Жергілікті органдар шаруашылық саласындағы міндеттерді талапқа сай атқара алмай отыр ? Ауыл шаруашылығы министрлігі

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жергілікті атқарушы органдар Ауыл шаруашылығы министрлігінің аймақтық инспекцияларының ескертулеріне назар аударар емес.
None
None
Осының салдарынан елімізде әлеуметтік тұрғыда үлкен қауіп тудыратын аурулардың тарау қаупі бар. Бұл мәселені бүгін ақпарат құралдарының өкілдерімен арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік Сүлейменов көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, комитет өкілдері бүгінде өздерінің аймақтық өкілдіктерін халықаралық талаптар негізінде жұмыс істетуге күш салып отыр. «Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция қадағалаушы емес, реттеуші орган болуы тиіс. Осыған орай біз өзіміздің саламыздағы жұмыстарды мейлінше жандандыруға ұмтылып отырмыз. Ал бүгінгі ветеринария, асыл тұқымды мал өсіру, өсімдіктерді қорғау мен өсіру, жерді пайдалану саласындағы мемлекеттік инспекция жұмыстарына жүргізілген сараптау жұмыстары онда көптеген кемшіліктердің бар екендігін анықтады. Осы кемшіліктерді жою үшін және болашақта олардың алдын алу мақсатында атқарылуы тиіс шаралар жөнінде біз жергілікті органдарға бірнеше мәрте хат жолдадық. Алайда олардың тарапынан ешқандай да шаралар қолданылған жоқ. Тіпті біз айтқан ескертпелерді елемейтін аймақтар да бар», деді комитет төрағасы. Оның мәліметтеріне қарағанда, 2008 жылы комитеттің өкілдіктері еліміздегі облыстық, қалалық және аудандық әкімшіліктерге ауру малды жоятын және оны көметін орындар салу, қаңғыбас хайуандарды аулау бойынша тиісті шаралар қолдану жөнінде 1 мың 274 хат жолдаса, олардың тек 355-іне ғана тиісті жауап алынған. Мысалы, Жамбыл облысы осы мәселе бойынша жіберілген 17 хаттың бірде-біреуіне жауап қатқан жоқ. Ал Павлодар облысы 53 хаттың 2-іне ғана жауап берді, дейді С.Сүлейменов. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың ауру малды жою мен олардың жүріп-тұруын бақылап отырмау салдарынан қоғамға қауіпті бруцеллез ауруының тарау қауіп туындап отыр. «Нақты мәліметтер келтіретін болсақ, малды жою орындарының жоқтығынан Шығыс Қазақстан облысында 686 мал, Қызылорда облысында 46 бас мал жойылмай отыр. Ал уақытында жойылмаған малдың ауруы адамдарға жұғып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Ол аз болса, соңғы уақытта үй жануарларының құтыру жағдайы көбейді. Сондықтан, аймақтарда жеделдетіп алдын алу шараларын жүзеге асырмаса, іс насырға шабуы мүмкін», деді комитет төрағасы.
Соңғы жаңалықтар