облысында ғана емес, Солтүстік Қазақстан облысында да орын алып жатқаны туралы ақпараттар қолымызға түсіп отыр, — деді ол.

Депутат осы фактілердің бәрін Бас прокуратура тексеру керек деп отыр.

— Жоғарыда аталған мән-жай мен фактілерді ескере отырып, бас прокуратурадан Алакөлдің жағасында пайдаланылмай жатқан 351 учаскені, Сарқан ауданындағы «Март-Агро», «Сарканд-МТС-Агро», «Сарканд-Агро» компанияларының жерлерін тексеруді, Ақмола облысындағы «СПХ Полина» ЖШС-не тиесілі болған жерді пайдалану құқығы шетел азаматтарына берілу фактісін тексеруді сұраймын, — деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, ол Бас прокурордан бұған дейін сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған атышулы генерал Новиковтың атындағы жерге шектеу қоюды сұрады.

— Сөзімнің соңында «Жер аманаты» комиссиясы қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстары комитетімен бірге Терещенко, Әбіқаев және басқа да жоғары лауазымды тұлғаларға тиесілі жер телімдерін тексеріп жатқанын айта кетейін. Бірлесе отырып мұндай жайттардың артында кім тұрғанына қарамастан жерлерді тексеру жұмысын жалғастыра береміз. Жаңа фактілерді биыл қыркүйек айында қоғамға жеткіземін, — деді Бақытжан Базарбек.

Бұған дейін Алматы облысы Кеген ауданының әкімдігі Көлсай көлдерінің етегінде жатқан Саты ауылындағы жер дауына байланысты тексеру бастағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар