Жер мәселесі: ендігі әңгіме ел ішінде жалғасады

Б.Сағынтаев сөз басында комиссияның бүгінгі таңдағы атқарып отырған жұмысына тоқталып, жер мәселесіне байланысты қоғам тарапынан көптеген ұсыныс-пікірлердің келіп жатқандығын атап айтты. Кез келген азаматтың жер реформасына қатысты өзінің көзқарасын білдіруіне болатынын да жеткізді.
Жиында облыс әкімдерінің орынбасарларымен кездесу ұйымдастырылғаны айтылды. Арнайы сall-орталықтың, штабтың, хатшылықтың жұмысын қалай жүргізу керектігі жөнінде ұсыныстар да қарастырылған екен. Қазіргі таңда бұл бойынша нақты іс-шаралар қолға алынған. Тағы бір айтып өтер мәселе, 4 жұмыс тобы құрылып, жетекшілері бекітілген. Жұмыс топтары бір аптаның көлемінде комиссия мүшелерімен және Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы штабпен бірлесе отырып қызмет атқарған. Бақытжан Сағынтаев отырыста аталған жұмыс топтары жетекшілерінің мәліметтерін тыңдауды ұсынды.
Сөз кезегі Экономика бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ақылбек Күрішбаевқа берілді. А.Күрішбаев өз баяндамасында бірқатар мәселелер бойынша ақпарат берді. Жұмыс тобының отырысында Жер кодексіне өзгертулер енгізу бойынша комиссия мүшелері жолдаған үш ұсыныс қарастырылғанын айтты. Оның біріншісі - жерді мүлдем ешкімге сатпау және жалға да бермеу. Екіншісі - тиісті шарттарды күшейте отырып, жерді жалға беру және қазақстандық азаматтарға сату, сондай-ақ өз азаматтарымыздың жалға алған жерін міндетті түрде сатып алу керектігі және жалға алған мерзімі өткеннен кейін мемлекетке қайтару мәселесі. Үшінші мәселе - жерді жалға да беру, сатып алуға да рұқсат беру.
Жер реформасының құқықтық мәселелері бойынша да сауалдар аз емес екені белгілі. Осы орайда Құқық бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан әріптестерімен әлі бір шешімге келе алмағанын жеткізді. Бұл ретте комиссия мүшелерінің шұғыл түрде өңірлерді аралап, халық пікірін білудің маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар өзге де сөйлеушілердің тұжырымдарына қысқаша тоқталатын болсақ, Ақпараттандыру бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов өз тобының екі отырысы өткенін хабарлады. Айтылып жатқан мәселелер қоғамда қалай қабылданып жатыр, комиссияның жұмысына халықтың көзқарасы қандай, кері байланыс мәселесі және жұртшылықтың өз пікірін комиссияға жеткізуі қай деңгейде деген сұрақтардың маңызды екенін айтты. Саясаттанушы Дос Көшім өзі жетекшілік ететін жұмыс тобы қызметінің нәтижелеріне тоқтала келіп, ережелердi жақсарту және қазақстандықтарға жер сату немесе сатпау мәселесiнің қарастырылғанын атап өтті. Д.Көшім де жер мәселесіне байланысты толыққанды және нақты ақпараттың қажеттігін алға тартты. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов еліміздегі ауылшаруашылық жерлеріне талдау жасалғанын, жердің құнарлылығын сақтау, мал шаруашылығы жерлеріндегі жайылымдық және шабындық жерлерді қамтамасыз ету, кейбір жекеге өтіп, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару секілді жұмыстардың атқарылып жатқанын айтып, бұл орайда нақты деректер мен цифрларды келтірді. Оразалы Сәбден өз кезегінде жерді шетелдіктерге жалға бермей, қазақстандықтарға сатпай, заңнамаларды, мемлекеттік тетіктерді тиімді пайдалану арқылы жер реформасын жүргізу қажеттігіне назар аударды.Мұхтар Шаханов өз кезегінде жер бөлу ісінде аралас некедегі адамдардан келетін қауіп бар екенін ескертіп өтті.
Отырыс соңында комиссия төрағасы, Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Бір қуанарлығы, бүгiн сөз алған азаматтардың барлығының айтқаны - елдiң бiрлiгi, тұтастығы, татулығы. Осыны ешқашан естен шығармайық. Бүгін біз жерді жалға беру турасында әңгіме қозғадық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту жайын талдадық. Бәріңіз түрлі пікірлер айттыңыздар. Мен де өңірлерге барып, халықпен кездесуді құптаймын. Енді біз өңірлерге алғашқы сапарымыздың күнін, баратын азаматтардың санын белгілейміз. Халықтың алдына шығып, олардың пікірін тыңдаймыз» деді. Комиссияның алдағы отырысы 4 маусымда Ақмола облысында өтеді.