Жер заңнамасын бұзу деректері: СҚО-да 87 учаске анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жылдың басынан бері облыс прокуратурасы нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жалпы ауданы 73 мың гектардан асатын 87 жер учаскесін анықтады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы мәлім етті.

Жер заңнамасын бұзу деректері: СҚО-да 87 учаске анықталды
Фото: Галина Скрипник/Kazinform

Ақжар, Жамбыл, Уәлиханов және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда жер пайдаланушылар Қазақстан РеспубликасыЖер кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) талаптарын бұза отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 86 учаскенің тиісті деңгейде пайдаланылуын қамтамасыз етпеген.

— Петропавл қаласында Кодекс талаптарын бұзу арқылы кәсіпкерлік субъектісі ұзақ уақыт бойы коммерциялық қызметке арналған ауданы 12,5 га жер учаскесін пайдаланбаған. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кадастрлық құны 362,9 млн теңге болатын, жалпы ауданы 4 447 гектар 7 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, — делінген хабарламада.

Қалған жер учаскелері бойынша жұмыстар жалғасады.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қайтарылған жерлерді адал жер пайдаланушыларға беру бойынша жұмыс жүргізуде.

Қадағалау органы жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

Бұған дейін Ақтөбеде 1,9 гектар пайдаланылмаған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған болатын.

Соңғы жаңалықтар