Жер комиссиясы аясында барлық азаматтардың мүддесі ескерілді

«Қазақстанның төрт бұрышын түгел араладық. Енді, барлық ауылдарды аралау шарт емес шығар. Сол өңірлерге тиесілі пікірлердің бәрін біз естідік. Ешкімнің пікірі қараусыз қалған жоқ. Осы айтылған пікірлер, жасалған ұсыныстар барлық басқару мекемелерінің, осы салаға жауапты азаматтардың бәрінің де қаперіне ілінді. Міне, бұл - үлкен жетістіктің бірі», - деп атап өтті BNews.kz ақпарат көзіне берген сұхбатында Жер комиссиясының мүшесі, академик Кенжеғали Сағадиев.
Комиссия ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке сату және шетелдіктерге жалға беруге жарияланған мораторийді бес жылға - 2022 жылға дейін ұзартуды қолдайды. Комиссия аясында құқықтық, экономикалық, ақпараттық-түсіндіру және ашықтықты қамтамасыз ету сынды төрт жұмыс тобы тұрақты жұмыс істеді.
Беделді ұйым отырыстарында және өңірлердегі талқылауларда негізгі жұмыс екі бағытта жүргізілді. Біріншісі - ел азаматтары үшін іс жүзіндегі жалға беру институтын жетілдіру. Екіншісі Жер кодексінің мораторий жарияланған нормаларына қатысты. Басты назар ел арасында түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізуге қойылды. Бұл үшін жергілікті әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестер де барынша жұмылдырылды. Қоғамдық кеңестердің көмегіне жүгініп қана қоймай, комиссия халықтың да пікірін барынша ескеруге тырысты. Халықтың жүзбе жүз кездесулердегі айтқандары өз алдына, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған Call-орталықтарына 12838 қоңырау және jerturaly.kz сайтына 984 ұсыныс пен өтініш келіп түсті.
Белгілі қоғам қайраткерлері, мамандар мен халық өкілдері үш ай бойы жер реформасы хақында қызу пікір алмасып, мәмілеге келуінің арқасында ұжымдасқан шешім қабылдады. Бұқаралық ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларына, яғни қазақстандықтарға 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтын сақтау, екіншіден, қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін белгілеу ұсынылды.
Үшіншіден, шекара маңы аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекеттік шекарадан радиусын айқындай отырып, жергілікті жағдайларға және өңірдің ерекшеліктеріне байланысты оларды беру жөніндегі талаптарын анықтап, бекіту жөнінде ұйғарым жасалды. Төртіншіден, халықтың қосалқы шаруашылықтар мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдары айқындалып, ол жерлерді Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларына беруге тыйым салынатын болды. Яғни жергілікті тұрғындарды жайылымдар және шабындықпен қамтамасыз ету мақсатында, осындай алқаптар мемлекеттік мұқтаждықтарға алуға жатқызылуы керек.
Бесіншіден, жер реформасы шеңберінде кеңінен талқыланып отырған жерді жеке тұрғын үй құрылысы үшін берудің проблемалық мәселелерін ескере отырып, әкімдіктерге жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу мүмкіндігін беру, алтыншыдан, комиссия мүшелері қабылдаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын жетілдіру бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Парламенті қарауына енгізу ұсынылды. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру нормаларын да жарияланған мораторийге қосу жұмыстарын атқару ұйғарылды. Министрлікке Комиссия қабылдаған шешімдерді заң талаптарына сәйкес рәсімдеп, Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу жұмыстарын ұйымдастыру және жер заңнамасын жетілдіру жұмысын жалғастыру ұсынылды.