Жер ресурстарын басқару агентігінде сыбайлас жемқорлық белең алып отыр - Мәжіліс депутаты Т. Ыбыраев

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Төлеген Ыбыраев мәлім етті.
Оның айтуынша, осы саладағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны екі есеге дейін өскен. Тек 2011 жылдың өзінде мемлекеттік органдарда жер және жерді пайдалану мәселелері бойынша орын алып отырған заңбұзушылық мен олқылықтар туралы 700 мыңға тарта арыз түскен.
«Арыздардың ішінде 100 мыңнан астамы жеке тұлғалардан, 500 мыңнан астамы заңды тұлғалардан келген. 300 мыңға жуық арыз сот немесе құқық қорғау органдары арқылы қанағаттандырылды. Яғни, өтініштердің жартысына жуығы көпе-көрнеу заң бұзушылыққа байланысты келіп отыр деген сөз», - дейді Т. Ыбыраев.
Оның атап өткеніндей, жер телімдерін беруде қызмет бабын теріс пайдалану, парақорлық, жер учаскелерінің мақсатты пайдалануын бұрмалау сынды қылмыстар кең таралған.
Осы мақсатта «Нұр Отан» ХДП Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық Кеңестің жер қатынастары саласындағы ахуалды зерделеу үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Төлеген Ыбыраевтың басшылығымен Сарапшылық комиссиясы құрылады.
Оның құрамына Бас прокуратура, Есеп көмитеті, Қаржы полициясы, Қаржылық бақылау комитеті өкілдері кірмек. Комиссия келеңсіз ахуалдың себептерін анықтап, оны оңалту бойынша тәжірибелік ұсынымдарды енгізеді.
«Нұр Отан» партиясының сарапшылары Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарына барып, тексеріс жүргізетін болады» - деп түйіндеді сөзін депутат.