Жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. 

Жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді — Тоқаев
Фото: Ақорда

— Елімізде ауқымды аэро-геофизика зерттеулері әбден ескірген. Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес. Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн, — деді қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажеттігін айтты.

— Геологиялық барлау саласы ауқымды инвестицияға мұқтаж. Үкімет бұл өзекті мәселені ескеру керек. Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтау керек, — деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жоғары технологияға 1 млрд доллар инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.

Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында жүріп жатыр.

Kazinform сайты тікелей эфирмен қатар, жазбаша трансляция да жасайды.

Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар