Жер комиссиясының құрылуы - азаматтық қоғам құрудың жарқын көрінісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде Қазақстандағы қоғамдық-саяси реформалардың бір бағыты елде азаматтық қоғам орнату және дамыған демократиялық жүйе қалыптастыруға бағытталуда.
None
None

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «алдымен - экономика, содан кейін - саясат» қағидасын ұстанған мемлекет дамудың белгілі бір деңгейіне қол жеткізген шақта саяси-демократиялық үрдістерге бет бұра бастады. Өйткені,  кез келген елде әділеттілік пен игілікке жетудің бірден бір жолы демократия, ал оны іске асырудың тетігі азаматтық қоғам екендігі әлемдік тәжірибеде көз жеткен қағида. Заңды құрметтеуге негізделген азаматтық қоғамда ғана тұлғаның негізгі құқықтары мен еркіндіктері қамтамасыз етіледі, қоғамдық қатынастар саласы үйлесімді дамиды.  Мұндағы адамдардың ұйымдасқан, бірлескен іс-әрекеті мемлекетішілік қатынастарды, тіпті қоғамды тұтастай жақсартуға көмектеседі. Азаматтық қоғамда қатардағы азаматтар өздерінің, мемлекеттің игілігі үшін азаматтық бастамаларымен саналы және белсенді түрде әрекет ете алады. Бұл  мемлекеттің дамуы үшін қажетті прогрессивтік, жасампаздық серпін болмақ.  Осының айқын дәлелі - Қазақстанда елді демократияландыру үдерісінің басты бағыттары ретінде сайлау реформасы, саяси жүйедегі партиялардың рөлін нығайту, соттардың тәуелсіздігі, әйелдердің қоғамдағы рөлін көтеру, әсіресе, үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыруға баса назар аударылып келеді. Бұл қағидалар ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформа және оны іске асыруға арналған «Ұлт жоспарының» негізін құрайды.

Ал, осы азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышарты саналатын тетіктер, атап айтқанда, қоғамда жеке меншіктің болуы, азаматтық, саяси мәдениеттің белгілі бір деңгейде дамуы, құқықтық негіздер, тұрғындардың білім деңгейі және азаматтық белсенділігі, өзін-өзі басқару, пікірлер плюрализмі, еркін қоғамдық ой-пікір, мықты әлеуметтік саясат, дамушы экономика, орта таптың басым болуы іспетті белгілер қазірдің өзінде бар екені мәлім. Айталық, қазірде жекешелендірудің екінші толқыны жүруде, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы орта тапты қалыптастыру мемлекет қолдауы арқылы белсенді сипат алды. Демек, Қазақстанда азаматтық қоғам орнату пісіп жетілген, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі екені анық.

Осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралардың айқын бір көрінісі - мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер жұмысының жандануы дер едік. Белсенді азаматтарды осындай қоғамдық кеңестер құрамына тарту арқылы түрлі заң жобаларын талқылау, оларға құнды әрі қажетті ұсыныстар енгізу, өз сын-пікірлерін білдіру, аса өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылдату іспетті конституциялық құқықтарымызды жүзеге асырып, билік ісіне қатысу мүмкіндігіне жол ашылды. Дәл бүгінгі өткір мәселеге белсенді араласу арқылы  оның оңтайлы шешімін табуға қатысу - азаматтық қоғам мүшелерінің міндеті. Тіпті, белсенді азаматтық ұйымдар түрлі озбырлықтарға, жауапсыздыққа, келеңсіздіктерге қарсы тұруда. Олар биліктің ашықтығын, бизнестің өркениетті жүргізілуін талап етіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға көмектесуге қабылетті екендерін көрсетіп отыр. Бұл, әсіресе, қазіргі қазақстандық қоғамдағы көптеген кеселдердің өрбуіне түпкі себеп болып отырған сыбайлас жемқорлыққа тұсау салуда, заң үстемдігін қамтамасыз етуде елеулі ықпал ете алатын күштердің бірі екенін білдіреді.

Бүгінгі күні Қазақстан қоғамын алаңдатып отырған көкейтесті бір мәселе - жерді жалға беру. Қоғамда үлкен серпін туғызған бұл заң жобасындағы кейбір баптар жұртшылықтың көңілінен шықпауы себепті Үкімет жанынан билік органдарының өкілдері, парламент депутаттары, ғалымдар, азаматтық белсенділер құрамына кірген «жер комиссиясы» жасақталды. Комиссияны премьер-министрдің бірінші орынбасарының өзі басқаруы бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Комиссия мүшелерінің ой-пікірлерін ашық айтуы, күн тәртібіндегі мәселені талқылауға белсенді қатысуы және комиссия жұмысының ашықтығы Қазақстанда демократиялық мемлекет құру талпынысының белгілі бір деңгейге жеткенінің анық көрінісі екені даусыз. Жерге қатысты түйткілді мәселені көп болып кеңесіп, бірлесіп шешімін табу - комиссияның діттегені де осы. Қазіргі күннің маңызды сұрағын талқылаған бұл комиссия жұмысының нәтижелі аяқталуына билік те, халық та мүдделі. 

Соңғы жаңалықтар