Жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін полиция қызметін құру қажет - Мемлекет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру керек. Бүгін Ақордада қайта тағайындалған Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесіндегі былықтарды сынға алды.

Жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін полиция қызметін құру қажет  - Мемлекет басшысы

Еске салайық, жиын барысында Елбасының сайлау алдында жариялаған бес халықтық реформасын жүзеге асыру мәселелері талқылануда.

Мемлекет басшысының айтуынша, жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпке, тұрмыстық қылмыстарға қарсы күреске жауап береді, жол полициясының қызметін де атқарады. «Біз бұл туралы көп айтып жүрміз, бірақ оған әлі барған емеспіз. Бәрін орталықта ұстап отырмыз. Ешкім жергілікті жерлерге қызметтерді бергісі келмейді. Дәл осы жергілікті полиция қызметі жергілікті қоғамдастықпен тығыз жұмыс істеп, ұсақ қылмыстарға «нөлдік төзімсіздікті» қалыптастыруы керек», -деді Н. Назарбаев.

Осы ретте Елбасы мысал ретінде Астананың орталығындағы Жансая тұрғын үй кешенінде бір апта ішінде бір ғана кіреберісте сегіз пәтер тоналғанын тілге тиек етті. «Ал ұрыны ешкім таппайды. Бұл не деген полиция? Осындай жағдайда ұрлықтың полициямен бірге жасалғаны туралы күдік те келеді», - деді Н. Назарбаев.

«Мұндай жағдайда азаматтарымыз өзін қауіпсіз сезіне ала ма? Ал әкімдік бұған жауаптан қашады, оған министрлік жауап беруі керек. Сондықтан да, Үкіметтің жанынан, облыс әкімдіктерінің жанынан полиция қызметкерлеріне азаматтардың шағымын қарайтын қоғамдық кеңестер құрылуы керек», - деді Елбасы.