Жергілікті өзін-өзі басқарудың тынысы ашылатынына сенім мол - М.Құлшар, БҚО мәслихатының хатшысы

ОРАЛ. 17 ақпан. ҚазАқпарат - Мемлекетімізде жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық негізі еліміздің Ата Заңы - Конституцияда белгіленген. Күні бүгін жергілікті органдар «Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға 2009 жылғы ақпан айында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сүйене отырып қызмет атқарып келеді.
None
None

2012 жылғы 28 қарашада ҚР Президентінің №438 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Осыған орай БҚО мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар өз ой-толғамын былайша білдірді.

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Жергілікті өзі-өзі басқаруды дамытудың, жергілікті дамудың барлық мәселелерін шешуге азаматтардың қатысуын кеңейтудің маңызы зор» деп атап өткен болатын, деді Мәлік Иманқұлұлы. Бұл мәселе «Қазақстан-2050» Сттатегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылғы желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауында да одан әрі жалғасын тапты. Президент тапсырмасына сәйкес мемлекетімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, ол құжатта жергілікті халықтың өміріне тікелей әсер ететін көптеген мәселелер көтерілді. Өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру мен жүзеге асыруда қазіргі таңда бірқатар проблемалар орын алып отырғаны жасырын емес. Әрине, бұларды шешу ұзақ мерзімді қажет ететіні белгілі. Тіпті, әлемнің дамыған елдерінің өзінде мұндай үрдіс бірнеше онжылдықтарға созылып, жергілікті өзін-өзі басқару үлгісін жетілдіре түсуге ұмтылып келеді.

2007 жылы Конституцияға жергілікті өзін-өзі басқаруды халық тікелей, сондай-ақ мәслихаттар мен басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асыратындығы айқындалған толықтырулар енгізілді. Заңнамада әкім мемлекеттік басқару функцияларымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын да жүзеге асыратыны, жергілікті деңгейдегі мәселені талқылау үшін жергілікті бірлестіктердің тікелей ерікті жиналыстарын (жиындарын) өткізуге болатыны белгіленді.

Осыған сәйкес ауылдық, кенттік округ әкімдеріне бірқатар міндеттер жүктелді, бірақ қаржылық жағы бұрынғыша, қалдық қағидаты бойынша қамтамасыз ету болып қалды. Яғни, бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде жергілікті әкімдерді қабілетсіз етіп, тұрғындар тарапынан объективті наразылық тудырып келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан бұл мәселені шешуге өткен жылдан бастап «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешу үшін өңірлерді қолдау тетігі қолға алына бастады. Бұл жердегі ең бастысы, жергілікті маңызы бар іс-шараларды іріктеу мен алынған қаражатты бөлу кезінде сол жердің тұрғындары қатыстырылуы қажет.

БҚО облыстық мәслихатының 2010 жылғы 30 шілдедегі №23-6 шешімімен жергілікті қоғамдастық жиналыстарын (жиындарын) жүргізу және шешімдерін қабылдау қағидасын бекітілген болатын. Алайда заңнамада жергілікті қоғамдастық жиналыстардың (жиындардың) қалыптастырылуы, өткізілу тәртібі мен өкілеттігі ресми жүйеленбеген. Сондықтан да жергілікті маңызы бар мәселелерді қоғамдастық жиналыстарында (жиындарында) талқылауға азаматтардың қатысуы жөніндегі нормалар бүгінгі күні іс жүзінде орындалмай отыр.

Сонымен қатар көптеген ауылдардың, тіпті қала тұрғындарының да жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асырудағы өз құқықтары мен мүмкіндіктерін түсінуге қатысты құқықтық сауаттылық деңгейінің жеткіліксіздігін ескере отырып, халық арасында қоғам мен мемлекеттегі өзін-өзі басқарудың рөлі мен орны мәселесін түсіндіруге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру - күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бұл жерде тағы бір ескеретін жәйт, тұжырымдамада көрсетілгеніндей, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өкілеттіктердің кезең-кезеңмен берілетіндігі. Себебі, әрине, баршаға белгілі. Әйтпесе, өзін-өзі басқару органдары алдарына қойылған міндеттерді орындай алмайды да, ортақ мақсатқа да қатер төнбек. Атқарушы биліктің де, халықтың да жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сенімі олардың жұмыс процесінде ғана пайда болады.

Тұжырымдама оны іске асыру мақсаттары, міндеттері, іске асыру кезеңі және күтілетін нәтижелері нақты айқындалған. 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес еліміздегі жалпы саяси жүйені жаңғырту процестері ұдайы жалғасады. 2020 жылға қарай Қазақстанда өкілдік биліктің маңызы арта түседі, үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жергілікті өзін-өзі басқару және азаматтық қоғамның тиімді институттары құрылады деп күтілуде.

Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін екі кезең белгіленіп отыр. Олар: бірінші кезең (2013-2014) - басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуметін кеңейту; екінші кезең (2015-2020) - жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту. Осындай іс-шаралар ойдағыдай жүзеге асырылғанда ғана нақты билік берілген жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті маңызы бар әртүрлі мәселелерді, оның ішінде халық мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге қабілетті болады.

Тұжырымдамада осы мәселеге қатысты әлемдік оң тәжірибеге шолу жасалған. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселесінде аралас модельді қолданып отырған мемлекеттердің ішінде Польша тәжірибесі еліміз үшін көрнекі болатындығы тұжырымдама айқын көрсетілген. Әрине, бұл толығымен солардың тәжірибесін көшіріп алу қажет деген пікір емес. Біз өз жолымызды тауып, сонымен жүруге тиіспіз. Алайда, ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірдің өзі қандай екендігін көрсетіп отырған озық елдердің тәжірибесін көзге ілмеу де әбестік болар еді деп ойлаймын.

Жергілікті өзін-өзі басқаруға толықтай көшу шын мәніндегі ұзақ мерзімді және бірнеше кезеңді процесс. Мысалға, жаңа ғана айтылған Польша тәжірибесін алып қарайық. Мұнда әуелгі құрылған төменгі (гмина немесе біздерше ауылдық) деңгейдегі жергілікті өзін-өзі басқарудан ортаңғы (повьят немесе аудандық, қалалық) деңгейге жету үшін жеті жыл және жоғарғы (облыстық) деңгейге дейін тағы да үш жыл қажет болыпты. Яғни заңдар қабылданған соң жергілікті өзін-өзі басқаруды толықтай енгізу үшін он жыл уақыт кетпек екен. Соған қарағанда, әлеуметтік-экономикалық және басқа да өңірлік ерекшелік факторларының (үлкен аумақ, халықтың қоныстану тығыздығы мен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеттерінің әртүрлілігі, т.с.с.) даму деңгейі әртүрлі болып келетін біздің мемлекет жағдайында осындай бағыттағы реформаларды бүкіл елімізде бір мезетте іске асыру үшін де ондаған жылдар қажет болуы мүмкін. Ол үшін заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер пакеті дайындалып, қолданыстағы заңнамалық актілерге тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілетін болады.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесі облыс көлемінде Орал қалалық мәслихатының бастамасымен 2012 жылғы 29 қазанда барлық аудандық мәслихат хатшыларының қатысуымен семинар-кеңесте талқыға салынды.

Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін орталық министрлікпен жоспар жасалып, Үкімет қарауына енгізілген. Заңдарға өзгерістер енгізу жобасы талқылануда. Мыналарды көздейтін нормаларды заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылуда.

І. Ауылдар мен кенттерде жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары мен жиындары арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлін арттыру.

-Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктері мен олардың жауапкершілігін айқындау;

-Жиналыстар мен жиындарды қалыптастыру, өткізу және өкілеттігі, олардың шешімдерін ресімдеудің тәртібін белгілеу;

-Жергілікті маңызы бар іс-шараларды қаржыландыру мәселелерін жиналыстарда немесе жиындарда талқылау міндеттілігі.

-Жиындар жалпыға ортақ талқылауды талап ететін ең маңызды мәселелер бойынша өткізілетін болады.

-Жиналыстар ағымдағы мәселелерді талқылау үшін өткізілетін болады.

-Ауыл, кент әкімдерінің жергілікті маңызы бар мәселелер жөніндегі шешімдерін жиналыстарда келіседі және мақұлдайды.

-Ауданның қолданыстағы даму бағдарламаларына ауылдық округтің жиналыстары мен жиындарында қабылданған, халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктері көрініс табатын кіші бөлім қосу.

ІІ. Қала көлемінде қалалық мәслихатқа қала әкімінің халықпен өзара іс-қимыл жасауы үшін қоғамдық құрылымдар құру құқығы бекітілетін болады, олардың қызметін қаржыландыруды жергілікті бюджеттің есебінен мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асыру ұсынылып отыр.

ІІІ. Басқарудың төменгі деңгейлерінің қаржылық дербестігін кеңейту.

-Ауыл, кент әкімдеріне жеке кіріс көздерін қалыптастыру құқығы беріледі.

-Қазынашылық органдарда жергілікті өзін-өзі басқарудың қызмет-міндетін іске асыруға бағытталған кірістер мен шығыстар көрсетілетін арнайы шоттар ашу құқығы берілуі қарастырылуда.

-Аудандық коммуналдық меншіктің бір бөлігі қосымша кірістер алу мақсатында ауылдық округ әкімдігіне берілетін болады.

«Орталық органдар өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін заң жобаларын сәуір айында Парламентке енгізуді жоспарлап отыр. Биылғы ауылдық округ әкімдерін сайлау аяқталған соң, 2014 жылдан бастап ауыл әкімдерінің қызмет ауқымы кеңейіп, штаттары нығайып, өз бюджеттері болатынына сеніміміз мол», деп түйіндеді ойын М.Құлшар.

Соңғы жаңалықтар