Жер реформасы жөніндегі комиссия кезекті көшпелі жиыны өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада үш отырысын өткізгеннен кейін, халықтың пікірін тыңдау үшін өңірлерге шыққан Жер реформасы жөніндегі комиссия кезекті көшпелі жиынында Алматы облысының жұртшылығымен кездесті. Комиссия мүшелері бұл жолы Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» агрохолдингі базасына жиналды.
None
None

Жиынға Премьер-министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев, Премьер-министрдің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, сондай-ақ, аймақ тұрғындары, жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Бес сағатқа созылған қызу пікірталаста 73 адам сөз сөйледі.

Одан тыс, облыстағы барлық аудандар селекторлық байланысқа шығып, жерді сату және жалға беру мәселесіне қатысты өз пікірлерін білдірді. 
«Жетісу жерінің табиғаты - жанға жайлы, жері - құнарлы. Осындай шұрайлы жерлермен жұмыс істеп, шаруаны дөңгелетіп алып кету үшін реформа керек. Осы бағытта өздеріңізбен ашық пікірталас өткізіп, облыс шаруаларының ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдағымыз келеді», - деді көшпелі отырысты ашқан Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев.

Ол қазірде жер туралы сайт жұмыс істеп, оған ұсыныстар келіп түсіп жатқанын, комиссияның алғашқы отырысынан бастап-ақ арнайы колл-орталықтардың құрылғанын еске салып өтті. Ондағы мамандар жер мәселесіне қатысты ұсыныстар мен пікірлердің барлығын тыңдап, тіркеп отыр. Бүгiнге дейiн комиссия штабының жанынан құрылған байланыс орталығына жер учаскелерін жалға алу, сату, рәсімдеу, сонымен бірге Жер кодексіндегі нормаларға қатысты 9500-дей қоңырау келiп түскен.

Кездесуде пікір білдіргендердің дені жерді шетел­дік­терге жалға беруге қарсы. Бұған әрбір қатысушының айтар өз уәжі, дәлелдері бар. Мәселен, «Самал» шаруа қожалығының басшысы Еркінбек Ісләмов жер түгелдей мемлекеттің меншігінде қалып, тек қана жергілікті халыққа, онда да сатылып емес, ұзақ мерзімді жалға берілуі керек, деген пікірде. Ол жерді өз азаматтарымызға сатуды да тоқтата тұру керектігін, өйткені, қазіргі кезде кемшіліктер, заңбұзушылықтар орын алып, сол үшін жауапқа тартылып жатқан адамдар да бар екендігін айтты. 
Өңірдегі тағы бір шаруа қожалығының басшысы Қыдыржан Байбауылов бір уақытта бірнеше өңірде жер учаскелерін сатып алу мүмкіндігін шектеу керек деп есептейді. Оның айтуынша, жерді жұмыс істеуге қабілетті, нақты шаруа адамына ғана беру керек. «Шаруа бірнеше облыста бірнеше жерді сатып алған кезде мәселе туындайды. Мұны шектеу керек. Алдымен адам тиімді жұмыс істейтінін дәлелдеуі тиіс. Содан кейін ғана екінші, үшінші жерді сатып алуға мүмкіндік беру керек. Сондай-ақ, мал жайылымдарына қатысты мәселе де өткір тұр. Малы бар азаматтарға мүмкіндік жасап, жайылым жерлерді мемлекет толығымен бақылауға алуы қажет», - деді Қ.Байбауылов.

Облыстық мәслихаттың депутаты Қанатхан Нүсіпов те осындай пікірде. «Егер фермерлер бірігіп, бір-біріне көмектеспейтін болса, оларға жерді беруге болмайды. Біз жерді тұрақты жұмыс істейтін жақсы мамандарға тапсыруға тиіспіз. Бүгінде шетелдіктердің арқасында 700 гектарға жуық жер дұрыс пайдаланылып жатқанын көріп отырмыз. Біз шетелдіктерді жер сату үшін емес, олардың технологиясын, тәжірибесі мен білімін пайдалану үшін шақырып жатырмыз», - деді ол.

Ал ірі шаруа қожалығының иесі Советбек Еркінбай­ұлы жерді өз азаматтарымызға сатуға да, ұзақ мерзімге жалға беруге де рұқсат берген жөн дейді. Өйткені, жер текке қурай қаптап жатпай, елге пайдасын тигізуі керек. Ал күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе - жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесінен қорқатын ештеңе жоқ, деп есептейді шаруа. «Шет мемлекеттерден келетiн азаматтарға жер сатылмайды, тек жалға берiледi деп айтылды. Оларға жалға беруден бiз неге қорқамыз? Бiз тоқымдай жерде отырған жоқпыз ғой. Қазақстанның кең-байтақ жерiнiң көбiсi игерiлмей жатыр. Сол жерлердi пайдаға жаратуға көмектесіп, инвестиция әкелсе, ғылыми негiздегi жетiстiктерiмен өз үлесiн қосатын болса, онда бұл істі құптау қажет. Жерді жалға беруге болады, тек ол мемлекет қарауында болуы тиіс. Екiншiден, біздің елімізде жұмыс жасап жатқан шетелдіктер жергілікті тұрғындарға жұмыс беріп, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға септесіп, кейін жерге ие болып қалуына үлес қосса жақсы», - дейдi шаруа.
Комиссия мүшесі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ғылымды ілгері бастырмай, ауылшаруа­шылық кешенін дамыту мүмкін емес. Сондықтан, әлемнің озық елдерімен байланыс орнатып, үз­дік технологиямен жұмыс істеу керек. Ғылымы дамыған елдердің табысы да шаш етектен екенін айтқан ол, Алматы облысындағы жердің бестен біріне ғана татитын Голландия жылына 50 млрд. АҚШ долларына ауылшаруашылық өнімдерін экспорттайтынын мысалға келтірді. 
Комиссиядағы 4 жұмыс тобының біріне же­тек­шілік ететін Дос Көшім бесінші отырысқа дейінгі жинақталған ой-пікірлердің өзі алғашқы аралық қорытынды жасауға негіз болатынын атап өтті. Бүгінге дейін ешкім жерді ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы болған жоқ. Сондықтан, осыны аралық шешім ретінде Парламентке ұсынуға болады, деп есептейді Д.Көшім.

Сол сияқты, тағы бір жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан латифундистерге қарсы прогрессивті салық түрін енгізуді ұсынды. Бұл олардың тым көп жер алуларына жол бермейді, дейді ол. «Азаматтардан бiр жақсы ұсыныс түстi, ол - прогрессивтiк жер салығын енгiзу. Бұл латифундистерге қарсы нақты қадам. Әр облыста норма болуы керек, егер осы нормадан екi, үш есе көп жер бiр қолда болса, онда салық екi есе, үш есе көп болсын», - деп жеткiздi М.Тайжан.
Жиын соңына қарай сөз алған облыс әкімі А.Баталов облыстың бүгінгі әлеуетіне қысқаша тоқталып өтті. «Алматы облысы - еліміздегі агрокәсіпкерлік дамыған ірі өңір. Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімінің 16 пайыздан астамын біздің облыс өндіреді. Өткен жылы 22 мың жұмыс орны ашылды, ауыл шаруашылығы саласында 490 млрд. теңгенің өнімі өндірілді», - деді А.Баталов.

Комиссияның бұл отырысына Бақытжан Сағынтаев соңғы рет төрағалық етіп отыр. Бұдан кейінгі жиындар Премьер-министрдің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мыр­зах­метов­тің басшылығымен жүргізілмек.
Жиын соңында комиссияның отырысын әдет­тегідей апта сайын емес, 2 аптада бір өткізу ұсы­нылды. Бұл жинақталған материалдарды то­лық зерттеп, зерделеп алуға әрі комиссия мүше­лерінің уақыт мүмкіндігіне де қолайлы деген ұсыныс айтылды. Бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Дегенмен, комиссия жетекшілерінің үнсіздігіне қарағанда, бұл да мақұлданған ұсыныс болса керек. «Комиссия топтары жұмысын ширатыңқырау керек. Өйткенi, қазiр бастапқы қарқын сәл бәсеңдеп қалғанын көрiп отырмыз. Осы кезге дейiн айтылғандарды талдап, жүйелеп, нақты ұсыныстарды комиссия отырысына шығарып отырса, талқылауға да, әрi қарай жылжуға да жеңiл болар едi», - дедi А.Мырзахметов бұл ретте.
Вице-премьер қазір Ауыл шаруашылығы министрлiгi жер мәселесiне қатысты ұсыныстар дайындап жатқанын жеткізді. Жер реформасы жөнiндегi комиссия жұмысын қорытындылаған кезде осы ұсыныстар талқыланатын болады. «Ауыл шаруашылығы министрлiгi бүгiнгi таңдағы қолданыстағы заңнамалардың кейбiр кемшiлiктерiн, шикiлiктерiн көрiп отыр. Бұл тұрғыда қосымша атқарылатын жұмыстар баршылық. Комиссия жұмысын қорытындылаған кезде, министрлiк дайындаған ұсыныстар да талқыға салынатын болады», - деп атап көрсетті А.Мырзахметов. «Соның iшiндегi өзектi мәселелердiң бiрi - 10 сотық жер. Бүгiнде қолданыстағы заң ауыл шаруашылығы саласындағы жерлердi жеке тұрғын үй салу үшiн мемлекеттiк мүддеге сатып алуға рұқсат бермейдi. Мүмкiн бүгiнгi жағдайға байланысты заңдарға өзгерiстер енгiзiп, мемлекеттiк мүддеге сатып алу мүмкiндігiн қарастыру керек шығар. Сол сияқты бұған дейiн де бiр қолға берiлетiн жердiң көлемiн шектеу мәселесiн айтқанбыз. Бүгiнгi таңда шектеу әр ауданның көлемiнде, ал Қазақстан бойынша жоқ. Мiне, осы мәселелердi министрлiк тарапынан қарап, жұмыс атқарудамыз», - дедi вице-премьер.

Отырыс барысында Алматы облысындағы барлық аудандар осы отырысқа селекторлық байланысқа шығып, ондағы қоғамдық кеңес мүшелері жерді сату немесе жалға беруге қатысты өз пікірлерін білдірді. Жалпы алғанда, барлық аудандар жерді 49 жылға жалға беруді қалпында қалдыруды қолдады. Екі ауданның өкілі жерді жекеге де беруге болатынын жеткізсе, басқалары жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы екендерін айтты.
Сонымен, Жер реформасы жөнiндегi комис­сияның Алматы облысында өткен көшпелі отырысын қорытындылаған комиссия төрағасы, Пре­мьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев комиссия отырысының жөн-жоба­сы дұрысталып келе жатқанын мәлімдеді.

«Жер реформасы жөнiндегi комиссияның отырысы нағыз пікірсайыс алаңына айналды. Иә, мұн­дай шетін мәселелер көшеде емес, осындай ақылдасу аясында шешіледі. Жерді жалға беру мәселесіне қарсылық болып жатқан жоқ. Халықтың пікірі бір жерден шығып жатыр. Тағы бір маңызды мәселе - шекара маңындағы жерлер. Бұл сұрақ та бір жүйеге келе бастады. Мысалы, бізде заң бойынша жерді шекарадан үш шақырым қашықтықтан ғана жалға беруге болады. Бүгін оны 100-200 шақырымға жеткізу туралы ұсыныстар айтылды. Бұл жағын мамандар шешуі керек. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына ауылдың айналасынан белгілі бір радиуста жайы­лымдық жер беру жөніндегі мәселесінде де жұрт­шылықтың пікірі бірдей. Бұл жерде мемлекеттің өз нормалары бар. Ауыл айналасындағы жерлердің қазір жеке меншікте болуы әбден мүмкін. Сон­дықтан, сол жерлерді тұрғындардың мүддесі үшін, жайылымдық жерге айналдыру мақсатында мемлекет қажеттілігіне деп сатып алу керек шығар. Шығындарын төлеп, ол жерлерді жайылым ретінде тұрғындарға берсе, олар малдарын жайып, пайдасын көрер еді», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Соңғы жаңалықтар