Жер бөлетін комиссияның басым бөлігі қарапайым халық өкілдерінен болуы керек - Д. Көшім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер бөлетін комиссия мүшелерінің басым бөлігі атқарушы биліктен емес, қарапайым халық өкілдерінен тұруы тиіс. Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның отырысында саясаттанушы, комиссия мүшесі Дос Көшім осылай мәлім етті.
None
None

Дос Көшімнің айтуынша, жерді бөлетін, оған қатысты конкурсты өткізетін комиссияның жұмысы ашық әрі жариялы түрде болуы керек. «Қолданыстағы ережеде жерді бөлетін комиссиялар тұрақты жұмыс істейді деген норма бар. Бірақ, олардың мерзімі де құқығы да нақтылануы шарт. Өйткені, әкім ауысқан сайын өзіне тиімді комиссияны құрып алады. Сондықтан да, біз жерді бөлу комиссиясы бес жыл тұрақты мерзіммен жұмыс істеуі керек деген норманы ұсынып отырмыз»,- деді Дос Көшім.

Оның айтуынша, қолданыстағы тағы бір олқы мәселе  комиссияның мүшелер санына қатысты.

«Біз жер бөлу комиссиясына сол аудандағы барлық ауылдық округтерден бір адамнан мүше болуы керек деп санаймыз. Комиссия ай сайын жұмыс істемейді, тек жер бөлетін кезде ғана бас қосады. Сондықтан да, ол комиссияда әрбір ауылдың өкілі болуы шарт», - деді Д. Көшім.   Бұдан бөлек, саясаткер жер бөлу комиссиясының құрамында аудандық прокурор міндетті түрде болып, оның заңдылығын қадағалап отыруы қажеттігін атап өтті. «Қысқасы комиссияның үштен бірі ғана нақты мамандар мен билік өкілінен тұрса. Қалған үштен екісі қарапайым халықтың өкілінен болуы керек», деді Д. Көшім.

Сонымен қатар, ол конкурстық комиссиялардың міндетті түрде ашық өтуі қажеттігін еске салды. Оның айтуынша, бұл қолданыстағы ережеде қарастырылмаған. Осыған байланысты, жер бөлуге қатысты конкурстық комиссияның жұмысына қызығушылық танытатын азаматтардың кез келгені толық қатыса алуы шарт.

«Біздің қолданыстағы ережеде бір қызық бап бар екен: егер комиссия мүшелерінің дауысы тең болса, онда төрағаның дауысы екі дауысқа ие болады деп жазылыпты. Бұл баяғы архаизмнің қалдығы. Адам құқығын бұзатын бұндай норма болмауы керек. Әр адам тек бір дауысқа ие болуы тиіс», деді Д. Көшім.

Сөз арасында саясаткер конкурстық талаптарға қатысты сыбайлас жемқорлықтар көрінісін жоюға да назар аудартты. Оның айтуынша, конкурстың талаптары қазір соның жеңіп алатын тарапқа ыңғайлы жасалады. «Бұл жасырын да емес. Мәселен, ұтатын адамда мынадай маркадағы бес тракторы болуы керек деп жазады. Сүйтіп, тек жеңуі тиіс адамға ғана лайықталған талаптар жазылады. Сондықтан да, конкурстың талаптарын қайта қарайық», деді ол.

Соңғы жаңалықтар