Жергілікті атқарушы билік өңірдегі қылмыстық ахуалды өзгертуге көп мән берулері керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті атқарушы билік өңірдегі қылмыстық ахуалды өзгертуге көп мән берулері керек. Бүгін Мәжілістегі жергілікті полиция қызметі тақырыбына арналған Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған депутат Нұрлан Әбдіров осылай мәлім етті.

 Жергілікті атқарушы билік өңірдегі қылмыстық ахуалды өзгертуге көп мән берулері керек

«Құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесінде жергілікті әкімдіктер мен жергілікті полиция қызметі арасындағы қадамдарды, әдістерді түбегейлі өзгерту талап етіледі. Статистикаға қарайық, Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, 2016 жылдың бірінші тоқсанында қылмыстың қайталануы жоғары деңгейді көрсетті, осындай 5 мың қылмыс тіркелген. Бұдан бөлек, қылмыстық құқық бұзушылыққа келсек: жасөспірімер қылмысы - 12,4 пайызға, ішімдік ішу салдарынан орын алған қылмыс - 15,4 пайызға, қоғамдық орындардағы қылмыс - 21,6 пайызға, отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыс - 55,9 пайызға артқан», деді Н. Әбдіров.

Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктер бас бостандығынан айыру мекемесінен босағандарға көмек беру шараларымен көбірек айналысуы керек.

«Барлық дамыған елдерде жергілікті билік осыған барынша мән береді. Сондықтан да, өңір әкімдіктері бас бостандығынан айырылғандардың білім алуын, денсаулығын, еңбекпен қамтылуын өздері қадағалауы керек. Әкімдердің осындай қолдауынсыз, бұл салада бірдеңе өзгерту қиын. ЕЫДҰ елдерінің тәжірибесіне сәйкес, жергілікті билік қалыптасқан жағдайды өзгертуге зор үлес қоса алады», деді Н. Әбдіров.