Жер сілкінісіне арналған ғылыми-техникалық жобаны қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Солтүстік Тянь-Шань және Жонғариядағы кешенді сейсмологиялық бақылау мәліметтері бойынша жер сілкінісі ғылыми-әдістемелік негіздерін әзірлеу» атты ғылыми-техникалық жоба дайын. Бұл туралы Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Елизавета Есенжігітова айтты.
Осы жылдың наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми орталыққа жер сілкіністерін болжаудың ғылыми әдістерін қолдану және енгізу жөнінде маңызды міндет жүктеген болатын.
«Ғылыми орталықтың мамандары Президентіміздің тапсырмасына орай 2025-2027 жылдарға арналған «Солтүстік Тянь-Шань және Жонғариядағы кешенді сейсмологиялық бақылау мәліметтері бойынша жер сілкінісі ғылыми-әдістемелік негіздерін әзірлеу» атты ғылыми-техникалық жобаны жасады. Оны қаржыландыру үшін Ғылыми комитетке жолданылды. Алайда, жобаны қаржыландыру мәселесі оңтайлы шешімін таппады. Алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табады деп үміттенеміз», — дейді сейсмолог.
Дегенмен, Алматы қалалық әкімі және Алматы қаласы мәслихаты тарапынан қолдаулар көрсетіліп жатыр.
«Президентіміздің тапсырысын орындауда ұлттық ғылыми орталыққа, атап айтқанда, Алматы өңірін заманауи сейсмикалық қондырғылар және құралдармен қамтамасыз етуде, сондай-ақ аталған мерзім аясында Алматы сейсмикалық қауіпті аймағы мен Алматы агломерация аумағында заманауи ғылыми ізденістер жүргізуге арналып жасалған жобаға қаржылай қолдау көрсетуде. Бұл ғылыми ізденістердің дені Алматы өңірінде күшті жер сілкіністерін болжау үшін сейсмикалық мәліметтердің заманауи тәсілдерімен өңдеу және талдау әдістемелерін енгізу», — деп атап өтті спикер.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі 3 жылдық сейсмологиялық зерттеулерге 1,5 млрд теңге бөлу жоспарланғаны туралы айтқан еді.
Сондай-ақ, 2024-2025 жылдары Қазақстан аумағында 5 сейсмикалық станса орнатылатынын жеткізген.
Бұдан бөлек, жер астындағы сейсмикалық датчиктер, жануарлар жер сілкінісін сезетіні туралы жазған болатынбыз.