Жер - халық қазынасы

Алдымен, жалпы менің көзқарасым, кез келген мәселені дау-жанжал, ұрыс-керіс, қантөгіс жолымен емес, билік пен халық арасындағы бейбіт, сындарлы пікір алысып, бір тұжырымға келу арқылы шешу қажет екендігін айтқым келеді, дейді «ана тілі» ұлт газетіндегі мақаласында ҚР ҰҒА академигі, Әлеуметтік экономика және қаржы институтының директоры Ораз Баймұратов.
Әңгімені осы аталған, яғни Қазақстанда жерді сату керек пе, әлде жалға беру керек пе деген мәселенің мені өткен ғасырдың соңынан бері толғандырып келе жатқанын айтқым келіп отыр. Ғалым әрі азамат ретіндегі өз көзқарасымды мен «Ұлттық экономика жүйесі» атты кітабымда (Алматы, 2000 ж.) баяндаған болатынмын. Бүгінгі жағдай талқыланып келе жатқан мәселеге қайта оралу керектігін көрсетіп отыр. Гамлеттің «болсын ба, болмасын ба?» деген сұрағына жауап беруге тырысу үшін өз ойларыммен бөліскенді жөн көрдім. Жауапты «Сцилла мен Харибда» арасында іздеуге тура келеді. Оңай емес, бірақ оны табуға болады және қазіргі таңда бұл өте қажет.
Жауапты елдің ішінен емес, бүкіл дуалды әлемнен, жаһандану үрдістерін ескере отырып, іздеу керек. Біз «Гармония - дисгармония» дуалдығын қарастырып отырмыз. Әлеуметтік Гармония - бұл игілік, бейбіт те тұрақты даму жолы, басқа да толып жатқан түрлі-түрлі оңтайлы істер.Қысқаша айтсақ - әрдайым Жаратушының Тура жолымен жүру, осының негізінде бүкіл қоғамның өмірін ұйымдастыру деген ұғым. Әлеуметтік дисгармония - бұл шегі жоқ дағдарыстар, жанжалдар, лаңкестік, бүлік, тағысын тағы теріс құбылыстар. Гармония деген сөзді бас әріппен жазамыз және ол ешбір тілге аударылмайды. Бұл - бүкіләлемдік ұғым.
Адамзаттың көпшілігі үлкен қауіптің алдында тұр - материалдық байлықты қуа отырып, кез келген әдіспен (соғыс, лаңкестік, сыбайлас жемқорлық, қаржы пирамидалары, алаяқтық, есірткі трафигі және басқалар) шынайы руханилыққа және өнегелілікке негізделмейтін біржақты экономикалық рационализм - дисгармония бағытына бұрылып жатыр, яғни мұның өзі шыңырауға құлдилау болып табылады. Дисгармония әлеміне ежелден дағдарыстар, жанжалдар, аласапыран бүліктер тән, бұлар тұрақты түрде қайталана отырып, тереңдей түсіп, түптің-түбінде халықтар мен өркениеттердің жойылуына алып келеді. Адамзаттың сонау көне дәуірден күні бүгінге дейінгі тарихы осыған дәлел. Жаратқанға иланбаған халықтардың қайғылы тарихтары, тағдырлары бесенеден белгілі. Жаратқанға сенбегеннен, моральдік азғындағаннан жер бетінен жойылған Ад, Самуд, Содом және Гоморра халықтарын, Фараондарды және басқаларды еске алайық. Кейінгі фактілерді мен бұл жерде айтпай отырмын. Аталған халықтар материалдық тұрғыдан бай, ал рухани тұрғыдан жұтаң, өнегелілік тұрғыдан көп жағдайда азғындаған болатын.
Осындай ахуалдың қазіргі жағдайларда қайталанбасына кім кепіл? Керісінше, ғылым табиғатқа антропогендік, яғни адамдардың араласуы аласапыран (жер сілкіну, құрғақшылық, топан су, қара дауыл, тайфундар, жанартаулар) туғызатынын айғақтап отыр. Сонымен қатар қаржылық-экономикалық дағдарыстар адамдардың өміріне теріс әсерін тигізіп жатыр. Деректер бойынша, соңғы 45 жыл ішінде осындай 500-ден астам дағдарыс болды! Ал демографиялық дағдарыстар мен әскери-саяси жанжалдар, лаңкестіктер, жеке адамның моральдік азғындауы қаншалық шығын әкеледі? Сонымен, ойланатын және қоғам бағытын айқындайтын, яғни біз Гармонияға келе жатырмыз ба немесе керісінше, одан теріс айналып, адасудамыз ба, осыны анықтап алатын мезгіл жетті. Дисгармонияның тұйық жолымен жүру қай ақылға сияды?
Қазіргі кезде, әсіресе келешектегі бақытты және мәңгі өмірге апаратын Гармония бағытымен жүру дау туғызбайды. Оның парадигмасы «D+3D» қарапайым формуласымен бейнеленеді, оның заңдары әлемдік ғылымда алғаш рет біздің Қазақстанда ашылды. Бұл 4 «D» мына қоғамның сфераларын көрсетеді: 1 - демоэтика (шынайы дін, тіл, білім, ғылым, әдептілік, басқа рухани құндылықтар жатады), 2 - демография, 3 - демократия және 4 - демоэкономика (әлеуметтік экономика). Осылардың бір-біріне сәйкес дамуы елдің бүкіл проблемаларын шешу үшін негіз бола алады, бұл әсіресе жерге деген жекеменшік мәселесіне қатысты. Өйткені жер - күрделі, көпқырлы категория, оның рухани-өнегелілік, экономикалық, тарихи, мәдениеттанушылық, геологиялық, географиялық қырлары бар. Осылардың қайсыбірін шеше отырып, біз өзгелерінің әсерін де ескеруіміз керек.
Шектен шықпау, ақылға қонымдылық, адалдық, әлеуметтік әділдік пен жауапкершілік,тазалық, адамның құқықтары мен міндеттерін құрметтеу, бейбітсүйгіштік, өзара сенім және әріптестік, басқа да рухани-өнегелілік құндылықтар Гармонияға қарай бет алған әлеуметтік эволюция қағидаттарын құрайды. Гармонияға жол ашылған жерлерде барлық кедергілер жойылып, қоғамның барлық ресурстары адам үшін және қоршаған ортаны сақтау үшін неғұрлым тиімді пайдаланылады.
Әлем Гармонияға қарай құтқару жолына түсуге тиіс. Біздің болашағымыз қоғамның Гармонияға қарай гуманистік бет бұруында, болашақ жеке адамның санасын жақсылықтың жамандықтан басымдығы жағына қарай өзгертуге тікелей қатысты екендігін тағы да атап көрсетеміз. Өзгедей баламаның жоқтығы айқын. Шындықтың мезгілі бәріміз үшін - билік үшін де, халық үшін де туды. Толғағы жеткен мәселелерді шеше отырып, адамдардың игілігіне жұмсау қажет. Осылардың бірі туралы әңгіме өрбітсек.
Біздің назарымызды қазақстандықтардың жер реформалары саласындағы соңғы оқиғаларға деген көзқарасы, олардың өз жерінің тұтастығы жөніндегі алаңдауы мен секем алуы аударып отыр. Халық арасында бүгіндері қызу талқыланып жатқан проблема - жерге деген мемлекеттік меншікті жекешелендіру. Біздің ұйғарымымыз бойынша ол Қазақстанда үйлесімді экономика қалыптастыру міндеттеріне орай шешілуі тиіс, яғни жүйелі түрде, экономиканың ғана емес, дамудың рухани-адамгершілік, демографиялық, демократиялық жағдайларының тұрғысынан да шешілуі тиіс. Мұның өзі қателіктерден сақтайды, бірақ адамдардың ділі мен елдің экономикалық жағдайларының ерекшеліктерін ескеретін аса жауапты көзқарасты талап етеді. Яғни факторлардың тұтас бір кешенін ескеру қажет болады. Рухани құндылықтарды инновациямен ұштастыра алатын жан-жақты дамыған кадрлар аса құнды болып табылады.
Көптеген адамдар қазір жер туралы заңдардың кейбір жаңа нормаларын қабылдамай отыр. Олар қарсылық пен минтингтер жолымен жерді сату немесе жалға беру проблемасына айқындық енгізгісі келеді. Бірақ бұл проблемалар көшеде жанжал арқылы, қантөгіс арқылы шешілмеуі тиіс. Мәмілеге әрдайым халық пен билік арасындағы бейбіт келіссөздер жатады. Жаңа нормалардың Парламентте қабылдануына дейін шаруа адамдарымен, сондай-ақ барлық білікті кісілермен ақылдасу қажет еді, өйткені тағдырды күрт өзгертетін, болашағы бұлыңғыр мәселелерде белгісіздік, айқындықтың жоқтығы,салдары әбден анықталғанша, тәуекелділігі күрт азайғанға дейін, шешім қабылдауға болмайды ғой. Тіпті кішкентай сызаттың өзі үлкен кемені суға батыруы мүмкін екендігін естен шығармау қажет. Болған оқиғалардан туындайтын сабақ осындай!
Халық тағдыры туған жермен ажырағысыз байланыста. Туған жерде бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудан асқан мерейлі міндет жоқ. Осыларды ескере отырып, барлық факторлар мен жағдайларды ой елегінен өткізетін сарабдал көзқарас қажет болады. Басқаша айтқанда, оңтайлы шешім іздеу керек.
Ең алдымен халқымыздың менталитеті туралы қысқаша айтып өтейік. Қазақ елінде ерте заманнан жерді бірігіп пайдалануға тырысқан (мәселен, жайылымдарды). Бұл жерде «мынау біздікі» деген қағидат орын алады, соның нәтижесінде корпоративтік бизнесті оның бүкіл артықшылықтарын пайдалана отырып жүргізуге мүмкіндік туады. «Бұл менікі» деген қағидат көбіне еуроазиялық табиғатқа жат, ақылға қонымсыз келеді. Ал «менікі» мен « біздікі» деген ұғымдар Гармония болып табылады, бұлар халықтың менталитетінде бар. Шүкіршілік етейік!
Біздің халқымыздың ғасырлар бойы төзімділікпен аты шығып келді. Оның тарихының беттерінде кімге де болмасын қатыгездік пен әділетсіздік көріністері, Холокос кезінде болғандай нацизмнің белгілері, өзге өлкелерге жаугершілік шабуылдар мен басып алу болмаған. Біздің ата-бабаларымыз өз жерінің тұтастығы үшін күресіп, өмірлерін қиып келді.
Біздің пікірімізше, Жер дегеніміз тек оның өзіне ғана тән қағидатты сапалары бар ерекше және күрделі категория екендігі қабылдануы тиіс:
- ол адам еңбегінің жемісі емес, Жаратқанның жасауы болып табылады (оны өңдеуге кететін шығын - басқа тақырып);
- ол адамдар үшін екіұдай мүдде, қызығушылық туғызады: рухани-өнегелілік және материалдық.экономикалық.Әңгіме жалғыз Жаратушыға деген сенімде жатыр, ол әдетте туған өлкеден, балалық және жастық шақтағы естеліктерден, Отан - туған жерге деген махаббат, екінші жағынан жер адамды өз өнімдерімен асырайтыны жөніндегі фактіні ескеру керек.. Шынайы руханилық - қоғамның үйлесімді, бақытты өмірінің қажетті негізі, ал біржақты экономикалық рационализм онымен үйлеспейді. Бұл барлық жағынан, әсіресе жерге деген меншік мәселесіне келгенде айырықша әділетті;
- ол тарихи тұрғыдан Планета халықтары мен елдері арасында бөлінген, ал жерді өркениетке жат тұрғыдан бөлу үлкен жанжалдар мен қантөгіске алып келеді, оған БҰҰ Жарғысы және мемлекеттердің Конституциялары тыйым салған;
- Жаратқанның қалауы бойынша қазіргі Қазақстан аумағы ежелден оның халқына, атап айтқанда оның тұрғылықты ұлтына тиесілі. Әділдік заңы бойынша меншік формасын халық шешуі тиіс, себебі халық өзінің көп ғасырлық тарихында қанмен, термен, қару-жарақпен және ақыл-оймен өз жерін әртүрлі қарулы агрессиялардан, саяси қол сұғулардан қорғап қалды.
Сөйтсе де ел этностарының бірлігін сақтау үшін кеңпейілдік танытып, жерге, оның қойнауына деген меншік формасы туралы жауапты шешімді елдің бүкіл халқының референдумы бойынша, тіпті болмаса ғалымдар, аграрийлер және өндірісшілер, бүкіл жұртшылық арасында жүргізілген кең талқылау негізінде қабылдаған дұрыс. Стратегиялық тұрғыдан өте маңызды және аса жауапты шешімдер белгісіздік және тәуекел жағдайында қабылдана алмайды. Жер мәселесі айрықша сезімтал. Өте күрделі мәселе, бірақ оны шешу қажет!
Біріншіден, шетелдік азаматтарға және шетелдік құрылтайшылары бар заңды тұлғаларға жерді сатуға тікелей тыйым салынуы тиіс, себебі заңдық және нормативтік актілерде «түрлі» саңылаулар пайдаланылуы мүмкін.Бұл тұрғыдан болашақ бұлыңғыр болып тұр. Сол себептен стратегиялық шешім қабылдау мүмкін емес.
Жерді өз азаматтарымызға сату да сарабдал көзқарасты талап етеді.Біздің ойымызша, халықтың шаруашылықты аумақтық ауыстыруға бейімдігі (малшылық) және оның бірлескен жайылымдарға, сондай тума табиғатқа деген еркін қол жетуі тұрғысындағы айрықша менталитетіне орай жерді сату мүмкін емес. Ауылшаруашылық жерлерін ұсақ-ұсақ жекеменшік учаскелерге бөлу ауыл тұрғындарына жақпайды. Шаруашылықты жүргізудің мұндай түрінде тек «менікі» деген қағидат жүзеге асырылады. «Бұл біздікі» деген қағидат жоққа шығарылады. Екі бастаудың мұндай үйлесімсіздігін аграрийлердің қабылдамайтыны айқын. Ал оларға Гармония керек, өйткені мұнда «бұл менікі» мен «бұл біздікі» ұғымдары бір-бірімен өзектесіп жатады. Мұнда ауыл тұрғындарының және көптеген қалалықтардың, әсіресе ауылдан келгендердің аса бағалы қасиеті көрініс табады. Міне, сондықтан да ауыл - халықтың «алтын бесігі», мұнда адам бала жастан дінге, туған тілге, мәдениетке, дәстүрлерге, үлкендерді сыйлауға, Отанға деген махаббатқа тағы басқа ізгі құндылықтарға баулиды.
Бұл орайда жерді шетелдік, сондай-ақ өз азаматтарымызға сату, сондай-ақ ақшаға жалға беру халыққа қажетті сценарий емес. Сөйтіп, мемлекет қазынасы мен ел бюджеті проблемаларын өзге әдістермен шешу қажет.
Қаржылық-экономикалық дағдарыс жағдайында халық несиені көп алып, аз қамтылған жанұяларға өз балаларын оқу орындарында оқыту (ал мұның өзі жоғары рухани басымдықтың бірі болып табылады) қиынға түсуде, жиіленіп кеткен табиғи апаттар халыққа зор зиян әкелуде, сондықтан да тұрақты белгіленген жалақысы, оның үстіне жер қойнауларын сатып алу ауыл халқының көпшілігінің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ мына бір жағдайдың да маңызы үлкен.
Мәселе жерді алдын ала белгіленген нақты бағаға жалға алуда, ол біздің пікірімізше өсімқорлық болып табылады. Ислам және басқа монотеистік діндер мұндай актілерге тиым салады, оларды әділетсіз санайды. Халықтың аз бөлігі ғана ақша түріндегі тұрақты да жоғары ақыны төлей алады. Бұл мемлекеттік бюджеттің зәрулігіне және суверенді қарыздардың өсуіне байланысты туындап отыр. Халықтың негізгі бөлігі, атап айтқанда, исламды және басқа діндерді ұстанатындар «сыртта қалып қояды», себебі жалға төленетін ақшалай ақы пайызбен пара-пар, бұған монотеистік діндер тыйым салады. Бұл жұртқа жақсы таныс. Бұған мән бермейтін діннен алшақ азаматтар жерді жалға алу ақысын алдын ала белгіленген ақшалай ақы түрінде төлей беруі мүмкін. Дуалдық қоғамда халықтың мұндай бөлігі де бар, жоқ емес.
Соған қарамастан жоғарыда айтылған ахуалдан шығудың жолы бар. Үлестік төлеу арқылы халықтың басым бөлігіне қамқорлық жасау керек, бұл жыл сайын нақты өнімнің үлесінен жалақысын төлеу дегенді білдіреді. Мұндай әдістің артықшылығы - барлық аз қамтылған топтардың қолы жететіндігінде. Бұл Ислам дінінде 1400 жылдан бері белгілі. Біздің қазіргі өмірімізде де, менің түсінуімше, мұны қолдануға болады, оған балама жоқ. Бүгінгі болмысты алатын болсақ, мәселенің мәні мемлекет, жалгерлер (инвесторлар үшін тартымды болып табылатын шағын шаруа қожалықтарын ірі заңдық тұлғаларға айналдыру) және қызметкерлер әріптестігі мүмкіндігінде жатыр. Бұл орайда өнім ғана бөлінбейді, сондай-ақ өнім болмаған жағдайдағы зиян да бөлінеді. Әлеуметтік әділеттілік деген осы! Осы мәселе жөнінде мешіттердің имамдарымен ақылдасқан жөн болар еді.
Әлемдік экономика тәжірибесінен білеміз: кей елдерде жерге жекеменшікке «бұл менікі» деген қағидат бар. Мұның өзі адамдарды бір-бірінен ажыратады. «Бұл менікі» деген қағидат «бұл біздікі» деген қағидатпен бірігетін елдерде азаматтар бір-біріне жақындай түседі. Алғашқысы - мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлікке кедергі келтірсе, екіншісі - халықты топтастыруға жәрдемдеседі, мұның өзі біздің отандастырымыздың менталитетіне толық сай келеді. Бұл біздің бағалы игілігіміз!
Өнімді мемлекет (меншік иесі), жалгерлер және қызметкерлер арасында бөлуді «алтын қиысу» заңы бойынша 13,7%, 61,8% және 24,5%, пропорциясымен белгілеуге болады.
Енді жерді жеке меншікке ақысыз беруді қарастырайық. Жер қазір мемлекеттік, яғни негізінен қоғамдық меншікте екендігі белгілі. Егер жұрттың бәріне ауылшаруашылық жерін үлестіріп берсек, не болады? Ел азаматтарының барлығы бірдей ауылшаруашылығы саласында жұмыс істемейді. Олар сонда өз үлесінен айырыла ма әлде сата ма? Сөйтіп біз өзіміз бас тартқан нәрсеге қайтып келеміз. Немесе тек шаруаларға ғана жерді жекеменшікке ақысыз бергенде өзге халық өз үлесінен қағыла ма, деген сауал туындайды.
Әлемдік экономика тәжірибесінен білеміз: кей елдерде жерге жекеменшікке «бұл менікі» деген қағидатқа негізделіп отыр. Мұның өзі адамдарды бір-бірінен ажыратады. «Бұл менікі» деген қағидат «бұл біздікі» деген қағидатпен бірігетін елдерде азаматтар бір-біріне жақындай түседі. Алғашқысы - мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлікке кедергі келтірсе, екіншісі - халықты топтастыруға жәрдемдеседі, мұның өзі біздің отандастырымыздың менталитетіне толық сай келеді. Бұл біздің бағалы игілігіміз!
Кейбір экономика тұрғысынан өте дамыған жеке меншіктік, эгоистік дүниетанымы бар батыс елдерінің жекелеген құндылықтарын (мұның өзі оларды руханият және демография, жалпы өркениет тұрғысынан келгенде қиын жағдайға қойып отыр) қабылдау, бұл орайда олардың прогрессивтік жетістіктерін де теріске шығару - қазақстандықтарға лайық емес. Біз жерге деген мемлекеттік меншікті оның жалға беру түрімен, яғни нақты өнімнің үлесімен төлеу, жеке мүдделерді-корпоративтік мүддемен ұштастыруымыз керек. Осылайша жер меншіктігін, оның пайдалануын түрлілендіреміз (плюрализм), бұл демократияның бір қағидасы. Менің еліміздегі, тек қана Қазақстан емес, әлемдегі жер мәселесін шешуге халық мүддесіне сай, адасудан сақтап қалатын жасампаз Гармония тұрғысынан көзқарасым осындай. Бұл Тура жолға сәйкес емес пе? Адасудан сақтап қалмай ма?
Халықтың діни сезімдері күшейген жағдайда Гармониялық білімі бар, жаңа формациялық кадрлар даярлау қажет. Мұның өзі рухани білімнің негіздері нақты мамандықтармен ұштасуын қажет етеді. Бұл айтылғандар қаржы секторы, сондай-ақ нақты экономика, агроөнеркәсіптік салалар үшін де маңызды. Гармониялық бизнесті қалыптастыру барлық нәрсеге деген шектен шықпаушылық, ақылға қонымдылық, адалдық, әлеуметтік әділеттілік және жауапкершілік, тазалық, әріптестік және өзара сенім сияқты қағидаттар арқылы жүзеге асады.
Жерді тиімді игеруге және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік те көмектесе алар еді. Аталған нұсқа, біздің ойымызша, Қазақстан үшін өте маңызды, ол басқару органдарында егжей -тегжейлі қарауды талап етеді.
Біздің елімізде әлеуметтік-экономикалық Гармонияның жаңа теориясының негіздері жасалды. Ал Қазақстанымыздың бірден-бір дұрыс бағытта тұрақты дамуына мүмкіншіліктері зор. Мен отандастарыма және әрине, біздің ауылшаруашылық қызметкерлерімізге үлкен жетістіктер тілеймін! Біздің үмітіміз: Гармония әлемді сақтап қалады!