Жер сілкінісінің зардабын азайту ең алдымен қауіп-қатердің алдын алуға деген халықтың ынта-ықыласына байланысты

АЛМАТЫ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жер сілкінісі зардаптарын азайту ең алдымен қауіп-қатердің алдын алуға деген халықтың ынта-ықыласына байланысты.
None
None
Жапонияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары Фумио Канеко бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Олар 2007 жылдан бері қала әкімдігімен бірлесіп «Алматы қаласындағы жер сілкінісі қауіп-қатерін басқаруды зерттеу» деп аталатын жобаны жүзеге асыруда. Ф. Канеконың айтуынша, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі мұндай жобаларды бұған дейін Латын Америкасы мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде жүргізген. Енді оны Орталық Азия аймағында жалғастырып жатыр. «Бізде қазір жер сілкінісіне дайындықты зерттеуде және халықты оған дайындауда үлкен тәжірибе жинақталды. Енді оны өзге елдермен бөлісіп жатырмыз. Алматы қаласында жүзеге асырып жатқан бұл жобаның қорытындысында қалалық әкімдік пен жергілікті қоғамдастықтар үшін екі жоба жасалады. Біз оны жер сілкінісі бола қалған жағдайдағы шығындарды болжаудан бастадық», - дейді Фумио Канеко. Жалпы Алматы қаласы өткен ғасырда 3 рет ірі жер сілкінісін басынан кешірген. Соның бірі 1887 жылы орын алып, онда 236 адам көз жұмды. Егер ол кезде қала тұрғындарының саны 20 мың болғанын ескерсек, жүз адамның бірі көз жұмғанын аңғаруға болады. «Бұл қазір қайталанса не болмақ. Бүгінгі таңда қала тұрғындарының саны 1,5 миллион адамды құрайды. Көп қабатты тұрғын үйлердің саны 9 мыңнан асады. 8-9 балдық жер сілкінісі кезінде олардың 30 пайызы қирауы мүмкін. Мұндай жағдайда су, жылу, газ және тағы басқаларды жеткізу тоқтап, инфрақұрылымды қалпына келтіру қалыпта жағдайда бір айдан астам уақытқа созылады. Егер бұл жағдай қыста орын алса не болмақ. Сондықтан құрбан болатындардың санын азайту үшін тұрғын үйлердің сейсмикалық тұрақтылығын артыру қажет. Әрине, бұл көп қаржыны қажет ететін жұмыс. Жапонияда жалпы жер сілкінісі өте жиі. Біз барлық уақытта да жер сілкінісіне жақсы дайындалсақ та ол күтпеген уақытта болады. Мәселен, 1995 жылы Жапонияда жер көлемі Алматымен ұқсас Кобе қаласында болған жер сілкінісі кезінде 7 мың адам опат болды. Ал 200 мың адам бір жыл бойы уақытша тұрғызылған баспаналарда тұрды. Сондықтан Алматыдағы жер сілкінісі қауіп-қатерін басқаруда Кобе қаласының тәжірибесін назарға алмақпыз», - дейді Ф. Канеко.
Соңғы жаңалықтар