Жер шары жылдам айнала бастады: 2035 жылға қарай бір тәуліктен бір секунд қысқаруы мүмкін
АСТАНА.KAZINFORM — 10 шілде биылғы жылдың ең қысқа күні болды — ол стандартты 24 сағаттан 1,36 миллисекундқа қысқа болды, деп жазды DW басылымы.

Жер шары барған сайын жылдам айнала бастады. CNN Science-тің Халықаралық Жер айналу қызметі мен АҚШ Әскери-теңіз обсерваториясына сілтеме жасап жазуынша, 10 шілде ең қысқа тәулік болды: ол әдеттегі 24 сағаттан 1,36 миллисекундқа аз (бір секундта — 1000 миллисекунд). Күнделікті өмірде бұл айырмашылық байқалмайды, алайда мұндай өзгерістер компьютерлердің, спутниктер мен телекоммуникациялық жүйелердің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін.
1955 жылдан бастап уақытты дәл өлшеу үшін атомдық сағаттар қолданылады. Олар атом тербелістерін тіркеу арқылы уақытты есептейді.
Бір қызығы, бұрын Жер баяу айналатын. Сондықтан 1972 жылдан бері ғалымдар Әлемдік келісілген уақытқа (UTC) 27 рет қосымша 1 секунд қосқан — бұл, шамамен, кібісе жылдағы бір күн сияқты. Алайда кейінгі жылдары Жердің айналу жылдамдығы артып, 2016 жылдан бері бірде-бір секунд қосылған жоқ. Енді ғалымдар, керісінше, бір секундты алып тастау қажеттілігі туындауы мүмкін екенін айтып отыр. Бұл — бұрын-соңды болмаған жағдай. Мұндай өзгеріс жаһандық техника жүйелеріне «2000 жылғы мәселе» сияқты әсер етуі мүмкін. Ол кезде «99»-дан «00»-ге өткенде компьютерлердің істен шығуы күдік тудырған еді.
Сонымен қатар, жаһандық жылыну — жалпы алғанда Жерге зиянды құбылыс — Жердің айналу үдеуін тежеп отыр: егер мұздар ерімегенде, бір секундты алып тастауға қазірдің өзінде тура келетін еді.
Қысқа мерзімді перспективада Жердің айналу жылдамдығы Айдың орны мен теңіз тасу құбылыстарына, сондай-ақ маусымдық факторларға байланысты — мысалы, жазда Жер әдетте жылдамырақ айналады. Ал ұзақ мерзімді болжамдар жасау — ғалымдар үшін күрделі: олар бір жылдан артыққа нақты болжам жасай алмай отыр.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті.