Жергілікті әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігі қамтамасыз етіледі - Ұлт жоспары

Құжат тұрғындардың жергілікті маңызды мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беруге, сондай-ақ жергілікті жердегі маңызды мәселелерді шешу үшін әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігін кезең-кезеңімен және рет-ретімен бекітуге бағытталған. Бұл ретте заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесі мен оның жұмыс істеу тәртібі енгізіледі. Аталған кеңес бір немесе бірнеше сайлау округінің шекараларында құрылатын қала әкімінің халықпен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңыздағы қала және астананың әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші орган болмақ.
Тұрғындардың жергілікті маңыздағы мәселелерді шешудегі рөлін арттыру және оларды сапалы шешуі үшін жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарында талқыланатын мәселелердің тізбесі кеңейтіледі.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беру мақсатында жер учаскесі аудандық маңыздағы қалада, ауылда, кентте тіркелген заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, көлік құралдары салығы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына трансферттер түрінде түсетін тізбе бекітіледі. Сондай-ақ, заң жобасымен жергілікті өзін-өзі басқарудың қаражаты есебінен алынған мүлік аудандық маңыздағы қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі аппаратының балансына бекітіліп берілетіндігі қарастырылған.