Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды. Енді өтінім беру мен рұқсат алу процесінің барлық кезеңі онлайн форматта жүзеге асырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев хабарлады.

Компьютер, социальные сети, работа
Фото: freepik.com

Оның айтуынша, платформада 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, ал 66 мыңнан астам геологиялық есеп қолжетімді. Зерттелген аумақтардың 109 мың контуры карталанып, 1:50 000 масштабтағы карталау және сейсмобарлау жобаларының нәтижелері ашық жарияланады.

— Қазіргі уақытта перспективалы учаскелерді жылдам әрі дәл болжау үшін Big Data және жасанды интеллект жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл геологиялық барлау тәуекелдерін азайтып, инвестициялық шешім қабылдауды жеңілдетеді. Бастапқы геологиялық ақпараттың 97,5%-ы, яғни шамамен 4,7 млн электрондық форматқа көшірілді. Жобаны толық аяқтау 2028 жылға жоспарланған, — деді Қанат Ерубаев.

Осыған дейін Арал шөгінді бассейнінде жүргізілген геологиялық зерттеулер нәтижесінде мұнай мен газ қоры бар 20-дан астам перспективалы алаң анықталғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар