Жергілікті аймақтар үкіметтік емес ұйым қызметін жүзеге асыратын мамандарға зәру болып отыр

Сонда мемлекет құзырында тек үкіметтік емес ұйымдардың жүзеге асырып отырған жобаларын қаржыландыру мен оларды бағалау және бақылау міндеті ғана қалмақ. Бұл мәселені бүгін Астанада өтіп жатқан IV Азаматтық форум барысында Мемлекеттік хатшы- Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сондай-ақ Қ.Саудабаев еліміздегі үшінші секторды институт ретінде дамыту шараларын жолға қою қажеттігін атап көрсетті.
Оның сөзіне қарағанда, әлем елдерінде үкіметтік емес сектор ең ірі жұмыс беруші болып табылады. Онда тұрақты түрде миллиондаған адамдар жұмыс істейді. Ал волонтерлар саны одан да көп. «Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің кәсіби деңгейін арттырып, осы салаға әлеуметтік маркетинг пен сертификаттау қызметін енгізу қажеттігін ескере отырып, жоғары оқу орындарында коммерциялық емес менеджмент тәртібіне қатысты арнайы бағдарлама енгізуді зерделеу керек деп ойлаймын. Ал үкіметттік емес ұйымдардың саны артып, олардың қызметінің сапасы өссін десек, ресурстық орталықтардың қызметін жандандырған абзал. Өйткені елде үкіметтік емес сектор қалыптасқанға дейін бұл міндетті халықаралық ұйымдар жүзеге асырып келді. Жалпы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының екінші кезеңін жүзеге асыруда ресурстық орталықтардың күші жергілікті жерлерге үкіметттік емес секторда қажетті кадрларды дайындауға жұмсалуы қажет», деді Мемлекеттік хатшы.
«Бұл орайда Мәдениет және ақпарат министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, ресурстық орталықтарды аудандық деңгейде құруды қолға алулары керек».