Жер комиссиясы: 8-ші отырыстың қорытындысы қандай?
Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен басқосуға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, әр деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқару органдар өкілдері қатысты. Облыс аудандарының тұрғындары селекторлық режиммен байланысқа қосылып, комиссия мүшелеріне өз ой-пікірлерін жеткізді. Атап айтарлығы, комиссия отырысы «bnews.kz» сайтынан тікелей эфирден көрсетілді.
Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Біріншісі - ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіру. Соның ішінде жерді ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жерді жалға беру рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, бір қолға жалға берілетін жерлердің шекті мөлшерін белгілеу, еліміздің шекаралас аумақтарынан берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тәртібін қатайту сияқты мәселелер кеңінен талқыланды. Екіншіден, елді-мекендердің маңайынан жергілікті тұрғындарды қажетті жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жүйесі жөнінде әңгіме қозғалды. Үшіншіден, мораторий жарияланған екі мәселе - жерді қазақстандықтарға жекеменшікке беру және шетелдіктерге жалға беру тақырыбында ой-пікір алмасу ұсынылды.
Топтардың ұсыныстары мен шешімдері
Осы отырыста экономикалық және құқықтық топтың жетекшілері өздері жан-жақты талқылап, бір мәмілеге келген ұсыныстары мен шешімдерін жариялады. Экономикалық топтың жетекшісі Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру туралы бөлек заңнамалық құжат қабылдауды, оның ішіне бес нақты талапты енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, қазақстандықтарға бұрынғыдай жерді жалға беруді жалғастырып, ауыл азаматтарын қолдау үшін, жалға беру кезінде жергілікті тұрғындарға, ауыл шаруашылығында білімі барларға басымдық беру керек. Талаптарға келсек, топ мүшелерінің пікірінше, ең алдымен жерді жалға беру үрдісін демократиялық, ашық түрге көшіру үшін, бұл мәселені әкімдердің құзырынан алып, халық өкілдерінен құрылған жергілікті комиссияның құзырына берген абзал. Екіншіден, топ мүшелері жалға беру туралы ақпаратты әртүрлі БАҚ арқылы 30 күн бұрын ашық таратуды ұсынды. Жерді жалға беру келісім-шартының бірыңғай мемлекеттік нұсқасы жасалып, ондағы құқықтар мен міндеттер барлық аймақтарға ортақ болуы шарт. Бұл - үшінші талап. Төртіншіден, жердің сапасын бақылауды дұрыс жолға қою қажет. А. Күрішбаев елімізде бұл салада кемшіліктердің көптігін ашық айтты. «Мысалы, қазір ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, шаруа қожалықтарының жартысынан жуығының төлқұжаты әлі жоқ. Бізде жердің бағасын анықтау әдістемесі (кадастр) 2003 жылдан бері жаңартылмаған. Дамыған елдерде жер бағасы 3-5 жылда жаңартылса, біз бұл мәселені 13 қарастырмағанбыз. Осының салдарынан көп сұрақ туындауда. Мәселен, бізде жер мониторингі фунциясы Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілгенімен, оны атқаратын мекеме жоқ. Кезіндегі 4400 маманы бар жерге орналастыру ғылыми орталығы жабылып, бұл жұмыс халыққа қызмет көрсету орталығына ауыстырылған. АҚШ, Франция, Канада елдерінде жерді бақылайтын мекемелер Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынады. Назар аударатын тағы бір мәселе, біздің мамандар топырақты зерттеуде 20-сыншы ғасырдың 50-інші жылдарындағы тәсілдерді қолданады»,- деп түсіндірді істің мәнісін топ жетекшісі. Сонымен қатар, экономикалық топ жерді заңсыз бөлу немесе мемлекетке қайтару сияқты заң бұзушылықтарға тосқауыл қою үшін Әкімшілік кодексті қатайтып, егер одан ұлттық мүддемізге зиян келсе кінәлі тұлғаларды Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартуды ұсынды. Әкімшілік-құқық бұзушылық кодекске сәйкес, құзырлы тұлға жерді заңсыз жолмен жалға беретін немесе мемлекетке қайтаратын болса, 30 АЕК (63 600 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. А. Күрішбаев қоғамдағы түсінбеушілік ашық ақпараттың жоқтығынан туындайтынын айта келе, жер жөнінде ашық ақпарат беретін сайт ашуды ұсынды.
Құқықтық топтың жетекшісі Мұхтар Тайжан еліміздің аумағындағы шетелдіктердің үлесі бар фирмаларға жерді сатып алатын және жалға алатын мүмкіндікті болдырмауды ұсынды. Оның пікірінше, жерді сату немесе сатпау дегенде біздің қоғамның ұстанымы екіге бөлініп отыр. «Елбасы Үкімет басшысымен кездесуде жер комиссиясы мәмілемен шешім қабылдағаны жөн деген жақсы бір ой айтты. Меніңше, біз мәмілеге дайын болмасақ, мораторийдің мерзімін одан әрі ұзартамыз. Сонымен қатар, жер реформасына келгенде кімнің қалай дауыс бергені халыққа ашық көрсетілуі тиіс» деді М. Тайжан. Ол өз баяндамасында топ мүшелері халық үшін маңызды, қажетті екі шешімді қабылдағанын жеткізді. Біріншіден, әр ауылдың аумағында нақты радиустың ішіндегі жер ешкімге жекеменшікке де, жалға да берілмейді. Яғни, сол ауылдың жайылым жері болады деген сөз. Оған кепілдік беріледі. Екіншіден, Қазақстан азаматтарына жерді 49 жылға дейін жалға алу мүмкіндігі қайтарылады. Мораторий жарияланған заңдағы өзгерістер бойынша мұндай мүмкіндік алынып тасталғаны мәлім. Сондай-ақ, М. Тайжан латифундизмге тосқауыл ретінде бір адамға берілетін жердің көлеміне шектеу қойылатынын да хабарлады. Жер реформасы бойынша республикалық комиссия бұл ұсыныстарды биылғы күзде ел Парламентіне жібереді.
12 458 қоңырау және 756 жауап
Жер реформасы бойынша құрылған республикалық комиссияға халықтың ой-пікірлері мен ұсыныстарын жинақтап, жеткізіп отыру үшін арнайы шұғыл желі құрылған болатын. Осы шұғыл желіге (телефоны - 1434) 2016 жылдың 14 мамырынан бастап 23 шілдесіне дейін 12 458 қоңырау тіркелген. Бұл туралы комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. «Атап көрсететін жайт, осы орталыққа келіп түскен сауалдардың басым көпшілігі, яғни, 9583-і немесе 77 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына қатысты сұрақтар болып отыр. Шетелдіктерге жерді жалға беру, қазақстандықтарға жеке меншікке беру және т.б. сауалдар бойынша 555 қоңырау шалынған, яғни, 4,4 пайызы. Мұның өзінде өңірлер бойынша аталған мәселелердің ең көбі Оңтүстік Қазақстан (17,6 пайыз) және Павлодар (10,3 пайыз) облыстарының тұрғындарын қызықтырған. Ал қалған 2337 (18,6 пайыз) шалынған қоңыраулар азаматтардың жерге қатысты жеке мәселелеріне байланысты болып отыр. Call-орталыққа Атырау облысы бойынша небәрі 70 қоңырау шалынған, соның ішінде 55-сі - жеке тұрғын үй құрылысы тақырыбына арналған»,- деп түсіндірді Е. Нысанбаев.
23 шілдеге дейін еліміздегі жер реформасын түсіндіру үшін құрылған Jerturaly.kz сайтына қазақстандықтардан 947 сұрақ келіп түсіп, соның ішінде 756-сына жауаптары дайындалып, сайтқа орналастырылған. Министрдің орынбасары қалған 191 адамның сұрағына жауаптар дайындалып жатқаны жөнінде жұртты хабардар етті. Оның айтуынша, халықтан жиналған сұрақтарды талдасақ, жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлуге байланысты - 114, ауыл шаруашылығына - 357, шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру мәселесі бойынша - 176 және басқа да сауалдармен 300 хат келіп түскен. Ол республикалық комиссияның филиалы ретінде облыстық әкімдіктер жанынан құрылған қоғамдық кеңестер халықпен аудандық және облыстық деңгейде 1,2 мыңнан астам кездесулер өткізгенін, оған 70 мыңнан астам адам қатысқанын хабарлады. Жер кодексін түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында бүгінге дейін 2 мыңнан астам материалдар жарық көрген. Мұндай мәліметтер құзыретті комиссияның халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, тиімді жұмыс істегенін көрсетіп отыр.
Нақты ұсыныстар дайындалуда
Жер реформасы бойынша комиссияның дер кезінде құрылуы қоғамдық-саяси алаңдаушылықтың деңгейін бәсеңдетуге мүмкіндік бергенін атап айтуымыз керек. Бұған қоса, белсенді түрде жұмысын жүргізген комиссия еліміздегі қоғамдық диалогты нығайтуға ықпал етті. Бүкіл ел үшін аса маңызды мәселені кеңінен талқылауға мүдделі барлық тараптар тартылды. Мұндай жағдай жер реформасына қатысты әр алуан ой-пікірлерді, көзқарастарды тыңдауға және ескеруге мүмкіндік туғызды. Бұқарамен тығыз қарым-қатынас орнатуда қоғамдық кеңестердің атқарған рөлі ерекше. Мәселен, Атырау облысындағы қоғамдық кеңеске бүгінге дейін тұрғындардан 27 ұсыныс-пікірлер келіп түскен. Бұл туралы комиссия отырысында Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы М. Өтешев мәлімдеді. Кеңес мүшелері жер реформасы мәселелерін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша құрылған 29 топтың құрамына енгізілген (облыстық - 4, қалалық - 4, аудандар - 21). Топ мүшелері мекемелер мен ұйымдарда 131 кездесу өткізіп, соның барысында 171 мәселе талқыланған. «Ең бастысы, қазіргі кезде қоғамдық кеңестер Жер реформасы бойынша республикалық комиссиямен өзара тиімді іс-әрекеттерді жүзеге асыруда. Мысалы, облыстық деңгейдегі кездесуде кеңеске қатысушылар қоғамдық кеңес хатшылығын халықтың ұсыныстарын жинақтап, республикалық комииссия қарауына жолдайтын ортақ орган ретінде бекітті»,- деді М. Өтешев.
Комиссия мүшелерінің бірі, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр өз әріптестерінің халыққа қажетті нақты шешімдерді қабылдағанына тоқталды. Атыраудағы басқосудың қорытындысында сөйлеген сөзінде ол жер реформасы бойынша құрылған комиссия жаңа кодекстің негізін құрайтын келісімдерге қол жеткізгенін атап айтты. «Комиссияның жұмысы тиянақталып келе жатқаны көрініп-ақ тұр. Біздің алдағы күні ел Парламентіне жіберетін ұсыныстарымыз дайын. Мысалы, бұрынғы кодексте болған жерді 49 жылға жалға беру туралы норма сақталатын болды. Жерді 49 жылға алған отандық тауар өндірушілер жалдың мерзімін тағы ұзарта алады. Ал қоғамда резонанс туғызған кодексте ол алынып тасталған еді. Мұндай өзгеріс барлық тауар өндірушілердің көңілінен шығуда. Бұған ешкімнің күмәні де, таласы да жоқ»,- деген ойын білдірді И. Сауэр.
Атыраудағы отырысты қорытындылаған Асқар Мырзахметов Елбасының Үкімет басшысын қабылдағанда жер реформасына қатысты айтқан пікірі комиссия тарапынан үлкен қолдау тапқанын айтты. Ол қазіргі кезде біздің қоғамда жарияланған мораторийге қатысты екі түрлі пікір қалыптасып отырғанын атап өтті. «Бір жағынан қазақстандықтардың жерді жекеменшікке сату мен шетелдіктерге жалға беру мәселесіне қатысты қолдаған және қарсы пікірлері де бар. Осыларды ескере отырып, екі тараптың да пікірін қанағаттандыратындай, көпшіліктің көңілінен шығатын шешім қабылдауды комиссия мүшелері де қолдап отыр. Елбасы Премьер-Министрді қабылдау кезінде ағымдағы жылдың тамыз айында комиссияның осы кезге дейін атқарған жұмысының қорытындыларын баяндау жөнінде жиын өткізу керектігін мәлімдеді. Осыған орай, біз мораторийдің жариялануына қатысты екі сұрақтан бөлек басқа да нақты ұсыныстарды дайындап жатырмыз»,- деп өз сөзін түйіндеді Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі.